Kyzylorda-news.kz. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасы еліміздің өңірлеріне жеткізіле бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Барлық азаматқа қолжетімді болу үшін отандық екпе өндірісін ұлғайтамыз. Қазақстан әлем бойынша өз вакцинасын шығарған бірнеше елдің қатарында. Екпені әзірлеген ғалымдар мен мамандардың бәріне алғыс айтамын!», – деп жазды президент әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қазақстандық QazVac препаратымен вакциналау 26 сәуірде басталатынын хабарлаған болатын. QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы өндірілді, мамырда тағы 50 мың доза көлемінде шығарылады.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысында салынып жатқан QazVac вакцинасын шығаратын зауыт жыл соңына қарай іске қосылатынын айтты.