Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы спортшыларды азаматтығын ауыстырған жағдайда өтемақы төлеуге міндеттейтін заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Құжатта спортшы Ресей құрамасына үміткер бола отырып, басқа мемлекеттен халықаралық жарыстарға қатысатын болса, өтемақы төлеуге міндетті екені айтылған. Төлем сомасы ресейлік ұйымның оны дайындауға жұмсаған шығындарына тең болады.

Егер спортшы шет мемлекеттің спорт командасына үміткер ретінде тіркелген (өтініш берген) сәтке дейін үш жыл ішінде Ресей Федерациясының спорт командасына үміткер болмаса, өтемақы төлеуден босатылуы мүмкін. Сондай-ақ спортшы жаттығуларын өз бетінше төлесе, төлемнен босатылады.

«Біздің салық төлеушілердің ақшасы босқа кетпеуі керек. Комитет заң жобасын дайындап жатыр. Заң жобасына сәйкес спортшылар азаматтығын ауыстырған кезде өтемақы төлеуі тиіс», – деді Мемлекеттік Думаның дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Дмитрий Свищев.

Ал, Холод басылымының мәліметінше, Ресейден 204-ке жуық спортшы кеткен. Олардың 10-ы Қазақстанда еңбек жолын жалғастыруда.

Ресей Федерациясының азаматтығын өзгерткен немесе өзгертуді жоспарлап отырған және Қазақстанды таңдаған ең танымал ресейлік спортшылардың қатарында шаңғышы Александра Скороходова, конькимен жүгірушілер Кристина Силаева мен Елизавета Голубева, теннисші Александр Шевченко, UFC жауынгері Дамир Исмағұлов, футболшы Александр Зуев, хоккейші Дмитрий Гурков бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!