Баланың қауіпсіз­дігіне қоғам мен ата-ана қоса жауапты. Бұл жердегі қауіпсіз­дік ұғымын әркім әрқалай түсінеті­нін ескерсек, алдымен осы сөздің мағына­сын ашып көрсеткен жөн секілді. Отбасын­дағы жанжал, дос

тар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы, сабақ үлгерімінің төмендеуі, мектептегі қиындық, тіпті жеке басында орын алған өзгеріс жүйкеге әсер етеді. Өз кезегінде мұндай өзгеріс жас өркен бойындағы психологиялық олқылыққа әкеледі. Дегенмен көп жағдайда балалар қиындықты білдіруге жасқанып, айтуға қысылады.

Көптеген жасөспірімдерде жалғыз қалу, көңіл-күй бұзылу, асқа тәбет тартпау, үнемі ойдың жетегінде жүру секілді әрекет байқалады. Ішкі қалауын, ойын анық жеткізе алмайтындары бар. Мұның өзі әлеуметтік желінің  әсерінен болуы мүмкін. Қазіргі кезде ол белгілі бір шекарасы жоқ дүниеге айналды. Не көргісі, естігісі келеді өз еркінде. Оған қоса өзін жоғалтқан жастардың жанында әрбір әрекетін қадағалап, жүйеге келтіріп, қолдайтын адамның табылмауы қынжылтады.Салдарынан бала теріс пиғылды адамдардың қақпанына ілінуі ғажап емес. Экранның ар жағынан үркіту, әлімжеттік жасау, қалауынсыз бір іске итермелеу салдарынан қайғылы оқиға орын алуы да мүмкін, яғни мұның барлығы кибербуллинг, виртуалды әлемдегі кемсіту әсерінен.

Мамандардың айтуынша, кибербуллинг – адамды ғаламторда, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерде қорқытып, зорлық көрсету. Оған кез келген адам тап болуы мүмкін. Мен де, сіз де, бәріміз. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар көбіне кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алатыны мәселені ушықтырады. Өйткені қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне жасалған қысым туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақын­дарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпауға тырысады. БҰҰ-ның Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша балалардың 79 проценті сәби күнінен бастап кемсіту мен қорлыққа тап болған. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамау керек. 21 елде балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң қабылданғаны да мәселеге салмақ бере түсетіндей. Ал Қазақстандағы ахуал көңіл көншітпейді. Өкініштісі, бүгінге дейін кибербул­лингтің құрбандары туралы нақты статистика жоқ. Сондықтан мамандар Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесінің негізінде буллингтен қорғану туралы кодекстің үлгісін әзірлеген. Онда тек виртуалды кеңістікте ғана емес, жалпы зомбылық көрген балалар туралы ата-ана мен ұстаздарға нұсқаулар жазылған.

Психолог мамандардың зерттеуіне сүйенсек, балалардың 50 проценті қатыгездіктің түрлі формасына отбасында кезігеді. Оқушылар арасында қорқыту, үркіту оқиғалары бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесі тіпті жаға ұстатарлық. Сауалнамаға қатысқан балалардың 16 проценті ата-анасы немесе заңды өкілдері тарапынан зәбір көретінін айтқан. Желідегі қудалауға ұшыраған балалар үшін арнайы бекітілген заң бар. Мысалы, ақша талап еткен екеуара әңгімені жарияласа, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, яғни «қорқытып алу» бойынша іс қозғалады. Ешқандай мақсат болмаса да әлеуметтік желіге жеке әңгімені жариялағандарға ҚР Қылмыстық кодексінің 148-бабы «Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу» бойынша жауапкершілік қаралған.

Қалай десек те, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ананың жауапты болуы маңызды. Психологтардың да бала мәселесін айтып келсе, оны кінәлап, ұрысудың қажеті жоқ деп айтуында мән бар. Телефонды да бірден тартып алып, ғаламторға шектеу қоймау керек. Мұндай жағдайда бала ата-анасынан көңілі қалып, екінші рет басына түскен ауыртпалықты айтпайтын болады. Демек, ата-анасы баламен байыппен сөйлесіп, оның кінәсі жоқ екенін тәптіштеп түсіндіру керек. Сонда ғана қамқорлықты сезінген баланың үміті оянып, тығырықтан шығатынына сенім күшейеді. Бізде көп ата-ана баламен ашық сөйлеспей, күнделікті тірліктің соңында кетеді, оларды не мазалап жүргенін байқай бермейді. Ал оны білген сәтте бәрі кеш болуы ықтимал. Ақпараттық-ағарту бағытындағы жұмыстарды тек балалар емес, ересектер арасында да жүргізген тиімді болып тұр. Балалардың құқығын білуі өзін қорғай алуына септігін тигізіп, сонымен бірге мәселені шешудің әдіс-тәсілін, жолын анықтап, болашақта оны болдырмауға ықпал етері анық.

Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!