Есу спортының отауын тіккен мерзімі 1715 жылдан басталған, міне осы уақыттан бастап академиялық есу қайығы және байдарка қайығы арқылы спорт жарыстарын өткізу кәсіби спортқа айнала бастады. Елімізде оның ойып тұрып алар орны бар. Қалада жаңа байдарка және каноэ есу базасының жұмысын бастауы да бұл спорт түріне қызығушылар санын еселей түсті.

Аға жаттықтырушы Мухитдин Мейірбеков байдарка және каноэ есу бойынша жастарды даярлау ісіне қатысты негізгі ерекшеліктерді айтып өтті. Базада спортшыларға арналған жаттығу залы, монша, медициналық көмек көрсету пункті және асхана бар. Сондай-ақ қайық сақтау қоймасы мен жазғы оқу-жаттығу процесін жүргізетін су аумағы орналасқан. 80 бала­ның спортпен шұғылдануына жағдай жа­сал­ған. Ал жаңа нысан арқылы 15 маман жұ­мыс көзін тауыпты.

Гүлжайна Тыныбекова каноэмен 8 жылдан бері айналысады. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар. Азия чемпионы, әлемдік додада үздік бестікке кірген ел біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы. Осынау жеңістерге арнайы базада емес, ашық аспан астында, 80 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан қалған ескі қайықтармен жаттығып жүріп қол жеткізген көрінеді.

– Біз шыдамдымыз. Күннің аптабы мен қытымыр қыста да жаттығуды ашық аспан астында үзбейтінбіз. Ташкентке оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жарыстарға соңғы дайындықтарды пысықтап жүрдік. Каноэ – денеге қан жүгіртіп, ерекше жігер сыйлайтын спорт түрі. Аталған спорт­пен шұғылданғаныма өкінбеймін. Түрлі халық­аралық жарыстарға қатысып, ысылдық. Біздің өңірде үлкен база пайдалануға бері­ліп, үлкен спортқа оң қадам жасап жатқанына қуаныштымын, – дейді Гүлжайна.

 Ескекшілер 8 жыл күткен жаңа кешенде жаттығу құралдарымен қатар су жаңа 20 қайық бар. Толықтай қажеттілікті өтеу үшін әлі де 30 қайық керек. Қазір каноэшілер құрлықтық, әлемдік додаларда топ жарып жүргенімен байдаркашылардың бағы жа­на қоймаған. Өйткені ескек есудің бұл түріне баулитын жаттықтырушы жоқ.

Облыста ескек есудің каноэ және бай­дарка түрлерін дамыту 2013 жылы ға­на қолға алынған. Оның өзінде облыс орта­лы­ғын­дағы спорт мектептерінің бірінің жаны­нан бөлімше ретінде ашылыпты. Бүгінге дейін ескі-құсқы қайықтармен қарекет қылса да, олардың ішінен жастар арасындағы Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпиондары шық­ты. Алтынбек Қожахмет те Франция Олим­пиа­дасына жолдама жеңіп алуды мақсат етіпті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!