Фото: azattyq-ruhy.kz

Қызылордалық «Қайсар» өткен сенбіде өз алаңында Алматының «Қайрат» командасын қабылдады. Төрт тур бойы жеңіске тұғырынан көріне алмаған жерлестеріміз бұл жолы жанкүйер көңілінен шықты. Тәжірибелі қарсыластарының осал тұсын тауып, биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңіске қол жеткізді.

Қызылордалық футболшылар алғашқы үш турда бірде-бір ұпай ала алмаған еді. Оның екеуінде өз алаңында қарсыластарына есе жіберді. Бұл жергілікті жанкүйерлер тарапынан реніш туғызғаны жасырын емес. Оған команда басшылығы «Әзірге футболшылар арасында түсінбеушілік бар. Олардың көбі клубқа биыл қосылды. Алдағы ойындарда ұпай олжалауға күш саламыз» деп уәде берген болатын. Турнир кестесінде он үшінші орында тұрған «Қайсар» үшін жеңіс ауадай қажет еді.

Доп додасының дүбірі естілген сәтте «Қайрат» басшылығы чемпион атағын жеңіп алуға күш салатынын жеткізді. Әрине, оған барлық мүмкіндік бар. Өз шәкірттері мен тәжірибелі легионерлер команда құрамына енгізілді. Десе де алты турдан кейін жағдайы мәз емес. Небәрі сегіз ұпаймен турнир кестесінің бел ортасында тұр.

«Қайсардың» бас бапкері Виктор Кумыков алғашқы минутта Думан Нәрзілдаев, Елжас Алтынбеков, Өркен Махан сын- ды футболшыларға сенім артты. Сондай-ақ олардың қатарына бұдан бұрын негізгі құрамда алаңға шықпай жүрген Горан Милойко қосылды. Қалғаны «Қайсар» сапында тұрақты түрде ойындарға қатысып жүрген футболшылар еді. Ал қарсылас құрамда Жоао Паоло, Элдер Сантана, Виктор Васин секілді шетелдік шеберлер және «Қайраттың» академиясында тәрбиеленіп шыққан жас таланттар жасыл алаңнан көрінді.

Алғашқы минуттан қос команда ашық шабуылға көшті. Екеуінің де есеп ашатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірінші кезеңде «Қайсар» сапынан Өркен Махан қақпашымен бетпе-бет шығып, өз мүмкіндігінен мүлт кетті. Алматылық клубтың өткір шабуылына қызылордалық қорғаушылар тойтарыс берді.

Екінші кезеңде де ойын дәл осылай жалғасты. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енбеді. Төреші қосқан қосымша бес минут түгесілер тұста «Қайсар» шабуылшысы Айбар Жақсылықов алматылық қақпашы Данил Устименконың өрескел қателігін пайдаланып, жаңа команда сапындағы алғашқы голын соқты.

Осылайша қызылордалық команда биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісін тойлап, турнир кестесінде он бірінші орынға көтерілді. Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 5 мамырда сырт алаңда Қарағандының «Шахтер» командасына қарсы өткізеді.

М.ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!