Дәрігерлерден артық болмаса, кем қызмет етпейтін, ауырып ем іздеп барғанда, жылы шырай танытатын мейірбикелердің еңбегі орасан зор. Олардың жұмысы көзге көрінбесе де, мейірбикелер денсаулық сақтау саласының ең маңызды тіректерінің бірі. Науқастың жағдайын бақылап, дәрігердің нұсқауын дәл орындай отырып, ең алдымен адамға жылулық пен үміт сыйлай біледі. Олардың мейірімі мен шыдамдылығы кейде дәріден де артық әсер ететіндей. Өйткені науқас үшін тек ем ғана емес, рухани қолдау да аса маңызды.
Міне, осындай мамандардың қызметі мен еңбегін ұлықтау мақсатында 12 мамыр − Халықаралық мейірбике күні ретінде бекітілген. Осы орайда І ЖТД мейірбикесі Сәуле Жүсіпқызымен жүздестік.
−Ақ халатты абзал жандар, мерекелеріңіз құтты болсын! Жасаған еңбектеріңіз жемісті болып, құрметтің төрінен көріне беріңіздер! Әр күніңіз алғыс пен қуанышқа толы болсын. Мейіріміңіз бен жылы сөзіңіз емделушілерге шипа болсын! – деп Сәуле Әбішева әріптестерін алғаш болып құттықтады.
Иә, мейірбике – тек медицина қызметкері ғана емес , ол науқастың жанынан табылатын жанашыр жан. Бұл сөзімізбен біздің кейіпкеріміз де келіседі.
– Адам өміріндегі ең басты құндылық – денсаулық. Ал сол денсаулықты сақтауда мейірбикенің орны ерекше. Мейірбике тек ем-дом жүргізіп қана қоймай, науқасқа үміт пен сенім сыйлайтын жан. Оның мейірімі мен қамқорлығы науқастың тез сауығып кетуіне үлкен күш береді. Сондықтан адамдарға жанашырлықпен қарау – біздің басты міндетіміз.
Осы себепті мен мейірбике мамандығын таңдадым. Бұл – адам өміріне тікелей араласатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін әрі аса маңызды мамандық. Ауырып жатқан адамдарға көмек көрсету, олардың сауығып кетуіне үлес қосу – мен үшін үлкен бақыт, – дейді Сәуле Жүсіпқызы.
Қызметтің оңайы жоқ. Бұл саланың да қиындықтары бар.
− Әрине, кейде қиындықтар да болады. Әр адамның мінезі әртүрлі, бірақ мен үшін ең бастысы – сабыр сақтап, әр науқастың жағдайына түсіністікпен қарап, кәсіби көмек көрсету. Мұны өзімнің басты міндетім деп білемін. Сондықтан мейірбике болу – жүрек қалауы мен адамдарға деген шынайы сүйіспеншілікті қажет ететін мамандық. Қиын сәттерде де олар өз міндетін адал атқарып, адам өмірі үшін күреседі, − дейді ол.
Осы айтылғандардың барлығы мейірбике мамандығының қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін айқын көрсетеді.
− Болашақ мейірбикелерге айтарым, сенің мейірімің – біреуге үміт, біреуге өмір сыйлауы мүмкін. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған әр адам ең алдымен үлкен жауапкершілікті сезіне білуі керек. Себебі мейірбике жұмысы тек медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмейді, ол – адам жанын түсіну, оның қорқынышы мен үмітін бірге бөлісу, қиын сәтте демеу болу.
Бұл жолда түрлі қиындық кездесуі мүмкін: ауыр жағдайдағы науқастар, эмоциялық тұрғыдан күрделі сәттер, үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбек. Алайда осындай сынақтардың өзі мейірбике мамандығының мәнін арттырып, оның адам өміріндегі орнын айқындай түседі. Сол себепті шыдамдылық, сабырлық және мейірімділік – бұл мамандықтың ажырамас бөлігі, − деп қорытындылады Сәуле Жүсіпқызы.
Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!