Иран-Қазақстан. Бұл – тамыз айында атажұртқа көш түзеген ирандық 20 отбасының бағыты. Қазақстанға қоныс аударып, түпкілікті тұрақтау ниетімен шекара асқан қандастарды әуежайдан тұрғындар құшақ жая қарсы алып, ақ тілегін жаудырған болатын. БАҚ пен әлеуметтік желіде қандастарға солтүстік өңірден баспана берілгені сүйіншіленсе, билік жүйелі бағдарлама негізінде жағдай жасалатынын айтқан. Алайда соңғы уақытта олардың кейінгі тағдыры көп айтыла бермейді. Тәуелсіздік қарсаңында атамекенге оралған қандастардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында көшті бастап келген Хадиша Адаймен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Хадиша Шаң­байқызы, ата­жұрт­қа аман-есен ора­луыңыз құтты болғай! Ата­мекенге оралу бас­тамасы қалай пайда бол­ды?

– Атажұртқа оралу шал­ғайда жүрген әрбір қа­зақтың арманы екені бел­гілі. Бала кезден ма­ған да Қазақстанға таба­ным тиіп, құтты қоныс тап­сам деген ой маза бермеген. Кейін білім алу, тұрмысқа шығу се­кіл­ді өмір белестері бұл арманымның орын­да­луын кешеуілдетті. Алай­да Ираннан қоныс ау­дарған қазақтардың тұр­мыс-тіршілігінен ха­бар алып, елшіліктегі түр­лі шараларға қатысу арқылы атамекен тура­лы мағлұмат алуым шек­телмеді. Кейіннен ата­жұртқа көшу өзімнің ғана емес, балаларымның бо­лашағын жарқын ету­ге мүмкіндік беретінін то­лық сезіндім. Содан бо­лар, Қазақстанға көшу­ге ықылас танытқан сәт­те бірге сапарға шық­қан әрбір отбасы елдің ер­теңіне сеніммен қара­ды. Осылайша тамыз айын­да 20 отбасы елге келіп, жаңа ортаға үйренісу­де­міз. Қазір Пе­тропавл облысы Есіл ау­данына қарасты Пе­тров­­­ка ауылының тұрғы­нымыз.

– Әрине, атамекеннің әр жері құтты. Бірақ неліктен қоныс аударуда таңдау сол­түстік өңірге түсті? Үй­реншікті емес климат жай­сыздық тудырмады ма?

– Дұрыс айтасыз, та­би­ғат, климаттың күрт өз­геруі адам өміріне әсер етеді. Бізге де солтүстікке қоныстану өзгеріс сыйла­ды. Дегенмен ол жақсы қалыпта көрініс берді. Мысалы қоныс ау­­дарғалы бойдағы көп аурудан айығып, ем қонды. Ғы­лымда да дә­лел­денген ақпарат бол­ғанымен, мұндай өзгерістің денсаулыққа пайда әкелетінін күтпе­ге­німіз рас.

Ал дәл осы аймаққа ке­луіміздің мәні мынада. Бастапқыда қоныс аударуға төрт аймақ ұсынылды. Олардың қа­та­рында Семей, Көкше­тау, Петропавл, Пав­ло­дар, Қостанай секілді қала­лар бар. Кейбірінде бас­пана әзір болмаса, кейбір қаланың ауа-ра­йы, табиғаты ұнамады. Ке­йін ойлана келе Сол­түстік Қазақстан об­лы­сы Есіл ауданына қа­рас­ты Петровка елді ме­ке­ніне қоныстануды ұй­ғар­дық. Мұның бір себе­бі, ауылда мал ша­руа­шылығымен айна­лысуға барлық жағдай жасалған екен. Ата кәсіпті дамытып, шаруашылық жүргізуге қолайлы боларын есепке алғандай болдық. Оның үстіне Ираннан қойдың жүнін иіретін құрылғы әкел­генмін. Соны кәде­ге жарату арқылы мал шаруашылығымен айна­лысатын халық болса, кәсіп бастап, ел-жұртқа пайда әкелсем деген ниет бар. Қазіргі таңда мез­гілге байланысты ойға алған мақсат тоқтап тұр. Келер жылдан бастап аталған кәсіппен шаруа қамдап, атамекенге де­ген алғысым мен парызымды өтегім келеді. Кәсіп нәтиже беріп жатса, өзіме де табыс әкелетіні белгілі. Соған орай солтүстікке көшуді ортаға бейімделіп, қатарға қосылуыма берілген бір мүмкіндік  деп санаймын.

– Сіз арман ет­кен Қазақстан мен қия­лы­ңыздағы қазақ ұғы­мы бүгінгі қоғам қал­пы­мен сәйкес келді ме?

– Бұл сауал мені түр­лі сезімге жетелейді. Шы­нын айту керек, кей тұста көңілге кірбің түскен сәт болғанымен, санамдағы қазақ ұғымы еш өзгеріссіз қалды. Әсіресе, қоныс ау­дарған алғашқы айда түрлі қиындыққа тап бо­лып, көмекке мұқтаж кез­де күткендей жәрдем болмаған шақта осы ойым беки түскен еді. Әрине, өсіп-өнген орта мен Қазақ­стандағы мәдени-рухани ахуал мүлде бөлек. Алайда қазақ қоғамының сан түрлі ұстаным, өмір сүру үлгісі мені таңқалдырды.

Осы орайда бір оқи­ға есіме түсіп отыр. Иран­нан алғаш Қазақ­станға келгенде Ақтау қала­сын­да болдық. Ол жақта жатақханаға уақытша қо­ныстанып, ықтияр хат пен туған жерден алған бі­лім, дағдыны растайтын құжаттарды қазақшалау, заңгерлер арқылы бекіту жұмысы тұрды. Сол кезде Ираннан бірге келген 20 отбасының барлығы бір­дей ауқатты деуге келмейтін. Арасында 5 отбасы қиын­дыққа тап болып, қаражаты сар­қылған-тұғын. Сол кезде қайдан қарыз ала­рымыз­ды білмей, сен­дел­дік. Амал құ­рыған соң Қа­зақстанның Иран­дағы Бас кон­су­лы Айтжан Айда­шевке хабарласып, ақыл сұраудан басқа жол қал­мады. Ол кісі жергі­лікті дәулетті кісілерге өті­ніш айтып, қарыз сұ­рау­ға болатынын жет­кізіп, байланыс нөмірін берген. Осы тұста елге келгелі кезіккен ең жай­сыз оқиға орын ал­ды. Біз көмек сұрап бай­ла­нысқан ауқатты аза­мат­тардың бәрі кері ай­­налып, тіпті кейбірі ауыр сөз айтты. Мұндай жауапқа таңырқаған қан­дастар қайтып көмек сұ­рауға бата алмай қал­ғаны бар. Бірнеше күн өт­кеннен кейін Ақ­тау­дағы тегі түркі­мен иран­дық сауда­гермен бай­ла­ны­сып, қарыз сұра­ғанда ол кісі бірден келісе кет­ті. Осындай қарама-қай­шы­лық санаға сілкініс жа­са­ды. Бұл мен үшін қа­зақ қо­ғамына берген ба­ға емес, тек қоғамның түр­лен­­генін білдіреді.

Оның үстіне келген сәт­те квота бөлу, кәсіп бас­тауға грант беру, жұмыс­қа орналастыру секілді ша­ралар да бәсеңдеп қал­ды. Қазіргі Петровка ауы­лында 3, Шал ақын елді мекенінде 5 қазақ отбасы  қоныстан­ғанбыз. Оқу бітір­генін растай­тын дипломын әкелме­ген немесе заңды ма­ман­мен бекітілмеген аза­мат­тар күнделікті жұ­мыс істеп күн көруде. Қан­дас­тар­дың тұ­рақты жұ­мысы болма­ған­дықтан кей­де азық-тү­лікке қаржы­сы болмай қалады. Ондай сәтте ауыл тұрғындары, әкімдік өкіл­дері, қайырымды жан­дар жәрдемдесіп, ба­рынша көмек қолын со­зып келеді. Дегенмен, жұмыс­пен қамту мәселесі оңалмай, жағдайдың қа­лып­қа келмесі белгілі.

Міне, осындай оқиға­лар қиялымдағы қазақ ке­йпін түрлендіріп, жаңа әлемге тап болғандай күй­ге түсіреді. Алайда бұл Қазақстанға деген ма­хаб­батым мен қазаққа деген құрметімді еш ала­сартпады десем артық емес.

– Иран халқының мә­дениеті, діни ритуалдарды ұстануы мен Қазақ­станның өмір сүру сал­тында айтарлықтай айырма бар. Қазақстан­да қоғамдық-тұрмыс­тық өмірге сіңісу қиын болмады ма?

– Бір байқағаным, Еу­ропа мәдениеті қазақ­тар­дың өмір сүру сапа­сына айтарлықтай әсер еткен. Ирандағы кейбір қалыпты әрекет мұнда басқаша қа­былданады. Ал өскен ортасы діни түсінікке жа­қын болған адам үшін ер­кін ойлы қоғамның кей әрекеті түсініксіз. Бұл қо­ғамға бейімделуіме ке­дергі емес. Оған қоса Иран қазақтары – өз дәстүр-салтын, ата-ба­басын, тарихын ұмыт­паған орта. Үлкен жиын­дарда Қазақстан, елдегі өзгерістер жайлы үне­мі әңгіме айтылады. Сон­дық­тан жиындарға қаты­су елге келген сәтте қазақ­тармен етене араласуға, қоғаммен сіңісуге көп кө­мегін тигізді. Бұл үшін Ирандағы ағайын-туысқа айтар алғысым шексіз. Бүгінде айналам қазақ. Жаңа тыныс ашылып, өз үйімде жүргендей сезіне­мін.

Біз үшін Иранның да өз артық­шылығы бол­ды. Сыртқы саяси үгіт-на­си­­хат салдарынан ел­дің ахуалы біршама төмен­дегені шындық. Алайда Иран қазақтары ол жақта жайлы өмір сүруде. Жұ­мыста, білім беру ісін­де, әлеуметтік көмек тұрғы­сында ешқандай шеттету болған емес. Оның үстіне жолдасым парсы ұлтының өкілі болғандықтан, ба­ла­­ларым да парсы мәде­ниетіне жақын. Ту­ып-өскен Боджнурд қа­ласында тұратын қазақ­тардың саны да басым еді. Сол себепті екі елдің тәрбиесін қатар алып өс­тім деуге толық құқым бар.

– Сіздер Ираннан кел­ген алғашқы көш емес екендеріңізді білеміз. Бұған дейін Ислам Жеменей, Нияз Тобыш секілді зиялы қауым елге келіп, ата-баба арманын орындады. Сіздердің алғашқы лекке қосылмай, Қазақстанға кейін келулеріңіздің сыры неде?

– Бұрын да айтып өткенімдей, атажұртқа оралуды бала кезден арман еттім. Алайда алғашқыда білімімді толық жетілдіру үшін көшуді кейінге қалдырсам, артынша отбасылық жағдайға байланысты мүмкіндік болмаған. Алайда Ирандағы Қазақстан елшілігімен тығыз жұмыс істеп, қазақтардың елге оралуына көп көмек бердім. Табаным тимеген атамекенге қандастардың жетуін ойладым.

Ал уақыт өткесін Қазақстанға көшу туралы түпкілікті шешім қабылдау оңайға соқпады. Еңбек демалысына шыққаннан кейін отбасыммен ақылдастым. Балаларым үйде екі елдің мәдениетін қатар сіңіргендіктен қазақы болмысқа да жақындау. Ақылдасу кезінде балаларым Қазақстанға барып, өмір сүруді қалайтынын жеткізді. Мен де мұндай ойдан жігерленіп, қоныс аударуға дайындықты бастап кеттім. Қазір отағасы ғана Иранда тұрады. Қалған отбасы мүшелері толық Қазақстанға келдік.

– Бүгінде Иранда қанша қандас бар?

– Қазіргі таңда Иранда 250-300 қазақ отбасы қалды. Олар да мүмкіндік болса елге келуге асық. Жол шығыны, құжаттарды аудару, бекітуге кететін шығынды көптің қалтасы көтермейді. Билік қанша жерден көмек көрсеткенімен отбасының қаржы қоры жинақ­талмаса, жаңа ортада өмір сүру жеңіл емес. Оның үстіне Ираннан келген қазақтар­дың басым дені солтүстік өңірде. Бір-бірімізге жақын қоныстанғанды қалаймыз. Ал ондағы қазақтар суыққа үйренбеген. Климат ауыстырып, науқастанып қаламыз ба деп қауіптенеді. Алайда олармен байланысқан кезде бұл қиындықтан қорықпау керегін, үйренісуге болатынын үнемі айтып жүреміз. Бүгінде солтүстіктегі қандастар қақаған қысқа да үйреніп, тіршілік етіп жатыр емес пе?! Сондықтан жақын арада  тағы көш келетіні анық. Қазірдің өзінде келер жылы наурызда Қазақстанға қоныс аударуға 50 отбасы дайындық жүргізуде.

–  Бала­ларыңыздың қазақ тілін меңгеру деңгейі қалай? Оқу қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Балаларым оқуға құштар. Екі балам ағылшын, парсы тілдерін жетік біледі. Қазақ тілін де үйреніп келеді. Иранда қазақша сөйлесіп, ой бөлісетін ортаның жоқтығы біршама кедергі келтірген еді. Енді, міне, елге келгесін қатарластарымен әңгіме айтып, тіл үйренуді бір ізге түсірді. Ұлым ЖОО-ға түсу үшін дайындық курсынан өтуде. Ал қызым Петровка ауылындағы орта мектептің 9 сыныбында білім алады. Мектеп директоры мен оқушылар жаңадан келген қызыма ерекше мән беріп,  үлгерімі жақсаруы үшін бар күш-жігерін салуда.

– Екі түрлі мәдениет, қос қоғамның болмысын аңдадыңыз. Осы орайда Қазақстанның даму бағытын қалай бағалар едіңіз?

– Қазақстан жыл санап өзгеруде. Мысалы, 2005 жылы алғаш Алматыға келге­німде ха­лық­тың тұрмыс-тір­шілігі, ой­лауы өзгеше еді. Қазір жағдай мүлде бөлек. Көпте­ген алып ғимарат бой көтеріп, кәсіппен айналысуға мүмкіндік кеңейген. Білім беру ісі, денсаулық сақтау, құрылыс саласы қарқын алған. Иран халқының саны басым болғанымен, экономикалық әлеует тұрғысынан Қазақстаннан алары мол. Мұның барлығы алыс-жақын шетелмен байланыс нығайғанының көрінісі. Өркениет жаңалығы елдегі экономикалық дамуды, аза­мат­тық қоғамды ілгерілеткені де байқалады. Елорда­дағы жаңашыл­дықтың өзі неге тұрады?! Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жарқын екеніне сенемін. Осы сенім аяққа тұруыма септесері анық.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:

Берен ШАҒЫРОВ