Анджелина Джоли мен Брэд Питттің ұлы әкесінің тегінен ресми түрде бас тарту туралы шешім қабылдады. Сөз бұрынғы ерлі-зайыптының үлкен ұлы Мэддокс туралы болып отыр, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі TMZ басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Мэддокс тегін ауыстыруға құжат тапсырған.
«Мэддокс есімін ресми түрде өзгерту туралы өтініш білдіріп, құжаттарын өткізді. Атап айтқанда, ол тегінен «Питт» деген бөлікті алып тастап, «Мэддокс Чиван Джоли» деп өзгертпек», – делінген жарияланымда.
Анджелина Джоли Мэддоксты 2002 жылы Камбоджада асырап алған еді. Төрт жылдан кейін, Джолимен қарым-қатынасы басталған соң, оны Брэд Питт те ресми түрде асырап алды.
Журналистердің айтуынша, Мэддокс көптен бері көпшілік алдында Питт тегін іс жүзінде қолданбайды. Осы жылдың ақпан айында Джоли түскен «Кутюр» фильмінің титрлерінде де ол әкесінің тегінсіз көрсетілген.
Батыс БАҚ бұл шешімді актерлердің шулы ажырасуынан кейін отбасы ішінде басталған көпжылдық жанжалмен байланыстырады. Анджелина Джоли мен Брэд Питт арасындағы сот процестері сегіз жылға жуық уақытқа созылды.
Бұған дейін Питт тегінен ерлі-зайыптының қызы Шайло Джоли де ресми түрде бас тартқан болатын. 2024 жылдың тамызында оның өтініші сот дауысыз және қосымша тыңдауларсыз қанағаттандырылды.
БАҚ ақпаратына сүйенсек, ажырасудан кейін актердің балаларымен қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлаған. Сондай-ақ баспасөзде Питттің қызының мектеп бітіру кешіне келмегені де талқыланған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
