Covid-19 таралған бір жылда вирусты вакцинаның ғана жеңетінін түсіндік. Әйтпесе иммунитеттің қауіпті вирусқа қарсы тұра алмасы белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміз Олжас Ермұхамедұлы да осы пікірде. Ел қатарлы екпеден ем күткен ол вакцина салдырудың үлкен жауапкершілік екенін айтады. 

Екпеге сенімді болдым, себебі…

     ‒ Пандемия уақытында арақашықтықты сақтап, қоғамдық орында қорғанып жүру өте маңызды. Себебі коронавируспен ауырған адам вирусты жанындағы жеті немесе одан да көп адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Бұл дегеніміз, әрбір адам тек өз өміріне ғана емес, қоғам денсаулығына да жауапты дегенді білдіреді. Екпе алу да сондай үлкен жауапкершілік. Сол үшін аймағымызда «Спутник V» вакцинасы егіле бастағаннан, мен де ерікті түрде емханаға бардым. Екпе алар алдында өзіме сенімді болдым. Өйткені «Спутник V» вакцинасының 91,6 пайызға тиімді екені дәлелденген. Британиялық «The Lancet» медициналық ғылыми журналы жариялаған бұл ақпаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растады. Әдетте «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жиі айтамыз ғой. Сол сияқты екпе салдыруды аурудың алдын алу деп түсінемін.   

Сақтансақ, сақтайды…

   ‒ Екпе алған сәтте айтарлықтай ауырсыну сезімі болған жоқ. Дәрігердің нұсқауына сәйкес, үш күнге дейін екпе салдырған қолыма су тигізбеуге тырыстым. Барынша суық тигізбеуге, жылы жүріп, күтінуге мән бердім. Енді екпені екінші рет салдыруға дайындалып жүрмін. Мамандар екінші вакцина 21 күннен кейін салынатынын және ол иммундық реакцияны күшейте түсетінін ескертті. Көп жағдайда адамдар екпені бір рет алсам жеткілікті деп ойлайды. Бірақ сала мамандары вакцинаны екі рет алу арқылы ғана дерттен қорғануға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ ел арасында айтылған «Спутник V» вакцинасының кері әсері жайлы алып-қашпа әңгімелердің де жалған екеніне көзім жетті. Өйткені вакцина алдырғаннан бері бірнеше апта уақыт өтсе де, ағзамда ешқандай ауырсыну болмады. Күн өткен сайын коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан дәл қазіргідей уақытта екпені еш үгіт-насихатсыз-ақ алу керек деп ойлаймын.    

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА