«Жамал Айдәулетова есімді досымыздың тойына бардым. Бәрі мәре-сәре болып қуанып жүр. Кенет көзім бұрышта оңаша отырған бір сұлу қызға түсті. «Қарындасым-ау, қарның ашып қалар, жесеңші?» деп қасына жақындадым. Дәмді тағам ұсынып, қызға қызмет қылдым. Аралдың Сексеуіл деген жерінің қызы екен. Жеті сайын Сексеуілге тартып отыратын болдым. Осылайша қыз ауылын жағалап екі жыл күттім» деп бастады әңгімесін Жанқожа ақсақал. Дәмегүл әжей де өткен шақты күлімдеп еске алды. «Ол кезде қазіргідей мәдени ошақтар жоқ, тек бір ғана клуб. Мен теміржолда уақытша жұмыс істеп жүргенмін. Жәкең келген бойда теміржолшылар асханасына баруға асығады. Себебі өзі жұмыстан шыға сала маған қарай асыққан, қарны ашып тұрады. Сыр білдірмегенімен, мен сезіп тұратынмын. Қасымда құрбыларым бар. Қайда барсақ та бірге барамыз. Кейде ол да жора-жолдастарын ертіп келеді. Бірде Аралдың өзіне құрбыларыммен театрға шақырды. Кино біткенше кіріп-шығып, жігіттер сыр білдіріп қойды. Театрдан шыққан бойда мотоциклге отырғызып алып, қыздарды вокзалға емес, аудан орталығына қарай тартты. Мен сездім, алып қашып бара жатқанын. Жәкеңмен сөйлестім, «сен олармен емес, менімен тұрасың ғой, күт» дедім. Жәкең келісіп, вокзалға апарып, поезға мінгізіп салды. Достары ренжіп жатыр, келіп тұрған қызды алып қалмадың деп. Осылай достарының қайрауымен екі рет алып қашпақ болды. Дегенмен маған деген сезімінің шынайылығы шығар, күтті. Алдыңғы апаларым тұрмыс құрмаған еді. Маған «кідіре тұр, апаларың тұрмысқа шықсын деді», сонымен екі жылдай тәртіпке бағындым», − деп еске алды апамыз.
Жарасымды жұп алты перзент сүйді. Ұлдары Толыбай мен Сұлтанай, Дәурен бүгінде өз саласының мамандары. Ал қыздары Жаңагүл, Фарида, Венера да тұрмыс құрып, ана атанып, алды әже болып отыр. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің ортасында, шөберені иіскеп, жастық шақты еске алған қандай ғанибет! Ұлағатты ұяның шаңырағына арнайы барып, қызықты әңгімелерін тыңдап қайттық.
«Қызды еркінен тыс жылатып апарғым келмеді. Өйтіп барған соң үй болу қиын ғой. Сыйластық суып кетеді. Маған деген сеніміне де селкеу түсірмей, қанша күт десе де күтуге шешім қабылдадым. Бұйырған күні, уәделі уақытта шаңырағыма апарып түсірдім. Отасқан жылдары ауылда үлкен үйде тұрдық. Бізден кейінгі ағайындардың балалары үйленсе болды, келіншекті біздің үйге әкелетін. Тарылу, қабақ шыту дегенді білмейміз. Барымызды шығарып, тойларын жасап, елдің батасын алып береміз. Үйленетін болдық деп қызын ертіп келетін інілеріміз көбейді. Бірде бір жиен келіп тұр, келіншек алып, жеңгелері: «қарақтарым-ау, өз үйлерің, ата-аналарың бар емес пе» десе, «аға, жеңге сіздердің үйге түскен келін жақсы болып, жастар бақытты болып кетіп жатыр» деді. Бұл сөзге екеуміз де сылқ ете қалдық. Осылай көптеген жастың шаңырақ құруына себеп болып, батамызды бердік. Өз балаларымыз өсе бастаған соң, оқытайық деп қалаға қоныс аудардық. Аллаға шүкір, қазір бәрі білім алып, қызметтерін істеп, бір-бір үй болып отыр» дейді Жанқожа ата.
«Жас отбасы болған соң жоқты да, барды да бірге көрдік. Тығырыққа тірелген сәттерде үлкендердің кеңесіне жүгінетінбіз. Жәкеңнің апасы Лайық пен жездесі Жеткерген Оразбаев және менің туған апам Күнзия мен жездем Бәку іздегенде әркез қасымыздан табылатын. Солардың демеуі, жас отбасымыздың аяқтан тұруына үлкен септігін тигізді», − деп апа-жезделеріне алғысын білдірді.
Ерекше айта кетерлігі, жарты ғасыр бойы бұл жұп бір-бірімен мүлде ұрысып көрмепті. Қандай жағдай болсын бір-біріне дауыс көтермей, сабырмен шешеді екен. Алты баланы жеткізген асыл жандар бүгінгі жастар туралы да пікірлерін білдірді. «Қызуқанды. Сабырмен байыбына барып мәселені шешу деген жоқ, тасыр-тұсырын шығарады. Қиындыққа, жоққа шыдамайды. Несібенің бәрі еңбекпен келеді ғой. Екеуі де еңбек етсе, үйге де береке кіреді. Баршылық еңбекпен келетінін түсіну керек. Сен аз табасың, мен көп табамын деп есептері күшті. Санасып отырады. Жас отбасылардың жақындары да материалдық қолдау білдіре алмаса, екі жастың арасына түспеуі керек» дейді Дәмегүл анамыз.
Әңгіме барысында Дәмегүл анамыз қолындағы келіні Римманы ерекше айтып қалды. Қолындағы кенже ұлы Дәуреннің жары ғой. Қарттық шақта бағып-қағып, қарияларға қабақ шытпай адал қызмет етіп отырған келінді ерекше айтуы да жөн. Ұлағатты ата-енесі бар, Римманың да ақылды, ибалы келін екені даусыз. Жанқожа ақсақал отасқандарына 63 жыл болған құдалары туралы мақтанышпен айтты. «Кіші қызым Венераның ата-енесі Құландыда тұрады. Ақылды құдаң − құрдасың, ақылды кұдағиың − сырласың емес пе, қазақтың «Асауды − ноқта, құданы − құдай қосады», «күйеу − жүз жылдық, құда − мың жылдық» деген нақылында зор мән бар. Құдаларымыз өсіп-өнген, ұлағатты жанұя. Венера қызымның отбасы болуында ата-енесінің еңбегі зор» деп жақсы жермен құда болғанын жасырмады. Біз аралдың Құланды деген жеріндегі Қуаныш ақсақалға хабарласып, жағдай сұрап, мерейтойымен құттықтадық.
− Алло, естіліп тұр ма, − деп сексеннен асса да, Садуақасов Қуаныш ақсақал бізбен емен-жарқын әңгімелесті. Қазыналы қарияның жары Сарыалтынмен отасқанына жарты ғасырдан асыпты. Еңбек жолында Арал теңізінде балықшы-моторист болып, Құланды жылқы зауытында жылқы баққан. «Еңбек ері» төсбелгісін алып, стахановшы атағын да иеленген.
− Жолдасым Базарбаймен екеумізді әскерге шақырды. Базарбай − біреудің жалғыз ұлы. Үлкен әпкесі тұрмысқа шығып кетіп, үйінде анасы мен қарындасы ғана бар болатын. Қарындасы тұрмысқа шықса, бұл әскерге шақырылмай анасына қарап қалар еді. Досыма «қарындасыңды маған бер, үйге апарып келін қылып түсірейін» деп сұрадым. Досым қарындасын тұрмысқа беруге қимаса да, маған сенім білдірді. Жалындаған жас кез, әскерге де асығып тұрмын. Бүкіл совхоз жастары шөп оруға барғанда орайын тауып, қарындасына өзін көптен ұнатып жүргенімді, ағасының рұқсат еткенін түсіндіріп айттым. Үйге апарып, келін қылып түсірдім. Артынша бір жетіден соң мен де әскерге кеттім. Осылайша шаңырақ көтердік. Ағасының келісіміне қарсы шықпағанына қарағанда маған деген сезімі болған-ау», − дейді өткен шақты күліп еске алған ақсақал.
Сарыалтын жұбайымен бірге 6 ұл, 4 қызды тәрбиелеп жеткізді. Немерелері мен шөберелері де есейіп келеді. Еңбекке ерте араласқан Қуаныш ата − тыл ардагері. Жастайынан еңбекпен тапқан нанның қадірін ұғып өскендіктен болар, ақсақал барлық ұл-қызын еңбекке баулып, білім алуына жағдай жасады. «Бүгінгінің жастары бақытты, қажеттінің бәрі бар. Іздесе алдынан шығады. Заманауи техникалар, көліктер, біз көрмеген түрлі дүниелер қолдарында. Осындай жағдайлары бола тұра, ұрыспаңдар, тату болыңдар деп жиі айтып отырамын. Қолымда болса бәріне қарайласамын. Немерелерімнің өзі үлкен азамат болды. Шөберелер тәп-тәтті болып өсіп келеді. Отбасы болуда ерлі-зайыптылар бір-біріне адал болып, сеніміне селкеу түсірмеуі керек. Балалар ата-анадан көрген тәрбиені алады. Сондықтан бүгінгі үйленген жастар жақсы адамдарға қарап бой түзегені абзал», – деп хабарласқанымызға қуанып, құдаларыма сәлем айтыңыз деп қалды Қуаныш ақсақал.
P/S: Бақытын еңбектен, бір-біріне деген сенімнен, махаббаттан тапқан бұл екі жұп − бір-бірімен байырғы құдалар. Бағыберген мен Венера отау құрғалы жиырма жыл бойы жарасымды туыстық үлгісін көрсетіп келеді. Құдалардың өмірі өнегеге толы. Сарқылмас сезім, сызат түспес сенім мен мөлдір махаббат − ұлағатты ұяның тірегі.
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!