«Үйлену–оңай, үй болу – қиын» деп бабаларымыз айтқандай, отау құру арқылы екі адамның өмірге бірге қадам басып, жауапкершілік алуы оңай шаруа емес. Үйлену отбасылық өмірге бейжай қарамауды, әрбір ер-азаматтың және жолдасының өзіне артылатын жауапкершілік жүгіне жеңіл қарамай, өзін саналы түрде дайындауды қажет етеді. Кей әдеттерден бас тартып, ал кейбіреуіне мойынсынуға тура келеді. Нағыз отбасылық өмірге дайын болғанда сезімі мен сенімін ұштастыра білгенде қадамы нық, ақыл-парасаты жетілген жұп қана осы жауапкершіліктің қуанышын сезіне алады. Міне, осы сәттен бастап ақыл-ойы, тыныс-тіршілігі, тіпті, қуанышы мен қайғыны бірге еңсере алатын жұптың бақыты баянды, шаңырағы шаттыққа толы, болашақтары айқын болатыны хақ. Өкінішке қарай кей адамдар жеңіл ой, жеңіл сезімнің соңында екіге айырылысып жатады.
Айықпас дертімізге айналған ауыр індетіміз осы – ажырасу. Ол екі жақтың менмендігі, жауапсыз қалған сезімдердің шырмауы, арадағы жазықсыз балалардың көз жасы ғана.Осының салдарынан қаншама жас жол таппай жүр. Иә, бұл бейжай қарайтын салмақсыз дүние емес. Қазіргі заман ағымына ілесіп жұбайымен санасу, кімнің көп табыс табатынын, материалдық жүктемені салыстыру сияқты қисық, қисынсыз таразылау салдарынан болып отырған оқиғалар ажырасуға әкеп соқтырады. Бұл ретте әрбір әйелдің бойында ер-азаматына деген құрметі биік болу керек. Әйел заты «Ханша болғың келсе, жұбайыңды хандай күт» деген ұстаныммен өмір сүрсе, ал ер-азаматтарымыз «қабырғамыздан жаралған асыл жарымыз» деген ұғымды санасына қалыптастырса, әйелдің өзіне берілген аманат екеніне шүбәсіз қараса, бұл жайдан аулақ болар едік.
Дінімізде отбасы, аманат мәселесіне маңыз берілген. Ата-бабамыздың «тура жолдан тайдырмас» даналығына құлақ ассақ, қандай бақыт, басымызға қонған бақ дер едім. Қазағымыз «алтын басты әйелден, бақа басты ер артық» дейді. Естіген жан еріксіз ойға келеді. Расымен де ердің аты ер, азамат емес пе? Болашақ жасөспірімдерден ер мінезді ұл мен қылықты қыз тәрбиелеуші де – сол ер азамат. Отбасымыз бүтін, керегеміз кең болсын десек, кішіпейілділікті ауызбен айтып, сұлу сөзбен сипап қана қоймай, санамызға сіңіргеніміз абзал. Ер мен әйелді бір-бірін толықтырып тұрушы «екі жарты» деп жатамыз. Екі жарты өзімшілдікке ерік бермей, ақылмен ойлап, парасатты сөз сөйлей білсе, отбасының бірлігі сақталып, берекесі артады.

Аружан НОҒАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!