Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов тағы да қызметінен шеттетілді. Ниязов жұмысына тек мамыр айында ғана оралған еді.

Биыл қыста Ғалымжан Ниязов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен екі айға қамалған болатын. Кейін сот бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертті.

24 мамырда Маңғыстау әкімінің орынбасары қызметтік міндетіне кіріскені белгілі болған еді. Дегенмен сот шешімімен келесі күні қызметінен уақытша шеттетілген.

«Қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылуына байланысты қызметі уақытша тоқтатылды. 2022 жылдың 27 мамырында осы сот шешімі заңды күшіне енді. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды», – деді Маңғыстау облыстық Экономикалық тергеу департаменті өкілдері.

Маңғыстау облысының соты Ниязовтың үйқамақтағы мерзімі 24 мамырдан 24 маусымға дейін ұзартылғанын айтқан.

«25 мамырдан бері Ғалымжан Ниязов жұмыста жоқ. Қосымша ақпарат алу үшін құқық қорғау органына жүгініңіз», – деді облыс әкімдігі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!