Бала тәрбиесі – сәби жарық дүниеге келмей тұрып қолға алынуы қажет дүние. Бүгінде шаңырақ көтерген екі жас, ертеңгі күнгі әке мен ана екенін, тұтас бір елдің бір бөлшегі екенін сұңғыла санасымен сезіне білуі тиіс. Рухани тұрғыдан білім алып, бала деген жұмыр жүректің ертеңгі ел болашағы екеніне көз жеткізу – жарқын күндердің бір есігін ашқанмен пара-пар. Әңгімемізге арқау болған тақырыптың қаншалықты өзекті екені біз атап айтпасақ та белгісі. Десек те, ұрпақ алдында маңызын жоғалтпайтын осынау мәселелердің бір тармағын болсын тарқатып, саралау – келешек дамуына қосқан бір үлесіміз деп білемін.

Әңгіменің өзегі – жастар. Кез келген тұлғаның саналы болып қалыптасуы құрсақтан бастау алады. Ата-ана тәрбиесімен жалғасып, ұстаз тағылымымен толығады. Бүгінде республикалық балалар журналында қызмет етудемін. Дарынды, талабы таудай жастарды ақпарат бетіне жариялап, оларға қолдау көрсетуден жалықпаймыз. Ата-ана мен өз ортасынан қолдау тапқан оқушылар, әрине, шабыттанады, дүбірлі бәсекеге түсуден тартынбайды. Осы қарқынды жоғалтпаса, олардың болашақта да жеңіс тұғырынан көріне берері даусыз. Бірақ қоғам қай уақытта да идеал емес. Топ ортасында еленбейтін, алдына мақсат қоя білмейтін, қоғам ортасында көш бастауға қабілетсіз жастар да өмір сүруде. Сәби шағынан қолдау көрмей, ілгері күнге қадам басуға бағдар таппай жүрген жас ұрпақтың ертеңгі күні кімді мазалауда? Бүгінде жастар арасындағы суицидтің көбеюі неден туындайды? Таңды таңға жалғап, құмар ойынға бас ұрған жастардың ертеңгі күні ұрлық жасамасына, ішкілікке салынып кетпеуіне кім кепіл береді?
Біздің әлем – ақпарат әлемі. Күніне келіп жатқан миллиондаған ақпараттың аражігін ажырата білумен қатар, өз саласының білікті мамандарынан кеңес алу қажет. Қоғамда қаптаған гаджеттердің зияны көп екенін біле тұра, біз өзімізді шектей алмаймыз. Шамадан тыс қолдану жүкті әйелдің ішіндегі балаға да зиян екенін ғалымдар дабыл қаға ескертуде. Бүгінгі жас ана біз тыңдап өскен бесік жырын ұялы телефон арқылы тыңдатуда. Шамадан тыс пайдаланудың ақыры бесіктен белі шықпай жатқан баланың аутизмге ұшырауына әкеп соғып та жатыр. Балаға қажетсіз жерде тиым салып, шектеу қажет ситуацияларда еркіндік беру санасына кері әсер тигізеді. Көптеген ата-ана бала құлақпен емес, көзбен тәрбие алатынын ұмытып, тек ақыл айтумен шектелуде. Тәй-тәй басып, санасы қалыптаса бастаған әр саби, ақпараттың барлығын көзбен қабылдап, ақ парақтай санасына сіңіре бастайды. «Бұлай жасама, олай айтпа, ол жаққа барма» деген сансыз шектеулерден жалыққан баланың бойында, әрине, жасықтық пайда бола бастайды. Өзінің ойын еркін, толық жеткізе алмай іштей тұйықталады. Отбасынан шаттық, қолдау таппаған ұл ермек іздей бастаса, әке тарапынан жылулық көрмеген қырмызы қыздар қамқорлықты сырттан іздейді. Мұның салдары ішімдік, есірткіге тәуелді жасөспірімдердің санының артуы мен кәмелеттік жасқа толмай ересек өмірге қадам басқан қаракөздердің түсік тастауына, одан қалды «көкек ана» атануына әкеледі.
Білікті психологтар жас балалар инспекторларымен сұхбаттасу барысында бүгінгі күнгі проблемалардың шығуы үйдегі тәрбиеден бастау алатынын тағы бір нықтайды. Ата-аналардың жұмыс бастылық салдарынан туындаған агрессивті эмоцияларын балаға шектен тыс көрсетуінің, әке мене шеше арасында түсініспеушіліктердің жанұяға қаншалықты кері әсер ететіне мән бере бермейтінін, көңіл аудармай қараған осы бір кішкене мәселелердің ертеңгі салдарын ескермейтінін айтуда. Мамандар бұл тұрғыда бүгінгі бала тәрбиесі дұрыс жүйеге түспеуіне байланысты өз альтернативаларын ұсынады. – Гаджетсіз демалыс. Бүгінде отбасылық демалыс өткіземіз деп саяхат жасаған ата-ананың басым көңілі балаға түспейді. Сондықтан,арнаулы демалысты қосымша байланыс құралдарынсыз өткізу керек.
–Тәрбиені практикалық тұрғыда көрсету. Ата-аналар мектепке дейінгі балаларды білім алсын деп қосымша сабақтарға берумен шектелуде. Алайда баламен тығыз қарым-қатынас орнау тиіс. Тәрбиелік мәні бар амал-әрекеттерді баламен бірге жасау түпкі санаға ізгіліктің дәнін себу деген сөз. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ұлы сөздің астарына бойласақ, терең мағына жатқандай. Мысалы, осы уақытқа дейін әлемдік деңгейдегі білімді адамдардан жер бетіне айтарлықтай зиян келді. Гитлердің жасаған зұлымдығы миллиондаған адамның өмірін ойран етті. Пабло Эскобардың жасаған қиянаты салдарынан күні бүгінге дейін ол мемлекет аса қауіпті. Білімділігін кері бағытта қолданбас үшін, «баланы жастан» деген түсінікті санаға сіңіре отырып, тәрбиені күшейту қажет.
– Бүгінгі күнгі қоғамның тағы да бір шешілмей келе жатқан мәселесі – суицид. Бұл мәселе төңірегінде жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Себебі, оқушылармен жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар, құр ауыздан шыққан ескертулер айтылған жерде қалуда.
– Жас ұрпақ тәрбиесінде ескерілмей келе жатқан кезекті мәселе – қаржылық сауатсыздық. Қазіргі таңда халықтың қарызы тым көп десек, қателеспейміз. Қымбатшылық пен бәсекелестік өршіп тұрған заманда қаржылай сауатты болудың орны тым бөлек. Бүгінгі күні, жетіспеушілік салдарынан психологиялық тұрғыдан әлсіз болып қалыптасып, ақша табудың жеңіл жолын іздеп кететіндердің қарасы аз емес. Оңай ақшамен бәрін шешемін деп, тапқанын құмар ойындарының қоржынына салып жүргендер бар. Қарызға белшесінен батып, ақша таппай жүйкесі жұқарып, одан қалды ата-анасын зар еңіретіп, олардың айқайынан шаршап, түбінде өз-өзіне қол жұмсап тынып жатқан тағдыр иелері де жоқ емес. «Алмақтың да салмағы бар екенін» кез келгенұрпақ сезіну керек.
– Жас талаптың алдына айқын қадам қоюы – үлкен бір жетістік. Бүгінде қанатын қатай­тып, келе­шекке қадам бас­қан балалардың арман-мақсатына ата-ана кей жағдайларда атүсті қарауда. Билікті, министр, депутат, әкімдерді идеал қылып көрсетумен тым биікке ұмтылдыруда. Бірақ, барлық адам билікте қызмет етсе, қоғамды кім қалыптастырады? «Қолыңмен көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген философияға үңілсек, әр жасты шама-шарқына қарай белгілі маман ретінде қалыптастырып, қоғамға қажетті технократтарды, өнеркәсіп саласында еңбек етер үздіктерді бүгіннен бастап дайындауымыз қажет.
Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келсек, ата-ана бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, саналы түрде бағыт беруі қажет. Белгілі мамандармен жұмыс жасап, ұмыт болып бара жатқан қазақи тәрбиені еске түсіре отырып, қай уақытта болмасын балаға ата-ана тарапынан қолдау қажет екенін ұмытпауы тиіс. Қоғамның басты дертіне айналған жоғарыдағы мәселелердің шешімін табуға жұмыла кірісіп, әр адам тәрбиені өзінен бастаса, көп ұзамай нәтижеге жетеріміз анық.

Абзал ӨМІРАЛИЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!