Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ел азаматтарының несие бойынша қарызы – 6 триллион теңге. Алынған несиенің басым бөлігі – тұтынушылық несиеге жатады. Бұл көрсеткіш халықтың төлем қабілетінің жоғары екенін дәлелдемейді. Керісінше, қазір несиені алып, төлей алмай жүргендер саны артуда. Олардың несие тарихы бұзылып, қара тізімге енсе, енді банктен қарыз алуы қиындайды. Әсіресе мұндай жағдай баспанасыз жүрген азаматтарға салмақ болары анық. Осы мақсатта несие тарихы дегеніміз не? Қара тізімнен қалай шығуға болады деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Несие тарихы қалай бұзылады?

Әр банктің несие тарихын бағалауда өз саясаты бар. Несиелік бюролар мен ҚР несиелік тарихтарды қалыптастыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, несие тарихындағы мәлімет соңғы жаңартудан бастап 10 жыл көлемінде сақталады. Яғни несие тарихы өшірілмейді. 10 жылдан асқан несие келісімшарты туралы ақпарат ғана өзекті болмайды екен. Ал несие тарихы «Бірінші кредиттік бюро» субъектілермен жұмыс істеу департаментінің базасында сақталады. Несиені уақытылы төлей алмаған немесе кешіктіріп төлеген жағдайда борышкерге қатысты мәлімет банктің емес, кредиттік бюроның базасына енгізіледі. Осы тұста несие тарихы дегеніміз не және онда қандай мәліметтер сақталатынына тоқталсақ.

Несие тарихы бірінші кезекте банктер мен несие беретін мекемелер үшін маңызды. Ал несие тарихын екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымынан келген ақпараттар негізінде кредиттік бюро құрады. Несие беру әр банкте әртүрлі, яғни әр банктің клиентке қояр талабы бар. Бір банк несие алушының бұрынғы қарызды 90 күн кешіктіріп төлегенін анықтаса, несие рәсімдемейді. Ал келесі банк бұл жағдайды ескермеуі мүмкін. Кей банктер қосалқы қарыз алушыны шақыртып жатса, басқа банк мамандары қосымша кепіл беруді сұрауы мүмкін. Ал несие тарихын электрондық үкімет, бірінші кредиттік бюро, StarBanking www.post.kz порталынан және 1cb.kz бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Түзелмейді, тек жақсарады

Несие тарихын тазалауға немесе өзгертуге болмайды. Несие тарихында несие мерзімін ұзарту қай айда, қандай сомада болғаны және қанша күнге созылғаны туралы ақпараттың барлығы нақты көрсетіледі. Тіпті бұл ақпарат несиені толық жапқаннан кейін де несие тарихы болып сақталады. Ал несие рәсімдеуші банк тұтынушының несие тарихына қарап, бұрын қандай несие, қандай сома мен мерзімге алғаны, оны уақытылы жауып жүр ме, жоқ па, қандай банктерден алғаны туралы ақпаратты қарап, шешім қабылдайды. Соңғы кезде халық арасында қара тізімнен шығудың жолы бар деген сыбыс айтылып жүр. Тіпті кей азаматтар бұл қызмет түрін көрсету үшін қомақты қаражат та талап етеді. Ал мамандар несие тарихын тазарту немесе өзгерту мүмкін емес дейді.

– Банк қызметкерлерінен «сіз қара тізімдесіз» немесе «қара тізімге» кіріп кетпеңіз» сынды сөздерді жиі естиміз. Шындығында «қара тізім» деген шартты атау ғана. Себебі несие тарихы сақталатын Бірінші кредиттік бюро ешқандай «қара тізім» жүргізбейді. «Қара тізім» ұғымын банк қызметкерлері несиені бірнеше мәрте кешіктіріп төлеген борышкерге қатысты қолданады. Ал несие тарихын жақсартудың жолы – ол жағымды төлем тәртібін қалыптастыру. Ол үшін аз сомаға немесе тауарға несие алып, оны уақытылы жауып жүрген жөн. Сол кезде ғана тарихы жақсарады. Кредиторларға төлем қабілетіңізді көрсетіп, одан кейін қомақты сомаға несие алуға өтініш беруге болады. Несие тарихын жақсартудың басқа жолы жоқ, – дейді экономист сарапшы Асылбек Күздеубаев.

– Бұзылған кредиттік тарихты жақсарту үшін шағын несиелік ұйымдарға жүгінуге болады. Өйткені микрокредиттік ұйымдар жаман несиелік тарихы дұрыс емес клиенттерге қарыз береді. Ол компанияда адамдар ешқандай анықтама мен басқа да құжаттар жинамастан, бірнеше минут ішінде жылдам микрозаем рәсімдей алады. Қарызға қол жеткізгеннен кейін оны мерзімінен кешіктірмей, дәл уақытында төлеп шығу қажет. «Заемшының несиесін өз мерзімінде өтегені» туралы ақпарат микроқаржы ұйымынан кредиттік бюроға түседі. Осылайша бірнеше рет несие рәсімдеп, міндеттемесін лайықты орындаса, тұтынушының кредиттік рейтингі көтеріледі, – дейді экономист Светлана Қасымова.

Несиені мерзімінен бұрын жабу тиімді ме?

Несиені мерзімінен бұрын төлеу несие тарихын жақсартпайды. Банктердің несиелерін үнемі мерзімінен бұрын төлеп тұрғандарға несие беруден бас тартады. Өйткені екінші деңгейлі банктер мерзімінен бұрын төленген несие үстінен пайда көре алмайды. Сондықтан алынған қарызды ерте жабу банкке тиімсіз. Дегенмен бұл жағдайда несие тарихы бұзылмайды. Тағы бір ескертетін жайт, бұрын-соңды несие алмағандарға банк қаржылай несие бермейді. Ол үшін тауарлы несие алып, несие тарихын қалыптастыру қажет. Сондықтан ірі несие алатын болсаңыз, алдын-ала несие тарихын құруға әркет жасау керек.

Қаржы сарапшыларының айтуынша, несие тарихын жақсартуға кем дегенде 2-3 жыл уақыт кетеді. Өйткені сіз несие сұраған уақытта банкті сіздің соңғы бірнеше жылдағы жағдайыңыз қызықтырады. Депозит ашу да несие тарихын жақсартудың бір жолы. Аз сома болса да депозитке сала берсеңіз, бұл сіздің банк алдындағы беделіңізді жақсартады. Келесі жолы несие сұраған кезіңізде несие тарихыңыздың нашар екеніне қарамастан, банк сіздің тұрақты салымшы екеніңізді ескереді. Биыл шыққан жаңа ережеге сәйкес, егер сіз 2020 жылдың 1 қаңтарында несие бойынша қарызыңызды төлеп бітсеңіз, онда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап кредиттік бюро сіздің несиеге «сауықтырылған» мәртебесін береді. Егер сізге «несие тарихыңызды жақсартып беремін» деп қызмет ұсынушылар болса, оларға ешқашан сенбеңіз. Бұл – алаяқтық әрекет. Сондықтан қаржылай сауатыңызды арттырып, несие алғанда да сақ болған жөн.

– ХХІ ғасырда несие алудың консьюмеризм уақыты келді. Яғни консьюмеризм ағылшын тілінен аударғанда – тұтынушылық деген мағына береді. Қазір халық техника, тамақ, киім барлығын несиеге алады. Қаржы технологияларын оңтайлы пайдалануда. Тіпті ақшалай несиені де үйде отырып рәсімдейтін деңгейге жетті. Бірақ несиені аларда бірнеше ережені басшылыққа алу қажет. Ең бірінші, алатын тауарыңыз сізге нақты қажет пе деген сауалға жауап іздеңіз. Екіншіден, төлем қабілетіңізді растау маңызды. Онда да бүгінгі жалақыңыздың келер жылы да ортаймасына кім кепіл?! Сондықтан несие алған аз мерзімге рәсімдеген абзал. Мұның тиімді тұсы бар. Егер бір жылға каспий мобильді қосымшасы арқылы 300 мың көлемінде несие рәсімдейтін болсаңыз, ай сайынғы төлем 35380 теңге болады. Бір жылға 124560 теңге үстемақы төлейсіз. Ал 300 мыңның орнына 301 мың теңге қылып рәсімдесеңіз айына 31378 теңгеден төлеп, жылдық үстемақы 124 мыңнан 75 мыңға қысқарады. Бұл жерде байқағаныңыздай, несие аларда  мың теңгенің өзі де айтарлықтай басымдық береді. Сондықтан қаржылай несие рәсімдегенде шартына мән беру керек. Көбіне қаржылай сауатымыз төмен болғандықтан, несие аларда шартын, пайыздық мөлшерін, комиссиясын есептей бермейміз. Егер кредитті ерте жапсам, комиссия ұстала ма немесе өсімі қысқара ма деген сұрақты қою қажет. Осының барлығына мән беру керек. Әйтпесе банкке жем болуыңыз мүмкін, – дейді Rysqulov Analytics талдау орталығының директоры Жасұлан Кушебаев.

Жақсы несие тарихының артықшылығы

  • Жұмысқа орналасып кетуге жол ашуы мүмкін. Қызық жағдай, бірақ кейбір жұмыс берушілер бүгінде қызметкердің несие тарихын тексеріп, оны да ескереді. Яғни несие тарихы жақсы адам сенімдірек саналады.
  • Тұрғын үй алу мүмкіндігі жоғарылайды. Тұтынушылық несие тарихынсыз ипотекалық қарыз алу қиын. Банк мақұлдаған күннің өзінде көп құжат жинау қажеті туындайды.
  • Қарыз алу тиімдірек болады. Несие тарихыңыз неғұрлым жақсы болса, банктер де сізге соғұрлым төмен мөлшерлемелер ұсынады. Ал несие тарихыңыз жаман болса, банктерден қарыз алу қиындайды.
  • Қосалқы қарыз алушы ретінде көмектесе аласыз. Жақсы несие тарихыңыз болмаса, жақыныңызға қосалқы қарыз алушы бола алмай қалуыңыз мүмкін.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!