Қызылорда облыс орталығындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің мәжіліс залында коньки спорты федерациясының кезектен тыс отырысы өтті.

Жиынға федерация мүшелері, жаттықтырушылар мен ата-аналар қатысты. Онда мәнерлеп сырғанаудан жаңа жаттықтырушы Андрей Симакович таныстырылды.

Симакович Андрей Васильевич – 1979 жылы 25 желтоқсанда Ресейдің Красноярск қаласында туылған. Мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберіне үміткер, жастар арасында Ресей чемпионатының жүлдегері, халықаралық турнирлердің қатысушысы және жүлдегері.

Жоғары білімді. Хабаровск институтының ​ «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген.​ Сонымен қатар, Повольженің Мемлекеттік дене шынықтыру спорт және туризм академиясының таңдалған спорт түрі бойынша жаттығулардың заманауи технологиясы бағытында кәсіби қайта даярлау дипломын алған.

Жеке, екілік және үштік секіруді қалыптастыру, айналудың ең қиын түрлерін меңгеруді үйрету, жалпы және арнайы дене дайындығын жүргізу, оқу-жаттығу жиындарын өткізу дағдылары бар. Он жылдан аса бапкерлік қызмет атқарған. Ижевск, Набережные Челны, Мензелинск қалаларында жұмыс жасаған. Шәкірттері ​ облыстық және жалпы Ресейлік жарыстарда​ жүлдегер атанған.​​

Сөз кезегінде федерация президенті Мағжан Ералиев жаңа бапкерге сәттілік тілеп, алдағы уақыттың жоспарларымен бөлісті.

Айта кетейік, сәуір айында Қызылорда қаласында мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған республикалық жарыстың өтуі жоспарлануда.