Ескінің есігін жауып, жаңа жолға бастайтын жаңа жыл мерекесі – ерекше эмо­­ция­ларды сезіндіретін, өткенге өк­пеле­мей, болашақты қарсы алу мау­сымы. 2021 жылдың аяқталуы­на да аз ғана уақыт қалды. Ендеше, келер жылға дейін әр адам жасап үлгеруі тиіс дүниелердің тізімін ұсынамыз.

Алдымен «Ескі-құсқы кәкір-шүкір, миымда шашылып жатыр» деген ән сөзіне мән берсек, ескіні, қоқысты тастау тіршілік иесі үшін тәнді, сәйкесінше, жанды тазартудың бастамасы болмақ. Яғни қажетсіз зат деген тек ескі киім-кешекті, тұрмыстық аспаптарды меңземейді. Пайдасыз кітаптарды оқу, әлеуметтік желіде бейтаныс жанның өмірін бақылау, маңызы жоқ адамдармен бірге уақыт өткізу, жадыны қажетсіз ақпараттармен толтыру – осының мысалы. Уайым әкелетін, қаламайтын іспен айналысуды доғарыңыз. Кимейтін киім-кешек, пайдаланбайтын заттарыңызды өзгеге сыйлаңыз немесе қоқысқа тастаңыз. Электронды поштаңыз бен ұялы телефоныңызды тазартуды да ұмытпаған жөн. Тазалық үйде ғана емес смартфонда да жүргізілуі керек.

Жыл бойы жасаған әрекеттерін қайта айналдырып, есіне түсіру арқылы кеткен қателіктер үшін кешірім сұрау мен дәл қазіргі сәт үшін алғыс айту – жаңа жылға дейін жасауға тиіс маңызды пункт. Күйбең тірліктің қарбаласынан сөзбен, іспен біреуді ренжітіп алу жиі кезігетін жайт.

Тізімді жалғастыратын келесі іс – дәрігерге қаралу, толық тексеріліп шығу. Әрине, адам денсаулығы алғашқы орында тұруы тиіс. Дегенмен жұмысты, бала-шағасын, басқаны сылтауратып кері қайтарылмайтын құндылыққа немқұрайлы қарайтын жандар аз емес. Сондықтан жаныңыз бен тәніңіздің жағдайын бақылауға алуға асығыңыз.

Өзгенің дүниесін өзіне қайтару жыл соңында бар мен жоқты түгендеп, қорытындылау үшін қажет. Танысыңыздан уақытша бір затын сұраған боларсыз? Бәлкім, қарызға ақша алдыңыз? Бірнеше күн ішінде үлгеріп, бәрін қайтарған жөн. Осы жылдың жауапкершілігін келер жылға қалдырмаңыз.

Тізімді жаңа жылдық атмосфераны жасау, сезіну міндеті жалғастырады. Жағымды мерекелік аураны сезіну үшін қыруар қаржыға безендіргіш заттар сатып алу, себепсіз шашылудың керегі жоқ. Шыршаны қиялыңызға сай сәндеп шығу немесе жаңажылдық киімдер алу, сыйлық сыйлау да жеткілікті. Ойын ойнап, құттықтау хаттарын жазу да қарапайым көрінгенімен, «мерекелік» көңіл-күйдің алғышарты іспетті.

Мерекеге дейін 2021 жылға қорытынды жасап, қорқынышыңыз бен қателігіңіз, жетістігіңіз бен іске асқан жоспарларыңызды таразыға салыңыз. Бір жыл ішінде өзіңізді қаншалықты тани түстіңіз, қалай өзгердіңіз? Мұның бәрі – болашаққа қадам жасауға көмектесетін,

маңызды сұрақтар.

365 күнге жоспар құру өз өміріңізді жасаудың шарты десек қателеспейміз. Жеке қалып, арнайы уақыт бөліп, 2022 жылға жаңа жоспар құрыңыз. Қандай өмірді қалайсыз? Не істегіңіз келеді? Үлкен арманның кішкентай қадамдарына дейін нақтылап жазыңыз. Кейіннен жыл бойы іске асқан мақсаттарды белгілеп отыру да жақсы әдет. Себебі адам миы аяқталған істен,

жүзеге асқан идеядан шабыт алады.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!