Коллаж ашық дереккөзден алынды
26 наурыз күні таңертеңгілік қораға беттеген Ғани ағай тағы бір сиырының орнын сипап қалды. «Көзін байлап қойсаң да, қиналмай-ақ үйді тауып келетін емізулі сиырым қолды болды» деп күрсінді ол.
Қала іргесіндегі елді мекенде тұратын Ғани Бекмырзаевтың малы кейінгі жылдары ұры-қарының оңай олжасына айналған. Биыл ғана емес, жылда қорасынан мал жоғалады. Есебі бойынша, былтыр бір айдың ішінде-ақ төрт бас сиыры қолды болған. Одан бөлек 2024 жылдың шілдесінде де бір сиыры жоғалып кеткен.
− Іздемеген жер қалмады. Фермаларды да қарадық, сұрау салдық, арыз жаздық, атпен де, көлікпен де іздедік. Бірақ ешқайсысы табылмады, − деді ағай.
Сөз барысында жаудың алыстан келмейтінін айтты. Өзі вахталық жұмыс істейді. Үнемі жұмысқа кеткенде бір малы ұрланатын көрінеді. Расымен, бүгіннің ұрыларын ақылды дерсіз.
Әр мал кемі жарты миллион теңге тұрады. Мал шаруашылығындағылар адал еңбек етіп, бір басты екеу, екеуді үшеу қылып көбейтемін деп жоспарлағанда тосыннан ұры-қары келіп, мазаны алады. Сонда шаруалар қайтпек?
Сандарды сөйлетсек, мал ұрлығы азайды дейді. Мысалы сонау он жыл бұрын елде 7,3 мың қылмыс орын алса, 2019 жылы 4,7 мыңға азайған. Осылайша ұрлық 40%-ға төмендеген. Ал кейінгі бес жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны 64%-ға азайды. 2024 жылы республика бойынша 1026 мал қолды болса, биыл жыл басынан бері 190-ға жуық ұры ұсталыпты. Енді облыстағы жағдайға қарасақ, Қызылордада да ұрлық екі есе азайған.
− Кейнгі бес жылда мал ұрлығы жүйелі түрде төмендеп келеді. Егер 2019-2020 жылдары облыс бойынша жылына 500-ге жуық дерек тіркелетін болса, қазір бұл көрсеткіш шамамен екі есе азайды. Бұл тенденцияның басты себебі − қылмыстық жауапкершіліктің күшеюі. Бұрын ұрылар жәбірленушімен өзара келісіп, шығынды қайтарып, жазадан оңай құтылып кететін. Қазір заң бұған жол бермейді. Мал ұрлаған адам міндетті түрде сот алдында жауап береді және нақты мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Жазаның бұлтартпастығы » принципі көптеген адамды қылмыс жасаудан тежеп отыр, − дейді Қызылорда облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры Бағдат Ерімбетов.
Ал талдау жұмысына сүйенсек, мал көбіне Шиелі, Жаңақорған және Сырдария аудандарында ұрланады. Себебі бұл аймақтарда мал шаруашылығы жақсы дамыған, жайылымдық алқаптары да өте үлкен.
− Шиелі мен Жаңақорған аудандарының Түркістан облысымен көршілес екенін білесіз. Міне, бұл да қылмыскерлерге үлкен мүмкіндік береді. Олар ұрланған малды көрші облыстың аумағына бірнеше сағаттың ішінде өткізіп жіберуді әдетке айналдырған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы маңындағы ауылдарда ет базары жақын орналасқандықтан ұсақ мал ұрлығы жиі кездеседі, − дейді Бағдат Шаяхметұлы.
Иә, мұндай қылмыс көбіне алдын ала ойластырылған схема бойынша жүзеге асады. Ең көп таралған тәсілдің бірі − түнгі рейд. Ұрылар күндіз жайылымдағы қараусыз малды көздейді де, түнде көлікпен келіп, оларды айдап әкетеді немесе сол жерде бауыздап, етін ғана тиеп алады. Көбіне мотоцикл мен «Газель» секілді жүк көліктерін пайдаланады. Тағы бір қауіпті схема − бақташылардың немқұрайлылығы немесе сөз байласу. Ұрылар малдың қай уақытта қараусыз қалатынын немесе қай жерде күзет әлсіз екенін алдын ала біліп отырады. Міне, осы секілді түрлі айланы пайдаланған ұрылар малды әкетіп, пайдаға жаратады. Ал сол ұрланған малдың 80 пайызы ет түрінде сатылады.
− Қылмыскерлер малды оқиға орнында немесе жасырын жерде сойып, етті арзан бағада делдалдарға өткізеді. Ол еттер жалған құжат арқылы немесе бақылауы нашар шағын базарларға, асханаларға жіберіледі. Тірідей өткізу схемасы сирек кездеседі, өйткені тірі малды тасымалдау және оның құлағындағы таңбасын өзгерту үлкен тәуекелді қажет етеді. Қазір біз ет сататын орындардағы ветеринариялық анықтамалардың шынайылығын қатаң тексерудеміз, − деді аға прокурор.
Оншақты жылқысы, 5-10 бас сиыры мен 2 қойы бар Сәкен аға да ұры-қарылардан шаршағанын айтып, күрсінді.
− Күн көрсек, тіршілік жасап, отбасымызды асырасақ деген ниетпен мал ұстап, бағып жүрміз. Бірақ ауылдың ішінде ұрлық әлі де бар. Менің өзімде жылына кем дегенде бір бас малым қолды болады. Бірақ табылған мал, ұсталған ұры жоқ. Көзбен көрмеген соң, қолмен ұстап алмаған соң, кімнен кінә іздейміз? – дейді ағай.
Иә, қиын жағдай. Жем-шөбіне дейін өзің дайындап, ас-суын қолмен берген төрт түлігіңнен хабар болмай, үмітіңді үзесің. Ұры табылса игі, табылмаса жанға да тыныштық жоқ. Ал егер ойы қара адам ұсталса, сол тірлігі үшін Қылмыстық кодекстегі арнайы бап бойынша жазаланады. «Мал ұрлығы − ауыр қылмыстардың қатарына жатады» дейді Бағдат Шаяхметұлы.
Егер бұл қарапайым ұрлық болса, адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер ұрылар қораға басып кірсе, бірнеше рет қайталаса немесе топ болып әрекет етсе, жаза мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзарады. Ең ауыр жаза − ұйымдасқан топ болып аса ірі көлемде мал ұрлағандарға беріледі, олар темір торға 12 жылға дейін қамалады. Бұл баптың басты ерекшелігі − жәбірленуші кешірім берсе де, іс тоқтатылмайды. Яғни қандай айла ойласаң да, қолыңмен жасаған іске басыңмен жауап бересің.
Мысалы, жақында екі азамат мал ұрлығы үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ұрланған мал иесіне қайтарылды. Дегенмен барлығы сот залында шешіле бермейді. Ал нақтысында қанша іс сотқа дейін жетеді?
− Ашық айту керек, мал ұрлығы бойынша істердің 45-50 пайызы ғана сотқа жетеді. Себебі қылмыскерді анықтау мен оның кінәсін дәлелдеу өте күрделі жұмыс. Сот үкім шығарғанда ең алдымен залал көлемін ескереді. Егер адам жалғыз сиырын немесе атын жоғалтса, бұл отбасы үшін үлкен соққы болғандықтан, сот мұны ауырлататын жағдай ретінде қарайды. Сондай-ақ, ұрының бұрынғы «рекорды», яғни қылмысты қайталауы және істің алдын ала жоспарлануы жазаны барынша қатаңдатуға негіз болады.
Мал ұрлығы істерінде дәлел жинау − тергеушілер үшін ең қиын жұмыстардың бірі. Көбіне мал иелері жоғалған малды өздері іздеп, уақытын жоғалтып алады. Осы уақыт ішінде қылмыс орнындағы іздер де өшіп кетеді. Дегенмен, біз қазір заманауи технологияларды қолданамыз. Яғни жолдардағы камераларды тексереміз, күдіктілердің телефон арқылы қай жерде болғанын анықтаймыз (биллинг) және табылған ет немесе теріге ДНК сараптамасын жүргіземіз. Осы сараптама арқылы табылған еттің нақты қай малдікі екенін 100 пайыз дәлдікпен анықтауға болады, − дейді Бағдат Ерімбетов.
Ең қорқыныштысы − мал ұрлығы кәсіби дағдыны қажет ететін қылмыс. Облыстық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, ұсталғандардың шамамен 40 пайызы бұрын мүліктік қылмыстар үшін, соның ішінде мал ұрлығы үшін сотты болғандар екен. Бұл адамдар малдың құлағындағы сырғаны қалай ауыстыруды, етті қайда өткізуді және полициядан қалай қашуды жақсы біледі.
Мұндай қылмыстардың жолын кесу, тым болмаса алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Осы сұраққа жауап іздеп, Қызылорда облысының Полиция департаментіне хабарластық.
Департаменттің мәліметінше, өңірде мал ұрлығының алдын алу және оны дер кезінде анықтау мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Полицейлер тексеріс жұмыстарымен шектелмей, ауыл тұрғындары мен бақташыларға да түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. ұрлық фактілері орын алған жағдайда қолданылатын заң талаптары түсіндіріліп, қауіпсіздік шаралары жазылған арнайы жадынамалар таратылған. Сондай-ақ жайылымдағы малға қырағы болу, күмәнді жағдай байқалған сәтте немесе оқыс оқиға орын алғанда бірден «102» арнасы арқылы полицияға хабар беру қажеттігі жөнінде ескертілген.
− Мал ұрлықтарының алдын алу және ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мал базарлары мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары үнемі тексеріледі, − дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Қанат Өсербай.
Мысалы жыл басынан бері мал ұрлығын жасаған 8 қылмыскерден құралған 2 топ құрықталған. 19 қаңтар күні Арал ауданына қарасты Жақсықылыш ауылының маңында полиция қызметкерлері күдік тудырған УАЗ маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізген. Көлік бортынан ешқандай құжаты жоқ төрт бас жылқы табылған. Жедел-тергеу әрекеттері барысында бұл жылқылардың жайылымнан ұрланғаны анықталды. Тіпті Тоқабай ауылындағы мал иесі сол сәтте өзінің малы жоғалғанынан бейхабар болған.
Кейін жүргізілген тінту барысында күдіктілерден тағы екі жылқы мен жылқы еті тәркіленді. Тергеу деректеріне сәйкес, олардың әрекетінен жәбірленушіге 3 млн 140 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Полиция күдіктілерден «Желмая» маркалы мотоциклі мен басқа да заттай дәлелдемелерді тәркілеген. Жоғарыда жазғанымыздай, сот үкімі бойынша айыпталушылар 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осындай оқиғалар мал ұрлығының әлі де өзекті мәселе екенін көрсетеді. Сондықтан бұл бағытта тек құқық қорғау органдарының әрекеті ғана емес, мал иелерінің де жауапкершілігі маңызды.
− Ең басты талап − малды қараусыз қалдырмау. Егер мал бос жүріп, жол-көлік оқиғасына себеп болса немесе біреудің егінін таптаса, иесі әкімшілік айыппұл төлейді. Сондай-ақ, малды міндетті түрде сырғалау және базаға тіркеу қажет. Егер мал тіркелмеген болса, ол ұрланған жағдайда прокуратура мен полицияға оның иесін анықтау және шығынды өндіру заң тұрғысынан өте қиынға соғады, − деп ескертеді Қызылорда облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры Бағдат Ерімбетов.
Сандарға қарап, мал ұрлығы азайды дедік. Азайғанымен, шаруалар бөтеннің қорасына көз салатындардан әлі де сескенеді. Бір басты екеу қыламын деп тыраштанып, тіршілігіңді жасап жүргенде үнсіз бір жау келіп бір ақ сәтте малыңды ұрлайды да кетеді. Ізін де қалдырмайды.
Бүгін ұрланған сиыр бір отбасының ертеңгі азығы екенін ұмытпаңыз! Иә-иә, сізге айтып тұрмыз, «құрметті» ұры-қары!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!