Жер астындағы өмірдің оңайы жоқ. Әсіресе, өмірін көмір қазуға арнағандардың еңбек жолы қауіп пен қатерге, сын мен сынаққа толы. Құлақты керең ететін терең қойнау түбінен қара алтынды алып шығу үшін қаншалықты қажыр-қайраттың керек екенін жақсы білеміз. Күннің жарығында, таза ауада жүріп тынысы тарылатын адамдар, маңдайына майшам тағып жер астында ауыр жұмыс істесе қазіргі жеңіл өміріне шүкіршілік ететіні сөзсіз. Ол ол ма, әлем елдіріндегі жер сілкінісі, құм астында қалған шахтёрлер жайында естісеңіз төбе шаш тік тұрады. Бұл осы жұмыстың қауіпін тағы бір ұқтырады емес пе?

Ленин шахтасындағы ең ірі апат

1995 жылы 24 қарашада Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Апат салдарынан 13 кенші қаза тапты. Содан он жыл бойы қазақстандық шахталарда тыныш болды, ешқандай төтенше жағдай тіркелмеді. Ал 2006 жылы сол шахтада ең ірі апат болды.
20 қыркүйек күні шахтада желдету құбырларын жөндеп жатқан. Осыған байланысты негізгі желдеткішті өшіріп тастады. Тергеу комиссиясының қорытындысына сәйкес, электрші қауіпсіздік ережелерін бұзған. Тоқты ажырататын аппаратта сыммен жалғап қойған жерлер болған. Содан желдеткіш істемеген соң газ жинала берген. Ал тоқты қосқанда сым жалғанған жерден ұшқын шығып, метан жарылған. Сол кезде жердің астында 368 кенші жүрген.
Жарылыстың қатты болғаны сонша, қаза болған адамдардың денесі бір шақырымға ұшып кеткен. Апат кезінде 41 адам мерт болды. Кеншілерді жабық табытта жерледі.
Комиссия апатқа 22 адам кінәлі деген шешімге келді. Олардың ішінде «Миттал Стил Теміртау» АҚ-ның бірінші басшылары да бар. Алайда артынан 8 инженер-техникке айып тағылды. Алтауы сотталды.

Абай шахтасында 30 кенші қаза тапты

2008 жылдың басында Абай шахтасының кеншілері жаңа жылды тойлап, жұмысқа енді ғана шығып жатқан. 11 қаңтарда 400 метрлік тереңдікте метан жарылып, арты алапат өртке ұласқан. Сол кезде жердің астында 191 адам болды. 161 кеншіні шығарып үлгерген. Қалған 30 адам қаза тапты. Олардың ішінде 21 кеншінің денесі сол күйі табылған жоқ.
Төтенше жағдайды тергеу кезінде өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауапты екі шенеунік қызметінен айырылды.

Кеншілер күні тойланбады

2011 жылы Қарағанды облысының кеншілері төл мерекесін тойлаудан бас тартты. Себебі сол жылы Саран қаласына жақын Күзембаев атындағы шахтада екі кенші қаза тапты. Сол күні шахтада 107 адам жұмыс істеп жүрген. Кенеттен көмір мен газ атқылай бастады. Үйіндінің астында екі адам қалған.
2016 жылы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты Саран шахтасында тағы бір апат болды. Жұмысшылар жоғарыға көтерілген кезде арбаның тросы үзіліп кеткен. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болды, тағы біреуі ауруханада көз жұмды. Сол кезде кабинаны монтаждаған жұмыскер, машинист және учаске бастығы кінәлі деп танылды. Үшеуі де бес жылға бас бостандығынан айырылды.
2017 жылы 31 тамызда таңғы сағат 04:21-де Шахтинск қаласында дабыл қағылды. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында кенет көмір мен газ атқылаған. Сол уақытта жер астында 136 адам болған. Үшеуі қаза тапты.

Шығыс пен батыста болған апаттар

2020 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Шығыстүстімет»
ЖШС Орлов өндірістік кешенінің шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Тағы бір шахтер ауруханаға жеткізілді.
Жылдың соңында тағы бір қайғылы оқиға болды. 30 желтоқсанда жарылыс жұмыстары кезінде «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС-нің төрт қызметкері қайтыс болды. Өлімнің алдын ала себебі – газдан улану.

«Абай» шахтасында метан жарылды

2008 жылғы апаттан кейін Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында тыныш болған. Араға он үш жыл салып, тағы метан жарылды. Апат 2021 жылы 11 қарашада болды. 64 кеншінің 56-сы жоғарыға өз күшімен шығып үлгерген. 8 жұмысшы қалып қойды. Алтауы қайтыс болды, екі адам газдан уланып қалды. «Арселор Миттал Теміртау» 100 процент кінәлі деп танылды.
2022 жылы Саран шахтасында тау-кен массасы опырылып түсті. Бір кенші үйіндінің астында қалды.


Бір шахтада 60-тан астам кенші көз жұмды

Биыл 3 қарашада Ленин атындағы шахтада дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан жарылды. Артынан өрт шықты. Апат салдарынан 5 кенші қаза тапты. Көбісі қырыққа да келмеген. Ең жасы 26-да болған.
Тәуелсіздік жылдары ішінде осы шахтада 60-тан астам кенші опат болды. Атап айтқанда, 1995 жылы – 13 адам, 1998 жылы – 1 адам, 1999 жылы – 3 адам, ал 2006 жылы 41 адам қаза тапты. Ленин шахтасында тәуелсіздік алғанға дейін де апаттар болды. 1978 жылы төрт кенші қаза тапты. Ал 1985 жылы тағы төрт адам көз жұмды. Бірақ 58 жылдық тарихы бар кен орны толығымен жабылмайды. Көмір қоры таусылмайынша істей береді.

Қарағандыдағы қаралы хабар

Өткен айда болған шахтадағы апат шарадай басты шақшадай етті. Өрт салдарынан өлім құшып, жер қойнында жан тапсырғандар көңілді алаң етті. Тексеруден өткен деген шахтадан шикілік шығып, соңы тергеуге ұласты. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті “Қазақстан” шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді. Апат кезінде шахтада 227 адам, олардың 222-сі жер бетіне шығарылған. Бірақ, өкінішке қарай 5 адам қаза болды. Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді. Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.
Бүгінде кеніштегі өндіріс белгісіз уақытқа тоқтатылды, бірақ басқа жұмыс түрлері жалғасып жатыр. «Қорғау» кәсіподағы 600 кенші мен басқа да шахта қызметкерлері жұмыссыз қалмайтынын айтты.
– Біз «АрселорМитталТеміртау» АҚ басшылығымен «Қазақстан» кенішінің жұмысшыларына еңбекақыны атқарған жұмысына қарай төлеуге, бірақ орташа жалақыдан төмендетпеу туралы келісімге келдік, – деп мәлімдеді. Кәсіподақ ұйымы атап өткендей, апат болған кенжар гипсті бөгеттермен бұғатталған. Ол температура төмендеп, ішіндегі жағдай адамдарға қауіпсіз болғанда ашылады.
Жүйелі жұмыс пен тиянақты тексеру үшін адам өлімінің болуы міндетті емес. Керісінше бәрін алдын ала жүзеге асырып, қауіптің жоқтығына көз жеткізу керек. Сонда кеніштегі кемшіліктен көз жұмып, қан жұтатындар көбеймейді.
Сараптап қарасақ, тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық шахталарда 160 адам қаза тапқан. Бұл – 160 тағдыр мен 160 отбасы. Тәуелсіз күннің батырлары атанған жерлестер жер құшқанда қабырғасы қайысып қалың қазақ жоқтады. Талай өмір осылай тоқтаған еді. Әйткенмен, өндірістің өмірі өміршең. Әлемнің озық, дамыған елдерінде де шахта жарылып, жан тапсырып жатқандарды естіп, апаттың айтып келмейтінін ұғамыз. Дегенмен де бақылау мен зерттеудің озық үлгісі шахта әлеміне жетсе апаттың алдын алуға болатындай. Иә, бәрі айтуға оңай. Тек тілегіміз, тірегіміз болып жүрген ер азаматтар әр кеште аман-есен отбасымен қауышса нұр үстіне нұр. Еліміздің байлығы – қалың қаржы емес, халық екені даусыз.

З.ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!