Азаттықты аңсаған ата-баба ғұмырына үңілсек, бүтін бір ұлттың тағдыры шешілетін жеңісті сәт – ел тәуелсіздігіне жетер жол қай кезде де жеңіл болмаған. «Ащы менен тұщыны татқан білер, жақсыменен жаманды жортқан білер» деген сөз азат ел құрудың қаншалықты күрделі екенін оның басы-қасында жүргендер ғана сезіне алатынын меңзесе керек.
16 желтоқсан – теңдесі жоқ тарихи күн, жалпыұлттық мереке. Осыдан отыз жыл бұрын аталған күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел дамуында жаңа тарихи кезең басталғаны баршаға аян. Бейбітшілік пен келісім, саяси тұрақтылық пен экономикалық өсудің жаңа жүйесі қалыптасты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жас мемлекет әлем қауымдастығынан лайықты орын иеленіп үлгерді.
Тарих ауқымында 30 жыл қас–қағым сәт екені рас. Алайда ел ішінде қысқа мерзімде жүздеген жылға пара-пар қадамдар жасалып, жоспарлар іске асты. Қазақтың заңнамалық жүйесі де дербес, адам құқығы мен өмірін басты орынға қоятын дамыған елдерден қалыс қалмай, тарихтан белгілі «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысын» жалғастырып, мәңгілік ел болудың алғышартына айналғандай. Қазақ хандығы да осы жүйе бойынша құрылып, даму жолына түсті. Тарихшылардың айтуынша, ол дәуірдегі билік жүйесі «Тағанақ кеңес» және «Тұрымтай кеңес» деп аталатын екі жүйеге негізделді. Белгілі этнограф Зейнолла Сәнік: «Тағанақ кеңеске» хандыққа қарасты елдің ең басты рубасылары, білікті билер, қолбасылар, жыраулар қатысады. Онда хандықтың ірі істері талқыланып, ел ішіндегі дауларға шешім жасалған. Алда атқарылатын жұмыстар, халықтық қорғаныс жұмыстары талқыланып, соған сай жарғылар қабылданған. Ел билеуші хан осы Тағанақ кенесте сайланатын. Ол сол елдің мәселесін қарап, кеңес алдында есеп беруге міндетті», – деп жазады.
Осы орайда ҚР Ата Заңына сүйеніп жұмыс жасайтын сот сараптама институтының қызметін атап өтпеуге болмайды. Сот сараптама қызметінің мақсаты – қылмыстық, азаматтық, және әкімшілік үдерісте не сотта қатысушы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуде сот сараптамасын жүргізу арқылы әділдікке жету.
Айта кету керек, сот сараптама үдерісі қазақ және орыс тілінде жүргізіледі. Сот сараптамасы жаңа түрлерімен толықтырылуда. «Азық-түлік тауарларын сот сараптамалық зерттеу», «Психологиялық криминалистік зерттеу». «Психологиялық-физиологиялық зерттеу» түрлері бойынша да істер қаралуда. Сонымен қатар ҚР азаматтары өзінің толғандырған сан түрлі мәселелері жайлы ақылы түрде сот сараптама қорытындысын қолына алу мүмкіндіктері қарастырылған.
Жыл сайын ел Президенті Қ.Тоқаев қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар азаматтардың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған. Елбасы өз Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалаудың бағыттарын көрсетіп берген болатын: олар – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып сапасын арттыру, азаматтардың құқығы мен мемлекеттің мүддесін қорғау.
Жолдауда айтылған бағыттарды жүзеге асыру және сот сараптама жүйесіне деген халықтың сенімін арттыру – біздің міндет. Жаңа ғасырдың жиырма екінші жылы тәуелсіз елге бәсекеге қабілетті жастар мен жаңа жетістіктер сыйлап, ырыс алып келсін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Индира НҰРЫМБЕТОВА,
облыстық сот сараптамалар институтының
бас сарапшысы