30 күн ішінде 60 мың теңгемен Қазақстанның шығысы мен батысын тұтастай шолып шығып, еліміздің сұлу табиғатын тамашалауға болады дегенге сенесіз бе? Жетінші арнадағы “Оян, Qazaqstan” бағдарламасының тілшісі Санат Ілияс автостоппен біз айтқан соманы қалтасына салып,  Марқакөлден Каспийге дейін бір ай ішінде саяхаттап, Қазақстанның біз білмейтін ғажап кө­рінісін көрерменге ұсынуды қолға алған. Жолау­шының айтуынша, оның мақсаты – 100 адаммен танысу, итбалықпен суретке түсу, жан аяғы баспаған сұлу таби­ғатты көрсету және мүмкін болса, болашақ жарын кез­дестіру.

Санат бұл саяхатын одан да қызықты ету үшін өзіне бір күндік лимит қойды, осы уақытта ол күніне 2 мың теңге ғана жұмсауы керек.

Журналист 30 күндік бұл жолға өте тиянақты дайындалыпты. Біріншіден,  Қазақстанның кең байтақ даласынан шынайы әрі әдемі кадрлар түсіру үшін өзімен алып жүретін техникасын жабдықтап алған. Екіншіден, жолда қиналмауы үшін телеарнадағы әріптестері шашын тақырлап алып беріпті. Ал үшіншіден, әрине, алдағы 30 күнде ауа райы қалай құбылатыны белгісіз, керек-жарағы мен киім-кешегін де реттеп алған.

Осылайша “жалғыз жолаушы” шығысқа шілденің басында Марқакөлге қарай бет алды. Санат Ілияс жолда түсірген видеоларын Жетінші арнадағы “Оян, Qazaqstan” бағдарламасының Instagram-дағы парақшасына ұсынады. Ол жердегі кадрлардан оның Тайынты, Күршім сияқты ғажап ауылдардан өткенін көруге болады. Санат Марқакөлге жету үшін алдымен Күршімге жетіп алады. Ең қызығы, онда ауылдан 80 шақырым жерде екінші Марс бар екенін біледі. Бұл Қиын Керіш деп аталатын жер. Жергілікті тұрғындар оны “Елестер мекені” деп те атайды-мыс. Журналистің саяхаты дәл осы жерден басталады.

Санат Марқакөлге бару үшін енді Қалжырға жол-жөнекей жетіп алады. Онда ауа райы күндізгі 11.00-ден 21.00-ге дейін 25 градустан жоғары екен, оған қоса шыбын-шіркей көп болғаны сонша, қалың киінуге мәжбүр болған.

Одан ары тағы 2-3 көлікке отырып Санат Марқакөлге жақын маңдағы тауларға жетеді.

“Керемет  көріністерді көріп, еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім. Дәл қазіргі көңіл күйімді ешқандай алтынға ауыстырмас едім”, – дейді ол. Ақжайлауда ол тосын жағдайға тап болыпты. Оның шатыр құрып, түнейін деп жатқан жері зират болып шығыпты. Бұл туралы оған жергілікті тұрғын келіп айтқан. Абырой болғанда сол жерде танысқан Диана есімді қыздың ата-анасы үйіне кіргізіп, түнеуге рұқсат берген екен.

Төртінші күні Санат ақыры Марқакөл табиғи қорығына жетеді. Оның айтуынша, суы тап таза, мөлдір, құмы жұмсақ, табиғаты әсем. Алайда суға түсуге, балық аулауға болмайды. Ал келушілер некен-саяқ.

“Марқакөлде демалғыңыз келсе, жеке көлікпен баруға кеңес беремін. Ал Өскеменнен такси жалдау құны – 50 мың теңге. Демалыс үйлері де бар. Адам басына кемі 2000 теңге болады.

Менің ойымша, Марқакөл дарынды, талантты бала сияқты. Барлығы бар, табиғат, орман, су, көл, әдемілік. Бір ғана нәрсе жетіспейді, бұл – қолдау. Көңіл бөлінсе, туристік орталыққа айналады. Мен оған сенемін”, – дейді ол.

Санат Ілияс саяхатқа стереотиптерді жою үшін шыққанын айтады.

“Қазір адамдарда мейірім жоқ, сананы тұрмыс, қаржы билеген заман дейді. Мен осы стереотиптерді жою үшін саяхатқа шықтым. Осы уақытқа дейін жолыма бір тиын төлегем жоқ. Барлығы адамдардың көмегімен. Осы арқылы мен әлі де мейірімділік бар екенін көрсеткім келеді. Саяхаттау – жаңа дүниені тану, жаңа достар табу, жаңа көзқарас қалыптастыру”, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазір 2000 теңгені жеткізу емес, жұмсау қиын болып жатыр. Себебі көбі оны жұмсауға мүмкіндік те бермейді.

“Бір күн… Адамды бауыр қылатын да, жат қылатын да сол бір тәулік. Менің қазір кезіктірген адамдарымның бәрі күндік таныстықпен шектеледі. Олармен алдағы өмірімде қайтадан көрісем бе, жоқ па, бір Аллаға аян. Бірақ сол адамдарға бауыр басып қаламын”, – деп ішіндегісін бөлісті Санат.

Ол Лепсі тауларында болған тағы бір қызық оқиғасын әңгімеледі.

“Жаңбыр жауып көлігіміз балшыққа батып қалды. Сол жердің Фархат деген тұрғыны бізге көмектесіп, қонаққа шақырды. Сөйтсек Жоңғар Алатауының ортасында оның омарта шаруашылығы бар екен. Сол жерден таза балдың дәмін таттық, балдан жасалған сусын іштік. Өте көңілді кездесу болды. Тауда тұратын Фархат пен елордалық менің басымды осы саяхат біріктірді”, – дейді Санат.

Санаттың сөзінше, ол әр бағдарламада міндетті түрде суды көрсетеді. Оған себеп бар.

“Су ішіп, жуынып не түсіп жатасың. Бәрінен бұрын судың қадірін ерекше түсіндіретін саяхат”, – дейді ол.

Санатпен Қызылордадағы саяхатында жолығудың сәті түсті. Күннің нәрі жолаушының бет-бейнесін өзгерткен. Күнге күйсе де Санат жүріп өткен жолына дән риза. Әрбір өңірдің ерекшелігін байқаған ол Қызылордада ерекеше көріністерге тап болыпты.

 “Қызылордадағы негізгі саяхатым Жаңақорған ауданында болды. Алдымен Түгіскендегі Апанқаққа бардым. Жер астынан шыққан ыстық су мені ерекше таңқалдырды. Адамға шипа сыйлайтын судың тарихымен танысып, түсіп те көрдім. 70 градус ыстық судың денені күйдірмейтіні қызық екен. Одан кейін Қызылорданың негізгі бренді саналатын Жайылманың қарбызынан дәм татып, егістіктегі шаруалардың жұмысымен таныстым. Сапардың соңы Жаңақорғандағы санаториямен қорытындыланды. Қызылорданың қонақжайлығы мен қарапайымдылығына разымын”, – дейді жалғыз жолаушы.

Санаттың соңғы сапары қарт Каспийде қорытындыланады. Біз жолаушыға сәттілік тілеп, Батысқа қарай жол сілтеп жібердік.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!