Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс және облыстық, қалалық мәслихат сайлауына қатысатын партиялар тізімін бекітті. Тізім бес саяси партиядан тұрады. Атап айтар болсақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Адал» саяси партиясы, «Халық партиясы» және «Nur Otan» партиясы. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафинаның айтуынша, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқанына арналған бюджеттік шығыстар сметасы 15,3 миллиард теңгені құрайды. Биыл сайлау науқанының бір ерекшелігі – коронавирусқа қарсы карантин шараларын сақтай отырып өткізілуінде. Бұл да бюджетке қосымша жүктеме: барлық деңгейдегі сайлау комиссиясы мүшелерін жеке қорғаныш заттарымен жабдықтау үшін 341,4 миллион теңге жұмсалады.

БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Сайлау ел тарихында алғаш рет карантин және шектеу шаралары аясында өтеді. Пандемияның одан әрі өршуі не басылуы дауыс беру үдерісіне өзгеріс енгізері сөзсіз. Сондай-ақ биылғы сайлауда  жастар мен әйелдерге партиялық тізімдерде 30 пайыз көлемінде квота бекітілді. Нәтижесінде қазіргі Мәжілісте әйелдердің үлесі шамамен  27% болды. Бұл жолы Мәжіліс пен мәслихаттарға үштен көп партия өтуі мүмкін. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен «парламенттік оппозиция» ұғымы бекітілді. Яғни депутаттық корпус арасында «сылдырап өңкей келісім» болмайды, қарсы пікір-позицияның болуы кепілдендірілді. Осы арқылы пікірдің  әр алуандылығына, қызу пікірталасқа, идеялар мен бастамалар бәсекесіне өріс ашылады.

Төртіншіден, алғаш рет аудан-қаладан бастап, облыстарға дейінгі барша мәслихат енді пропорционалды модель және партиялық тізіммен сайланады. Өзін-өзі ұсынушылар деген бұдан былай болмайды. Кандидатты партия ұсынады. Әр кандидатқа төленетін жарнаны да саяси партия өзі төлейді. Бұл – биылғы сайлаудағы басты өзгешелік. Осы тұста әр партияның өз сайлау алды бағдарламасы бар. Көпшілігі халықтың әлеуметтік мәселесін алдыңғы қатарға қойып, ұпай теңестіруде. Ал жастардың әлеуметтік мәселесі қаншалықты қамтылған? «Ақмешіт жастары» газеті жастардың осы мәселесіне қай партия қаншалықты көңіл бөлді деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Бүгінде белсенділігімен көзге түскен «Адал» партиясы ең жас партия қатарында. Партияның бұрынғы атауы “Бірлік” еді. Атауы өзгерген партияның мақсаты өзгермеген. Күн санап партия қатары артуда.

– Биылғы сайлау науқанына түскелі тұрған 5 партияның орташа жас мөлшері 42,5 жас аралығында. Оның ішінде ең жасы –  “Адал партиясы”. Ал осындай жас партияның ел тұрғындарына қандай мүмкіндік жасап отырғанын www.adalpartiyasy.kz ақпараттық-аналитикалық платформасынан табуға болады. «Адал» саяси партиясының бағдарламасында жастарға аса мән берілген. Студенттердің шәкіртақысын ең төменгі күн көріс деңгейіне – 60 000 теңгеге дейін өсіру көзделген. Сондай-ақ оқытудың заманауи әдісін игерген жас педагогтарды дайындау сапасын арттыру үшін Назарбаев университеті үлгісінде мұғалімдерді үш тілде заманауи формацияда дайындайтын төрт жоғарғы оқу орнын Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Шымкент қаласында құру, мектептегі оқыту қолданбалы болып, балалардың тума талантын дамытуға бағытталу керек. Ерте кәсіптік диагностикалау және кәсіптік бағдардың бірыңғай жүйесін енгізу керек. Мемлекеттік тапсырысты ауылдық квотаны сақтай отырып, жұмыс берушілер арасында қажеттіліктер, өңірлік мамандандыру және перспективалық жобаларды бағалау негізінде бөлу, колледждер мен жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту 70%-дан төмен болмауы тиіс.  Жаппай кәсіпкерлікті қолдау, оқыту инфрақұрылымы мен жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды микроқаржыландыруды ары қарай дамыту, оқыту, қаржыландыру, үлгілік бизнес-жоспарлар, бухгалтерлік, салық есептілігін өткізу және сүйемелдеуді (бизнес шығындарын қысқарту) қамтитын қолдаудың кешенді пакетін енгізу. Мемлекеттің бақылаусыз қатысу ықтималдығымен МҚҰ желілерін дамыту арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бизнес бастамасы бар жұмыссыздарды жылдық 6%-бен микронесиелеудің қолжетімділігін арттыру көзделген, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті “Рекрутинг” орталығының басшысы, Қызылорда облысының мәслихаты депутаттығына үміткер Жандос Оразмаханов.

Бұл тарихи аламанға ұзақ дайындықпен келген «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының құрамында 44 137 партия мүшесі бар. Олардың 5105-і 18-29 жас болса, 29-40 жас аралығындағы 12 760 мүше бар.

– 35 жасқа дейін 61 азамат яғни, 21 пайыз жастар праймеризге қатысып, «Nur Otan» партиясы атынан жергілікті мәслихатқа депутаттыққа үміткер ретінде партиялық тізімге енді. Жастар – ел болашағы. Жаңа ұрпақ мемлекетіміздің стратегиялық бағытының қозғаушы күші болуы тиіс. Ол үшін «Nur Otan» партиясы келесі шаралардың іске асуына жағдай жасауды қолға алады. Мәселен, «Жасыл ел» еңбек жасағын ұйымдастыру арқылы жыл сайын кемінде 7 000 жас, оның ішінде 1 000  адамды – жазғы кезеңге жұмысқа орналастыру; «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 000  жасты жыл сайын кәсіпкерлік бағытында оқыту, әр жыл сайын кемінде 3 000 адамды қамти отырып, мүдделі мәселе бойынша ақпараттық консультация ұйымдастыру, аз қамтылған отбасылардан шыққан 3,5 мың студентке қоғамдық көліктерде жол жүруге жыл сайын әлеуметтік көмек бөлу, 5 мемлекеттік колледж студенттерін жатақханалармен қамтамасыз ету. Жастар саясаты саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іс-шаралар өткізуге, волонтерлік қызметке кемінде 8 мың еріктіні тарту, оларға әдістемелік көмек көрсету және оларды түрлі бағыттағы іс-шараға тарту. Ал жас мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру мақсатында «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бірінші жұмыс орны» және басқа да жобаларды іске асыру. Осы шаралар нәтижесінде  жастар жұмыссыздығын 3,9%-ға дейін төмендету көзделген. Мұнан бөлек жас қазақстандықтар өмірінің негізгі саласын қамтитын жастар саясатын дамытуға бағытталған «Jas Otan» Жастар қанатымен 2025 жылға дейінгі «Жастар ‒ Отанға!» бағдарламасы әзірленді.

«Nur Otan» партиясының көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 5 жыл қатарынан жүзеге асырылатын бағдарлама жастар өмірінің барлық саласын қамтитын 5 бағыттан тұрады. Олар: жастардың азаматтық бастамаларын қолдау, білім беру сапасын арттыру, жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жастардың бос уақытының тиімді өтуіне атсалысу. Бұл бағдарламада «Азаматтық белсенділік» бағыты бойынша облысымызда волонтерлік қызметке тартылған жастардың үлесін 2025 жылға дейін 3%-ға және жастар бастамаларын қолдау бойынша гранттық қаржыландыруды 3%-ға ұлғайту енгізілді.

NEET санатына жататын жастардың үлесін 2025 жылға дейін 7,8%-ға төмендету секілді жастарды толғандырған барлық мәселелер осы «Жастар – Отанға» жобасында толық қамтылған, – дейді «Nur Otan» партиясының  облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова.

Ендігі кезекте «Ауыл» партиясына тоқталсақ. Атауы айтып тұрғандай, бұл саяси партия ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Ал ауыл жастарының мәселесі қаншалықты қамтылғаны жайында “Ауыл” халықтық демократиялық партиясы  Жастар қанаты төрағасы Нұрмағанбет Айтбай сөз қозғады.

– «Ауыл» партиясының жастарды қолдау жөніндегі бастамалары жүйелі өзгерістерді көздейді. Себебі қазіргі ауыл жастарының алдында тұрған негізгі мәселе ‒ экономикалық дербестік. Бұған ауылда тұратын жастардың айтарлықтай бөлігінің төмен табысы мен жұмыссыздықтың жоғары деңгейі әсер етуде. Жастар отбасылық бюджетті қолдаудың қосымша көзін іздеуге мәжбүр, ал 90%-ында қосымша табыс көзі жоқ. Бүгінде ауыл жастарын қолдаудың қосымша тетігі қажет. Партия бұл әлеуметтік және нарықтық сала сияқты ауылдың инфрақұрылымын дамыту және кешенді түрде жүзеге асырылатын шаралар болу керек деп санайды. «Ауыл» партиясының бастамалары жастар үшін ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл сапалы ауыз судың тапшылығы, жолдардың жай-күйі, медициналық қызмет көрсету мәселесі, бос уақытты тиімді өткізуге арналған мекеменің жетіспеуі немесе қол жетімсіздігі, байланыс пен интернет сапасының төмендігі барлығы ел болашағы саналатын жастардың жағдайын жасауға бағытталады, – дейді Нұрмағанбет Айтбай.

«Ақ жол» партиясы «Қазақстанға еркін, мықты әрі өзіне сенімді жастар қажет» деп ел жастарын партияға мүше болуға белсенді шақыруда. Енді партияның жастарға жасаған жобасына тоқталсақ.

– Партияның 255800 мүшесі бар. Оның ішінде жастардың үлесі – 11,3%. Парламент Мәжілісіне кандидат болып тіркелгендер саны – 38, жастар үлесі – 30%. Қызылорда облыстық филиалы бойынша – 6925 партия мүшесі бар, оның ішінде жастар үлесі – 19%. Облыстық филиал бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттар саны – 27 болса, соның ішінде 30%-ы жастар мен әйелдер. Яғни 27 кандидаттың 7-еуі жастар. Партияның сайлауалды бағдарламасы 5 бағыттан тұрады. Оның ішінде жастарды қолдауға бағытталған шараларымыз да бар. Жастарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік беруге міндеттіміз. Жастардың ой еркіндігін шектеу – саналы түрде оларды жалғандыққа және өзін кем санауға үйретумен бірдей. Ондай ұлттың ұрпағы ез болып өседі. Ал бізге ез емес, еркін, күшті және өзіне сенетін ұрпақ керек. Осыдан тура бір ғасыр бұрын, Алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлы «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған. Ал жүз жыл өткен соң неліктен сол жастарға сенбейміз? Неліктен олардың өз таңдауына кедергі жасаймыз? Осы тұста жас отбасыларды ынталандыру және бала туу өсімін арттыру үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы 2013 жылдан бастап жас отбасылар үшін ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды, бірінші бала туғанға 25%, екінші балаға 50%, үшінші балаға 75% мөлшерінде енгізуді табанды түрде ұсынып келеді. Көп балалы отбасыларға ипотеканы 2 пайызбен беру мәселесін қолға алады. Бүгінде үкіметтік бағдарламалар көпбалалы отбасыға арналған. Бірақ ешқандай отбасы бірден көпбалалы болмайды. Жастарды әрбір кезекті баланың дүниеге келуіне кезең-кезеңмен ынталандыру керек. Сонымен қатар ауылдық жердегі дарынды балаларға арналған білім беру мекемелерінің жүйесін құру қажет. Талантты жастардың елден кетуін тоқтататын жүйелі бағдарлама енгізу маңызды. Жыл сайын мыңдаған талантты жастар елден кетіп, қайта оралмауы ‒ біздің ұлттық трагедиямыз. Қазақстанда өмір сүру және жұмыс істеу, елде өсу мүмкіндіктері басқа кез келген шетелге қарағанда әлдеқайда тартымды болу керек. Баршаңызға белгілі «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлерді қолдайтын партия болғандықтан, елдегі кәсіпкерлердің, соның ішінде облыстағы шағын және орта бизнес өкілдері мен кәсібін елде ашқандардың дені жастар. Олай болса, бағдарламаның «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау» деп аталатын бөлімі де шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген жас буын өкіліне арналған десе болады. Қазақстан қазір қалыптасқан мемлекет ретінде келесі кезеңге аяқ басты. Ал қазір жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін икемді тәсілдер, үйлестірілген басқару әдісі керек. Мемлекетті басқару ісіне қоғам жан-жақты араласып, оны бақылау қажет, – дейді «Ақ жол» демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жорабек Әкімбекұлы.

Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының атауы “Қазақстан Халық партиясы” болып өзгеріп, ребрендинг жасалды.

– ҚХП Қызылорда облысында 5400 адам тіркелген. Партия мүшесінің 30%-ы жастар. Қызылорда облысы бойынша Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына үміткер жастар саны – 3 адам. Сайлауалды бағдарламада жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жетерлік. Мәселен, жас отбасыларға 1%-бен ипотека беру. Білім қолжетімді болу керек. Ол үшін тегін білім алуға көшу маңызды. Қажеті шамалы жоғары оқу орындарының санын қысқарту арқылы білім сапасын арттыра аламыз және экономиканың қажеттілігіне қарай қайта қараймыз. Ребрендингтің негізгі мақсаты ‒ өзіміздің жақтастардың санын арттыру. Яғни партиямызға жастар да мүше болғанын қалаймыз. Қазақстанда қазір әлеуметтік әділеттілікті қалайтын кейінгі буын өкілдері көп. Экономикалық дағдарыс олардың да мүмкіндігін азайтты. Жұмыс таппай, табысын жоғалтқандар бар. Мемлекет қазір жастарды қолдау және дамытуға қатысты тиімді бағдарлама ұсынып отырған жоқ. Партия жеке тұлғаларға несие амнистиясын жасау жөнінде бастама да көтерді. Қарызын төлей алмай жүрген азаматтарға мұндай қолдау аса қажет, – дейді Қазақстан Халық партиясының Қызылорда облысы бойынша штаб жетекшісі Талғат Телеубаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!