Кітапхана – уақыттың үнін сақтаған, ұлттың жадын жаңғыртқан қасиетті кеңістік. Әрбір сөресінде тарихтың табы, әрбір кітабында адамзат ойының ізі жатқан бұл орда қоғамның рухани тірегіне айналып отыр. Сөз бен сана тоғысқан осындай мекенде өткен әрбір іс шара оқырман жүрегіне жол тауып, білімге деген құштарлықты оятады.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлттық кітап және Кітапханашылар күніне арналған ауқымды апталық ұйымдастырылды. «Кітап – білім бастауы» деген атаумен өткен рухани мереке мазмұн мен мәнге толы тағылымды шараларымен ерекшеленіп, апта бойы кітапхана қабырғасы жастардың ізденісі мен шығармашылығына, оқырман мен қаламгердің сырласуына куә болды.
Талғамы биік оқырман үшін «Күш – білімде, білім – кітапта» тақырыбында студенттер арасында интеллектуалды сайыс өтіп, білім додасы нағыз ой бәйгесіне айналды. «Дара тұлғаның дара жолы» атты сұхбат кеші оқырман мен кітап арасындағы рухани байланысты тереңдете түсті. Ұлттық өнерді ұлықтаған «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат» кездесуінде ақын, күміс домбыра иегері Бексұлтан Орынбасаровпен жүздесу жас буынға шабыт сыйлады.
Сирек қордың қазынасын танытқан «Кітап. Тарих. Шежіре» көрмесі өткеннің өнегесін бүгінмен жалғап, рухани сабақтастықтың алтын көпіріндей әсер қалдырды. Кітапты насихаттаудың тың үлгісі ретінде ұйымдастырылған «Кітап ал!» акциясы оқырманға рухани сый тарту етті. Табиғат аясындағы «Қош келдің, көктем!» пленэрі мен ерекше форматтағы «Кітапханадағы түн – 2026» акциясы кітапхананың жаңа тынысын танытты.
Апталықтың шарықтау шегі ретінде «Кітапхана – рухани қазына ордасы» атты мерекелік кеш өтті. Биыл бұл күннің маңызы тіптен айрықша. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні кәсіби мерекемен қатар аталып, кітапхана саласының беделін арттыра түсті. Бұл дата ЮНЕСКО белгілеген Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен үндесуімен де мәнді.
Мерекелік шара барысында өңірдің мәдени дамуына үлес қосқан бірқатар кітапханашы марапат төрінен көрініп, «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгілері, Құрмет грамотала- ры мен алғыс хаттары табысталып, сала мамандарының еңбегі лайықты бағаланды.
Кітапхана ауласында өткен көрмелер де көпшілік назарын аударды. Облыстық, қалалық және аудандық кітапханалар өз жетістіктерін таныстырып, озық тәжірибелерімен бөлісті. Бұл бастамалар кітап оқу мәдениетін жандандыруға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және кітапты өмірлік серікке айналдыруға бағытталды.
Мерекелік күннің мазмұны да бай болды. «Кітап – ақылдың кілті» атты жаңа кітаптар көрмесі оқырман көкжиегін кеңейтсе, «Кітап кейіпкерлерінің шеруі» әдеби әлемді сахналық көрініспен ұштастырды. Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Мен поэзияны сүйемін» байқауы жас жүректердің жырға деген іңкәрлігін айқындады. «Oimaq» қолөнер үйірмесінің шеберлік сабағы өнер мен еңбектің үйлесімін көрсетсе, Исраил Сапарбайдың 85 жылдығына арналған ашық аспан астындағы оқулар жыр әлемінің жарық жұлдызын тағы бір мәрте ұлықтады.
Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ол ой мен рухтың тоғысқан мекені. Осындай мазмұнды шаралар арқылы қоғамда кітап оқуға деген қызығушылық артып, рухани құндылықтарға бетбұрыс күшейе түседі. Рухани байлықтың қайнар көзіне айналған кітапхана әрдайым оқырманын жаңа белеске жетелеп, білім мен парасаттың шамшырағы болып қала бермек.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!