Қазіргі таңда Өзбекстан елінің Ташкент қаласында таеквондодан жастар арасында Әлем біріншілігі өтуде. Байрақты бәсекеде кіл мықты бас қосып, 100-ге жуық елдің үздіктері күш сынасуда. Сол қатарда ел намысын қорғап жатқан жерлесіміз, ұлттық құрама мүшесі Ислам Медетбай да бар.

Жарыс басталғаннан Сыр жұрты топырағында туып өскен талантты спортшы үшін тақымын қысып, әлемді бағындырса деген тілек білдірген еді. Көп ұзамай көрші елден ақжолтай жаңалық та жетті.

Жерлесіміз 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсіп отырды. Нақтыласақ, жарыс алаңында жалпы саны бес жекпе-жек өткізіп, Тайланд, Италия, Швеция және Мексика елдерінің спортшыларынан басым түсті. Ал жартылай финалда Иран елінің спортшысына жол беріп, қола жүлде бұйырды.

– Әлем чемпионаты өтемін дегенге дейін ұзақ жаттығу жасадым. Мақсатым – әлемде өз салмағымда бірінші болу. Дегенмен бұйырғаны қола болды. Бұл менің емес, елдің абыройын арқалап келіп тұрған соң, тұтас Қазақстанның қуанышы деп білемін. Іштегі кішкентай өкініш – алтын сыйлай алмағаным. Сәтін салса келесі бәсекелерде қоланы алтынға айырбастайтын боламын, – дейді спортшы.

Мерейі үстем Медетбай

Расында ел абыройын асқақтатып жүрген Сыр спортшылары өте көп. Солардың ізін жалғап келе жатқан Исламның алдағы додаларда атой салып, көк туымызды көкте желбірететініне сенім білдіріп, сәттілік серігі болғай демекпіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!