Фото: ашық дереккөзден

Ақбөкен – ежелден киелі жануар. Қазақ оны киік деп те атайды. Бұл аң жер бетінде мыңдаған жылдар бұрын мекен еткен мамонттармен бір дәуірде өмір сүрген деседі. Олар өз түрін сақтап қалу үшін әлі күнге күрес үстінде келе жатыр.

Қазақстандағы мекен ететін аймағы – Бетпақдала мен Үстірт. Бетпақдала солтүстік өңірден бастап,
Жезқазғаннан оңтүстікке қарай орналасқан. Үстірт популяциясы батысты кесіп өтеді. Олар табиғаттың ауа райына қарай тез бейімделеді. Қыстың сақылдаған сары аязынан қорықпайды, қорғану мақсатында қыста терісінің түсі ақшыл түске, жаз бен күзде қоңырқай түске боялады. Шөбі биік емес жерді мекендегенді ұнатады. Себебі олар жан-жағын бақылап отыру үшін ашық алаңдарда жүруі керек.

Жаратушының құдіретінде шек жоқ екенінің тағы бір дәлелі ақбөкеннің жатырында жатқан лақтың жынысын өзгертіп, қажет болса еркек, қажет болса ұрғашы ете алатындай жаратқандығында. Ақбөкен – жатырындағы лақтың жынысын өзгерте алатын жалғыз тіршілік иесі. Егер үйірде текелері азайып кетсе, сол жылы табында бірыңғай еркек лақтар туылады. Керісінше, киіктердің ешкілері азайса, олар ұрғашы лақтарды өмірге әкеледі. Киік төлдейтін кезде табиғаттың өзі қарасады. Мысалы, ақбөкеннің ешкілері төлдейтін уақытта ғана түйетабан деп аталатын өсімдік жапырағын жаяды. Киіктер лағын осы шөптің үстіне туады. Түйетабанның ерекшелігі – оның жапырағы жалпақ болып келеді. Ешкілер жаңа туған лақтарын осы шөптің астына жасыру арқылы қорғайды. Лақтардың барлығы аяқтанып, өз-өздеріне келгенде түйетабан шөптері бірі қалмай сарғайып, желмен ұшып кетеді. Киіктер төлдейтін уақытта оны қорек ететін түз тағыларының тістері босап, тәбеті болмайды, қасқырлардың жағы қарысып қалады деседі.

Киіктің тағы бір айта кетерлік ерекше қасиеті – оның ешкісі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан болса керек. Киіктер сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүгірсе де, өкпесі қызбайтын санаулы жануарлар қатарында. Жаңа туылған лағы екі сағаттың ішінде аяғына тік тұрса, ал туғанына екі күн болған құралайды адам жаяу қуып жете алмайды. Аталығының салмағы 37-49 келі, дене тұрқы 126-150 см-ді құрайды. Аналығының салмағы 22-37 келі, дене тұрқы 109-127 см көлемінде.

Ақын Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем шығар.
«Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.
Бөкенді атып мерген өлтіргенде,
Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?», – деген жолдардан жануарға деген аяушылық сезімін байқауға болады.

Жез киік алтындай жалтылдап, күнге шағылысқан көркінің арқасында мергеннің көзін тайдырып, үнемі оқтан аман қалады екен. Кейін мергендер оны киелі жануар санап, атпайтын болған деседі. Кәкімбек Салықовтың «Жезкиік» өлеңіндегі:
«Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жез киік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далаға сыймай кетем», – деген жолдарда ақынның жануарға деген сүйіспеншілігі мен сағынышын көре аламыз.

Киікті браконьерлер мүйізі үшін аулайтыны бесенеден белгілі. Ал мүйіз ақбөкеннің тек еркектерінде ғана болады. Киіктің мүйізінен Шығыс медицинасында бағалы дәрі- дәрмек жасалады. Одан жасалатын дәрі-дәрмекке сұраныс та жоғары. Сондықтан болар браконьерлер бұл істі атакәсібіндей көреді. Киік мүйізінің салмағы жасы мен дене салмағына байланысты. Мүйіздің бір келісінің қара базардағы бағасы болжам бойынша 2-3 мың долларды құрайды. Ал басты тұтынушы болып табылатын Қытай нарығында тіптен 7-8 мың долларға дейін барады. Қарапайым мысал 2018 жылы дамыған Сингапурде жүргізілген сауалнама бойынша халықтың 13%-ы киік мүйізінен жасалған дәріні қолданатынын атап көрсеткен.

Жаудай жағаласқан браконьерлермен қатар киікке тиетін індет те аз емес. Енді көбейіп келеді-ау деген жануардың түрі 2015 жылы пастереллез індеті салдарынан тағы да қырылды. Бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік, яғни, ақбөкеннің 60 пайыздан астамы қырылған. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен 2023 жылғы сараптамалық талқылауда экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерінің мәліметінше Қазақстанда 1 915 000 киік болса, жыл соңына дейін саны 2,6 миллионға жетеді деп ақпарат берген.

Қазіргі қоғамда көп көтеріліп жүрген тағы бір мәселе – киіктердің жайылымдық және егістік жерлерге тигізіп жатқан залалы. Кең даланы мекен еткен, еркіндігін алдырмаған аша тұяқты жануардың саны мен тигізер зиянын ату арқылы реттеу асқан жауыздық пен ақымақтық секілді. Киік санын көбейту үшін жасалған қанша жылдық еңбек пен оны қорғаудағы құрбандықты еш кетіру болып табылады. Көбісінің көксегені жайылым мен егістікті желеу етіп, киік мүйізінен пайда табу сияқты. Себебі, деректер бойынша мемлекет аймағында ешбір жерге нақты зиян келмеген. Есімізде болса бірнеше жыл бұрын малға шапты деп «дала санитары» қасқыр атаулының барлығын қыра бастадық. Соның салдарынан табиғи тепе-теңдік бұзылып, антропогендік сипаттағы апатты қолдан жасадық десек болады. Қазіргі кезде жабайы жануарлар мен үй жануарлары арасындағы індеттің көбеюінің бірден бір себебі осы. Киікті ататын болсақ, кейінгі залалы, киіктің киесі бүкіл елге тиері анық. Сондықтан киікті халық аз қоныстанатын аймаққа қарай бұру арқылы бұл мәселені шешу қажет.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!