Бұқа­раның ойын онға, санасын санға бөлген күрмеуі қиын мәселе көп. Тіршілікте тығырыққа тірелмей, жанайқайын жеткізер жағдайлар кемісе көп те кіжіне қоймас еді. Әсіресе қоғамдық көліктер туралы жұрттың айтар шағымы жеткілікті. Иә, автобустың айналасында өрбитін әңгіме, туындаған түйткіл көп.

Бірі қараңғы түссе қарасын таппай қалатынын айтып қынжылса, енді бірі автобусты жарты сағат жол тосып күтетінін жеткізеді. Бұдан бөлек адамды лық толтырып, төрт дөңгелекті тағандап жарыса жөнелетіндердің жол қауіпсіздігіне селсоқ қарайтыны жаға ұстататын. Тіксініп сөйлейтін кей жүргізушілер мен тіресіп қалатын жолаушылар арасында тәжікелес те туындайтыны бәріне мәлім. Көлікке мінгестіріп алған көпшіліктің құлағанына қарамастан, жылдамдықты жөнсіз көбейтетіндер титыққа тиетіні тағы рас. «Бас жарылса – бөрік ішінде» деп көз жұмып қарайтындар жылы жауып қоюға тырысады. Ал бассыздыққа бас шұлғып отырғысы жоқ кейбірі шағым түсіріп, шикілікті шешуге шын кіріседі.
Тұрғындар тарапынан түскен шағымдар мен ұсыныстарға дер кезінде жауап беріп, кері байланыс орнатуға көшкен автобус паркінің басшылығы барлығын назарға алуға бек дайын. Әлбетте кеткен кемшіліктің орнын толтырып, ендігі жоспарлардың халық игілігіне жарайтыны көңілдегі күмәнді сейілтеді. Десек те жол ақысында өзгеріс болады деген жаңалықтан соң жұрттың өңі қашып кеткені сөзсіз. Бірақ бұл өзгерістің де өз себебі бар.

  • Цифрландыру күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткені барлығымызға аян. Бүгінгі таңда «ALEMPAY» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Сараланған тариф 2021 жылдың қаңтар айынан электронды түрде төлем 85 теңге, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген.
    Сәуір айында өтетін қалалық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттарының І сессиясына «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс берді. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала береді. Бұл өз кезегінде жолаушы­лар­дың электронды түрде төлем жасауын арттырады, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.
    Бір жағынан бұл бастама да берекелі болатын сыңайлы. Сонда ғана пайда көзі ашылып, жөнсіз жымқыруға жол берілмейді. Әйтпегенде кондукторлардың көрекөз алдап, ақшаны қалтаға басуы түсетін табысты азайтып, шығынға батыратыны анық.
    Сонымен қатар арасында бұзылып, кәдеге аспай қалған автобустарды айтпағанда, жыл сайын жаңа көліктер ел игілігіне берілеуде. Мәселен, 2013 жылы 20 дана және 2015-2016 жылдары 92 дана «ZhongTong» маркалы, 2017 жылы 10 дана «ПАЗ» маркалы, 2020 жылы 13 дана «ZhongTong» маркалы автобустармен толықтырылып, қалаішілік бағыттарда жолаушылар тасымалы­мен айналысып келді. Ал 2022 жылы өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен серіктестікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алынған болатын.
    Алдағы уақытта істен шыққан көліктер де жөндеуден өтіп, жұмысын жалғастыратын болады. Сайып келгенде жарамсыз деп қолды бір сілтемей, кем-кетігін түзеп, іске қосудың зияны жоқ. Сондай-ақ, жаңа автобустарды әкелу де жоспарлануда екен.
    – Автопарк теліміндегі бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы көліктердің 40 данасы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қосымша бағыттарға қосылып, қалаішілік жолаушылар тасымалдау жұмысын жақсартуға өз үлесін қосады.
    Облыс тұрғындары мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету мақсатында соңғы үлгідегі қоғамдық көліктер санын арттыру үшін осы жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша 150 дана үлкен сыйымлықтағы автобустар сатып алу жұмыстары жүрді. Серіктестіктің стратегиялық жоспарына – «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағыттарын қамту кіреді, – деді М.Өмірбекұлы.
    Жүргізілген жұмыстар мен жуырда жүзеге асатын жоспарларға назар салсақ, автобус паркінің жанданатыны сөзсіз. Тиісінше тұрғындар көңілі де тыншу тауып, ырзалықтың табы байқалатын еді. Әйтеуір санада салмақтанған мәселелер байыппен шешілсе кедергіге кез болмайтынымыз анық.

    • З.ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!