Қоқыс – құнды шикізат. Жаһанның жасыл экономиканы жүзеге асыруы содан. Қайта өңдеп, қолданыстағы тауарға айналдырып отыр. Тиісінше, бұл – биосфераның былғанбауына сеп. Ал, бізде тәртіп пен тазалық толық сақталмайды. Қоғамның қоқыстан көз ашпауы экологиялық проблеманы туындатады. Ал тығырықтан шығатын амал қайсы? Қоқысты қаншалықты кәдеге жаратып жүрміз? Осы тақырып төңірегінде сөз қозғалық.

Субсидиялау стихиялық қоқысты азайта ма?

Мойындауға мойнымыз жар бермесе де, көшені қоқыспен толтыру әдетке айналған. Ауылдағы ахуалды айтпағанда, ірі мегаполисте де мін бар. Қоқысты сұрыптаудың орнына көмумен шектелеміз. Мұны министрлік те мәлімдеді.

– Әлемнің көптеген елдері қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасайды. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Ал біз әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз, – деді Әлихан Смайылов.

Ілгері қадам басу көшке ілесуге мүмкіндік береді. Қалдықты жоюды жүйеге келтіріп, тиімді тәсілге сүйену маңызды. Осы ретте қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы кәсіпорындарды субсидиялау басталмақ. Министрлік Түркия, Испания, Германия, Швеция, АҚШ-тың кейбір Штаттары, Норвегия, Канада, Корея және Жапонияның озық тәжірибесін зерттеді.

– Халықаралық тәжірибеде қалдықтарды тиімді басқару мақсатында қайталама шикізатты тапсырғаны үшін сыйақы беру мен қалдықтарды шығару қызметіне сараланған тарифтеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту сияқты негізгі шаралар қолданылады. Мұны іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту керек және бизнес субъектілерін осы салаға тартуға тиіспіз.

Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі әзірленді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы сыйақы мөлшерлемесі 3 процент және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру қарастырылған. Жобаларға 3 жылға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері шамамен – 200 млрд теңге, –  деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Қызылорда: 1 жылда 73 мың тонна қалдық

Белкөл кентінен 7,5 км қашықтықта орналасқан полигон көпке мәлім. Қалдықтарды сұрыптау кешенінің жылдық қуаты 60 мың тонна. Қала бойынша  өткен жылы полигонға  жалпы 73 724 тонна, күн сайын 180-200 тонна көлемінде қалдықтар тасымалданған. Орта есеппен 70 тоннасы сұрыптаудан өткізіледі. Нәтижесінде пластмасса өнімдері екінші қайтара өңдеуге жіберіледі.

– Полигон құрылысы санитарлық-экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді. 20 гектар аумағы толық қоршалған, қалдықтарды сұрыптау кешенімен және қалдықтарды өлшеу таразысымен қамтамасыз етілген. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 73 мың тоннадан аса қалдықтар қабылданды. Оның 35,7 мың тоннасы қала көшелеріне жүргізілген санитарлық тазалығынан құралған қалдықтар,

37,9 мың тоннасы жеке кәсіпкерлер мен көпқабатты тұрғын-үй аулаларынан шығарылған тұрмыстық қатты қалдықтарды құрайды.

 Қазіргі таңда полигон бойынша 9 бірлік арнайы техника және 23 адам қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және көму жұмыстарымен айналысуда, – деді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.

Әкімдік бұл мәселені қалт жібермеген сыңайлы. Жақында шаһар басшысы Серік Қожаниязов полигонға барып, жұмыс барысымен танысты.

– Полигонға келетін қоқыстарды экологиялық кодекс талаптарына сай залалсыздандырып, қайталама шикізатты өңдеу арқылы табыс табуды жолға қою қажет. Ынталы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, полигонды сенімгерлік басқаруға беру керек. Медициналық қалдықтарды да осы жерде залалсыздандыратын шаралар қабылдап, экологияға зиян келмейтін әдістерді қолдану маңызды. Ол үшін өңдеуден өткен қоқыстардың көзін жоятын арнайы пештерді орнату қажет. Ал ескі қоқыс полигон жерінің құнарлығын қайта қалпына келтіруге жоба-сметалық құжаттамасы әзірленеді, – деді ол.

Сонымен қатар қала әкімі «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Талғат Құлмағанбетовке қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру, кәдеге жарату және қайта өңдеуде кешенді шараларды ұтымды үйлестіру қажеттігін және қаланың сол жағалау ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына жерасты қоқыс контейнерлерін қою бойынша ұсыныс жобасын әзірлеуді жүктеді.

Қысқасы, азық-түлік қалдықтары да полигон аумағында шірітілуде. Осы процес арқылы қоршаған ортаға түсірілетін салмақты жеңілдетіп, көмілетін қалдық көлемін қысқартуда. Тек мұндай қарқынмен шектелмей, тың әдісті де қолға алған жөн. Егер пластмасса өнімін өңдегендей нәтиже болса, әлдеқайда алға жылжығанымыз. Қанша дегенмен қалдықтың да қаржы көзі екенін қаперде ұстаған ләзім.

Қоқысты қажет ететін елдер бар

Қоқыстың қолқаны алған иісінен ат тоңды ала қашатынымыз рас. Ал, әлем елдері әлдеқашан қалдықты пайда көзіне айналдырды. Бір жағынан, әр тұрғын үйінде де қоқысты сұрыптайды.

Бізде қоқыс тастау мәдениетінің төмен екеніне көз жеткізуге болады. Жәшікті лық толтырып, одан қалды үйінді етеді. Мәселен, Швецияда қоқыстың 99%-ын қайта өңдейді. Олар қоқысқа тасталған бір бөтелкеден жетеуін жасап шығарады. Сондықтан болар, тіпті қоқыс таппай қалады. Деректерге сүйенсек, Швецияға Норвегия мемлекеті жылына 800 мың тонна қоқыс жібереді екен. Сондай-ақ әр отбасында мәдениет қалыптасқан.

– Жапонияда қоқыс контейнерлері жоқ. Әр тұрғын қолдағы қоқысын көшеге тастамай, үйіне апарып, міндетті түрде сұрыптайды. Өйткені бұл мемлекетте қоқыс қайта өңделеді. Үйдегі қоқысты сыртқа шығарудың да тәртібі бар. Аптасына бір немесе екі рет алып кетеді. Оның белігілі уақыты мен жерін, ережесін жергілікті әкімшілік бекітеді.

Бұдан бөлек, көшедегі қоғам тәртібіне қатысты Сингапурды мысалға келтіремін. Себебі, мұнда сағыз, темекі сынды өнімдерге тыйым салынады. Қоғамдық көлікте де рұқсат ет­іл­меген. Халықты қа­лай тәртіпке келтірген дей­тін болсақ, еңбекақының кө­лемінен артылатын айыппұл са­лынады. Әр көшеде, әр бұ­рышта бейнебақылау ор­на­тылған. Ұсталған адам ай­лы­ғын айыппұлға төлейтін бол­ғандықтан халық ережені бұлжытпай орындайды, – дейді саяхатшы Динара Болат.

Түйіндей келе, қоқыс жайы ел экономикасы мен экологиясына ықпал етеді. Демек, қоқыстан арылтуға мемлекет ғана мүдделі емес. Тұрғындар да ауласын айнадай етіп отырса, қоғамдық тәртіп сақталса түйінді сәл де болса тарқатуға болар.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!