Өзінің 4 жасар баласы Данил Ахуновты өлтірді деп айыпталып жатқан Артур Ахунов сотта соңғы сөзін айтты. Ол сот сараптамаларымен келіспейтінін, өзін кінәлі санамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Teznews.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Артур Ахунов соңғы сөзін айтты. Ол өзін кінәлі деп санамайды. Тіпті, балаларды жақсы көргенін алға тартып, көзіне жас алды.

Менің өмірімде үш бала пайда болғанда өте қуанышты болдым. Әр адам баласы үшін қолдан келгенін жасайды деп ойлаймын. Мен де дәл солай жасадым. Бірақ отбасындағы өміріміз жақсы болмады. Себебі, әйелім ескірткі пайдалана бастады. Ол бірнеше рет ескірткіден бас тартатынын айтты. Бірақ оны үнемі есі кіресілі-шығасылы күйінде таптым. Сөйтіп балалар назардан тыс қалды. Мен ұнатып, жақсы көрген адам өте қатты өзгерді. Соңында оның өзіне және балаларға деген бейқамдығы менің төзімімді тауысты. «Егер ескірткіге ақша бермесең, балаларды көре алмайсың» деп қоқаң-лоққы да жасады. Балаларды алып, күйеуіне кететінін айтты. Біздің арамыздағы қатынас – азаматтық неке болды. Ол кезде заңды некеде тұрған күйеуімен ажыраспаған еді. Ал мен күні бойы жұмыс істеп, отбасыма барынша қамқор болдым. Екеуміз екі жаққан кеткен соң Юлия ата-ана құқығынан айырылды. Маған инспектор хабарласып, балаларды «Үміт» сәбилер үйіне беріп жатқанын айтты. Кейін «Үміт» сәбилер үйінен хабарласып, балалар тағдырына алаңдасам кездесуге келуімді сұрады. Бардым, әлеуметтік педагогпен әңгімелестім. Ол маған «Балалар керек пе?» деп сұрады. Мен «иә» деп жауап бердім.  Асырап алуға, соның ішінде ДНҚ сынамасына қажетті құжаттың тізімін қолыма ұстатты. Қажетті құжаттарды жинауға бір жыл уақыт кетті. Осы уақыт аралығында мен балаларға барып, үнемі азық-түлік пен ойыншық, қажеттіліктерін апарып тұрдым. Оларды қуанттым, жалғыз қалдырмадым. Ресми әкесі деп таныған соң балаларды алып кеттім, – деді соңғы сөзінде сотталушы.

Ол аз уақыт анасымен бірге тұрған. Балалары төбелескен соң анасымен сөзге келіп, пәтер жалдайды.

Пәтерде жазатайым оқиға болып, Данил көз жұмды. Бұл туралы мен сот отырысында айттым. Сол күнгі оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Мен жынданып кетемін бе деп те ойладым. Баламнан айырылғандағы жан күйзелісі әлі де бар, сенгім келмейді. Бәлкім сондықтан да шығар, мен полицияға хабарласып, жоғалып кеткені туралы хабарладым. Өмірдің мәні кетті. Тергеу басталды. Ол кезде өрескел заңбұзушылық жіберілді. Сот-медициналық сараптама дұрыс жасалмады. Полиграфиялық сараптамамен де келіспеймін. Психологиялық сараптама қорытындысы да тергеуге қолайлы шығарылды. Алдады, маған және анама моральдық тұрғыда қысым көрсетті. Анамның видеосын көрсетіп, «өзің мойындамасаң, анаңды отырғызамыз» деп айтты. Сөйтіп мені мәжбүрледі. Бұған дейін заңсыздықтарды айтып, прокуратураға арыз жаздым. Бірақ ештеңе болмады. Сот, осы заңсыздықтарға назар аударуыңызды сұраймын. Балам Данилдың өліміне кінәлі деп танымауыңызды сұраймын. Мен бар баламды жақсы көремін. Маған мүмкіндік беріп, жағдайды өзгертуге болады деп ойлаймын. Екі балам бар. Анам инсульт алған. Бар өмірімді анама, балаларға арнағым келеді. Менің сөзімді естисіз деп ойлаймын, – деді Артур Ахунов.

Еске салсақ, былтыр 4 жасар Данил Ахуновтың жолғалып кеткені туралы полицияға хабар түсіп, іздеу жұмыстарына еріктілер де араласты. Кейін полиция баланың әкесін қамап, денесін қайда көмгенін айнықтады. Бұған дейінгі сот отырысында сотталушы Артур Ахунов бәрі де жазатайым оқиға екенін, балалары төбелескенде Данилдың құлап, басын жаралағанын алға тартты. Прокурор жарыссөзде өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!