Иә, әр адамның бұл өмірде өзіндік орны бар. Әр түрлі мамандық, түрлі сала. Бірақ өмірдегі ең дұрыс шешімдердің бірі жаныңа жақын, көңіліңе қуаныш, жүрегіңе шуақ сыйлайтын мамандықты таңдау. Әр адамның бойында тулай тасыған бір қабілет, бір дарыны бар. Оны тапқан және сол бойынша жұмыс істеген адам осы дүниенің бақытына жолықпақ. Ал егер Тәңірдің берген бойдағы дарынын пайдаланып, өмірден өз орныңды таппасаң не болмаса сүйіп тұрған мамандығыңнан қол үзсең, өзгенің пікіріне құлақ түріп, өз таңдауыңды кейінге ысырсаң, сол сала бойынша мықты маман иесі болып шығуың екіталай. Жақсы көрмейтін жұмыстан не қайыр болсын?

Мен болсам осындай оймен іштегі қабілетімді іздеп, саралап, жаныма жақын болған мамандығымды таптым. Ол – ақиқат пен шындықты таразылап, адамға шынайылықты көрсететін, әлемдегі жаңалықтарды жұрттың білуіне себепші болатын журналистика мамандығы. Мен бұл жолды әділдік пен шындықты бойыма сіңіріп өскендіктен, оның не екенін түсінгендіктен, Құдайдың берген сөз саптау мәнеріммен, құлақ құрышын қандырарлықтай дауысымның елге пайдасын тигізгенін қалап, осы жолдытаңдадым. Таңдауыма талғаммен қарадым, және еш өкінген емеспін. Бұл жол қыз баласына ауыр шығар… Бірақ әділдікті, шынайылықты, ақиқатты алға қойған арудың мақсатын ешқандай да қорқыныш тұншықтырмақ емес.

Өтірік сөзге толы заманда, жалғанның жетегінде жүргендей, ағынға қарсы жүзіп, ақиқатқа бет бұрғаным мың есе артық. Өлі балық қана ағынмен жүзіп кете береді, ал тірі балық қанша қиын болса да ағынға қарсы жүзбей ме? Ендеше,осынау кірпіш дүниеге, кетігімді тауып қалануыма не бөгет? Мендегі толқын, шындыққа деген махаббат, осы мамандыққа қарай жетелеп алып келді.

Өмірде оңай жұмыс жоқ, әр саланың өзіндік қиындығы бар. Бірақ Құдайдың қалауымен, берген нығметін, бойдағы талантын пайдаланып, сол бойынша өмір азығын тапқан адамға өз мамандығының қиындығы бола қоймас. Ата-аналар баласының министр, әкім болғанын қалайды. Дұрысы баламен жеке сырласып, бойындағы талантын ашса, келешек далада қалмайды деп ойлаймын.

Мерей ҚАЛАБАЙ
Қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының
«Жас тілші» үйірмесінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!