Елімізде нанның бағасы бір жылда алты пайызға дейін қымбаттаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Energyprom.kz”-ға сілтеме жасап. 

Сарапшылардың мәліметінше, 2021 жылдың маусымында елдегі нан бағасы бір жыл бұрынғығы қарағанда 5,9 пайызға өскен. Нан түрлерінің ішінде қарабидай-бидай наны қатты қымбаттаған – бағасы 9,2 пайызға өскен.

Басқа ұн өнімдерінің де бағасы әжептәуір көтерілген. Мысалы, макарон бағасы бір жыл ішінде 10,3 пайызға, ал кеспе 11,6 пайызға өсті. Ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 8,2 пайызға қымбаттапты.

Сонымен бірге, биыл бірінші жартыжылдықта нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі төмендеген. Өндірілген өнім көлемі 111 миллиард теңге болды, бұл 2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 11,8 пайызға аз.

Жаңа піскен нан өндірісі 21,3 пайызға, 266,6 мың тоннаға дейін азайды. Макарон өнімдері, кеспе, кускус және сол секілді ұн өнімдері 17,9 пайызға, 75,6 мың тоннаға дейін төмендеді. Тек кептірілген нан мен печенье, кондитерлік өнімдер мен ұзақ сақталатын тәтті нандар өнімі сәл өскен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!