Жаңаөзенде тұрғындар итке таланған балалардың суретін ұстап көшеге шықты. Олардың айтуынша, «Жануарларды қорғау туралы заң» күшіне енгелі ауыл-аймақта бұралқы төбеттер көбейген. Салдарынан балалар мектепке жалғыз барудан қорқады екен. Оның үстіне иесіз иттердің шабуылына төтеп бере алмаған балалар түрлі ауыр жарақат та алыпты. Ал Жаңаөзен қаласының әкімдігінің мәліметіне сәйкес жыл басынан бері 64 адамды ит қапқан, оның ішінде 36-сы жасөспірімдер деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Жаңаөзен халқы күніне бірнеше жасөспірімді қаңғыбас иттер талап, ауруханаға түсетінін айтады. Наразы жұрт бұралқы иттерді атуға рұқсат беруді сұрады. 

“Заңды халықтың игілігіне жасасын. Халыққа зияны тиіп жатса, оны қарау керек немесе өзгерту керек. Осы проблема әрі қарай жалғасын тапсын демесеңдер, мынаның алдын алайық”, – деді қала тұрғыны Аманкелді Өтешов.

“Екі жыл бұрын ит атуға болмайды деген заң шыққанналы бері қалада ит көп. Міне бір емес бірнеше балалар жарақат алды. Біздің қаламызда иттерге арналған панажай жоқ. Панажай салынады дегеніне бір жыл болды, бірақ әлі салынбады”, – деп қосты Ақмарал Өткелбаева. 

Тұрғындар заң өзгертілмесе, қару алып, иттерді өздері ататынын мәлімдеді. Әйткенмен қаңғыбас иттер мәселесі Мәжілісте де көтерілген. Мәжілістің экология және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин министрліктен бұл мәселені тез арада шешу үшін заң кемшілігін түзетуді сұрады.

“Сіз инфраструктура дейсіз, бірақ инфраструктура қашан жасалады? Оған дейін қанша адамның өміріне қатер төнеді? Сондықтан мына заңның ішінде кемшіліктер бар ма, кемшіліктер болса, қандай кемшіліктер бар? Шұғыл түрде біз не істеуіміз керек? Оны күтіп отыратын уақыт жоқ қой. Заңға қандай өзгерістер жасауымыз керек қаңғып жүрген иттердің барлығын реттеу үшін?” – деді Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин. 

“Біз зооқорғаушылардың барлығын ұйымдастырып, осы бойынша жұмыстарды жүргізіп келе жатырмыз. Бірақ егер де депутаттардан тиісті ұсыныстар болса, егер де бізге осы бағытта бір жәрдем болса, әрине, біз қуана-қуана қабылдаймыз. Бірге жұмыс істеуге дайынбыз”, – деп мәлімдеді Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова. 

Ал Жаңаөзен әкімдігінде адам өміріне қауіп төндірген жағдай бойынша 2022 жылы 1115, 2023 жылдың басынан бері 1181 ит ауланғанын айтады. Сондай-ақ былтыр 210 адамды, биыл  64 адамды ит қауып, жарақаттаған екен. Әкімдік панажай салу үшін кәсіпкерге арнайы жер берілгенін мәлімдеп отыр. Ал тұрғындар жануарларды қорғайтын заңды өзгерту үшін депутаттарға арызданып, қол жинады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!