“Халықты қысасыңдар да жатасың­дар. Міне, енді, ара-арасында бір жерге барғымыз келсе, мінетін қоғамдық кө­ліктің бағасын асырып жіберді. 1, 11, 17, 18 қоғамдық көліктердің жолақысы – 45 теңге, ал, қалғаны 90 теңгеден алып жатыр. Біз тек соларға ғана мінуіміз керек пе? Әлде зейнеткерлер үйде отыруға тиіс пе? Қымбатшылық кезінде зейнеткерлердің жағдайын жасауға бо­лады ғой. Қай кезде бізге жағдай жасайды өзі?!”, – дейді қоғам­дық көліктің ішінде ренішін жасыра алмаған Раушан есімді әжей.

Маған да осы сұрақтың жауабы қызық болды. Неше күннен бері қоғамдық көлікте ақжаулықты аналардың “жасымыз 70-тен асты” деп реніш білдіріп отырғанын байқап едік. Қарап отырсақ, үлкен кісілерге қоғамдық көліктен басқа жеңілдік қарастырылмаған екен. Енді соның өзін алып тастапты. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары зейнеткерлерді төбесіне көтереді. Сіз күлмеңіз, басқа жеңілдікті айтпағанда, ол жақта бассейннің өзіне 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Барушылар көп, себебі ішінде моншасы да бар. Тіпті қоғамдық көлікте де тегін жүреді. Көпбалалы аналар да дәл сондай жеңілдікке ие. Ал бізде не тегін, қандай жеңілдік бар? Ал қоғамдық көлікке келер болсақ, “жеке көліктерге жеңілдік жүрмейді” дейді. Біздің ауылға қатынайтын автобустағылардың айтатыны да сол. Құдай-ау, автобустың бәрі жеке болса, Қызылорда автобус паркіне не тиесілі? 1, 11, 17, 18-інші қоғамдық көліктердің ғана мәселесін шеше ме?

Ақсұлу Қожахметова,  зейнеткер:

– Ешқандай жеңілдік жоқ, жеңілдіктің бәрін алып тастады деді. Олармен айтысқанмен еш нәтиже шыққан жоқ. Десе де, зейнеткер ретінде қандай да бір жеңілдіктің болғанын қалаймыз.

Күлтай Жүсіпова, зейнеткер:

– Бұрын 45 теңге төлеуші едік. Қазір 90 теңге алады. Үкіметтен бізге ешқандай жеңілдік жоқ. Мысалы, өзім күміс алқа иегерімін, оны ескеретін ешкім жоқ.

Иә, бүгінде қоғамдық көліктегі жеңілдік алынып тасталған соң, зейнеткерлердің барлығы ренжулі. Бір қызығы, қоғамдық кө­ліктегі жеңілдік күшін жойды деген ха­барландыруда бұйрықтың шыққан күні жазылмаған және лауазым иесінің қолы қойылмаған. Демек қол қойылмаған, мөрсіз құжат жарамсыз емес пе?  Тұрғындар ара­сында сауал көп, жауабы біреу-ақ…

Абзал Рысбек, Қызылорда қала­лық ТҮКШ автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі КММ басшысының орынбасары:

– 2020 жылы жеке тасымалдау­шы­лармен жүргізілген келісім-шарттың аяқталуына байланысты аталған жеңілдік биылғы маусым айы­нан бас­тап уақытша алынып тас­талды. Қазір жаңадан өткізіліп жатқан тасымалдаушыларға арналған конкурста жеңілдіктерді қай­та қосу қарастырылады.

P.S. Былтыр Нұр-Сұлтан қа­ла­­сына барғаным, онда әпкемнің ал­ты баласын қыдыртуға алып шық­қаным есіме түседі. Бір қы­зығы, қыдыртамын деген жердің барлы­ғында тегін жүрдік. Тіп­ті балалар шомылатын жаға­жайдың өзінде ана үшін де, бала үшін де, зейнет­керге де жеңілдік бар. Басқасы бас­қа, уақытша болса да, қоғамдық көліктегі жеңілдіктен қағылу көп адамға қиын болып тұр.

Мөлдір САБЫРЖАН