Фото: Қазақстан бокс федерациясы

World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогында қазақстандық тағы екі боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Алдымен Фарух Тоқтасынов (70 келі) әлем кубогын сенімді бастады. Ол ирландиялық Джон МакКоннелді 3:2 есебімен жеңді. Енді ол 22 сәуірде 1/8 финалда былтырғы әлем чемпионатының финалисі, жапониялық Севон Оказавамен жұдырықтасады.

Сондай-ақ ел құрамасынан Диас Молжігітов (80 келі) Жапония боксшысы Кай Ториабені еш қиындықсыз қапы қалдырды. Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды.Отандасымыз 22 сәуірде 1/8 финалда аустралиялық Марлон Севехонмен шаршы алаңға шығады.

Ал Жансері Көшербаев (60 келі), Дәулет Төлемісов (90 келі) жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Беделді бәсеке Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында 20-26 сәуір аралығында өткізіледі.

Сондай-ақ ел құрамасынан әлем кубогында олардан басқа Даниял Сәбит (50 келі), Бағлан Кенжебек (55 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 65 келі, Санжарәлі Бегалиев (75 келі), Сұлтан Айбарұлы (85 келі) шаршы алаңға шығады.

Ал әйелдер құрамасында Алуа Балқыбекова (55 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі), Валерия Аксенова (80 келіден жоғары) бар.

Күндізгі сессия Қазақстан уақытымен 19:00 -де және кешкі сессия 01:00–де басталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!