Парламент сенаты Қазақстан президентіне Ұлттық банк төрағасына Ғалымжан Пірматовты тағайындауға келісім берді.

Конституцияға сәйкес Ұлттық банк төрағасының кандидатурасына келісім беру Сенаттың ерекше құзырына жатады.

«Конституцияға сәйкес, Президенттің Ұлттық банк төрағасын тағайындауына келісім беру Сенаттың ерекше қарауына жатады. Сенаттың келісімін алу үшін Президент палатаға тиісті ұсыным енгізді», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың қарауына келісім алу үшін Ұлттық банк төрағасы лауазымына үміткер ретінде Ғалымжан Пірматовты ұсынып отырғанын жеткізді.

Сенат депутаттары Пірматовтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Ғалымжан Пірматовтің өзі денсаулығына байланысты сенат отырысына келе алмады.

Сүлейменовтің айтуынша, ол коронавирустан емделіп жатыр.

Айта кетері, Конституцияға сәйкес, Ұлттық банктің төрағасын Қазақстан президенті парламент сенатының келісімімен тағайындайды. Бұған дейін Ұлттық банкті үш жыл бойы Ерболат Досаев басқарды. Жуырда ол Бақытжан Сағынтаевтың орнына Алматы қаласына әкім болып барды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!