Фото: ашық дереккөзден

Таеквондо тарихы тым тереңде. Ал қазақ жерінде 1991 жылдан бастау алады. Оның негізін қалаған халықаралық шебер, қара белдіктің 6-шы дан иегері, әлемге әйгілі спорт шебері Мұстафа Өзтүрік болды. Біз бүгін осы ұлы тұлғаның өнегелі өмір жолына көз жүгірткенді жөн санадық.

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 23 қарашада Стамбулда туып, 1975-1980 жылдары Тайбэй халықаралық саясат университетінде халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алған. Аңыз адам осы университетте оқып жүріп таеквондомен шұғылданады. Кейін ірі халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, мұсылман халықтары арасында тұңғыш болып таеквондодан «Халықаралық шебер» дәрежесіне жетеді. Оқуын аяқтаған соң Мюнхен қаласында полицейлер мен ерекше міндет атқаратын арнайы қызметкерлерді даярлайтын бапкерлік қызметке шақырылады. Сонымен қоса Мюнхен қаласында өзінің жеке мектебін ашады. Мұстафа Өзтүріктің таеквондо мектебі 1983 жылы Стамбул қаласында да бой көтереді.

Кейін 1983 жылы қазан айында Копенгаген қаласында өткен әлем чемпионатында Мұстафа Өзтүріктің шәкірті түркиялық Йылмаз Хелвагиоглы алтын алқа, тағы да екі шәкірті қола жүлдеге ие болады.

1990 жылы маусым айында Қазақстан ЛКЖО ОК-нің шақыруымен Қазақстанға келді. Оның келуіне ұйытқы болған ел ағалары Иманғали Тасмағамбетов, Серік Абдрахманов, Талғат Тименов, Төлеген Мұхамеджанов, Бексейіт Түлкиев, Несіп Жүнісбаевтар еді. Кейін осы ел ағалары таеквондоның елімізде дамуына көп еңбек сіңіргені белгілі.

1990 жылы 26 маусымда Алматы қаласындағы Орталық циркте кездесу ұйымдастырып, Мұстафа Өзтүрікті қазақ жұртшылығына алғаш таныстырды. Қазақ халқы шетелде өзінің Мұстафадай ұлы бар екенін білді. Кездесу халық санасына үлкен сілкініс берді. Осы кезден бастап елімізде шығыс жекпе-жегінің дамуы күрт өседі. Кейін Мұстафа Өзтүрік өзінің Түркиядағы шәкірттерін ертіп келіп, «Балуан Шолақ» атындағы сарайда таеквондо өнерін көрсетті. Осы қойылым кезінде қазақстандық екі спортшыға таеквондодан қара белдіктің І даны атағы берілді. Олар Қазақстанға еңбек сіңірген суретші, «Дарын сыйлығы» мен «Ленин комсомолы сыйлығының» лауреаты Бексейіт Түлкиев пен ғалым әрі мемлекет қайраткері, Қазақстанның Монғолия Республикасы елшілігінде жауапты қызмет атқаратын Асқар Абдрахманов болатын. Бұл аталған екі спортшы да бұрын-соңды каратэмен шұғылданған адамдар еді. Сол күннен бастап Қазақстанда таеквондо (WTF) спорты кеңінен етек жая бастады.

1991 жылдың жазынан бастап Алматы қаласындағы Республикалық оқушылар сарайында тұңғыш рет таеквондо (WTF) спортынан үйірме ашылды. Ол мектепке Асқар Абдрахманов жетекшілік етті. Осы жылдың 15 қыркүйегінде мектепке аға бапкер болып Исатай Қабеков келді. Сонымен қоса Дихан Ақаев, Қайрат Қырғызбаев, Серік Рысбаев секілді басқа да бапкерлер осы спорттың дамуына атсалысты. Республиканың бірқатар облысында таеквондо үйірмелері ашыла бастады. Жамбыл облысында Бәйділдә Жұмабеков, Оңтүстік Қазақстан облысында Шадияр Қондыбаев, Қызылорда облысында Қанат Ғизатов, Солтүстік Қазақстан облысында Серік Рысбаев, Атырау облысында Қабибек Мұхитов таеквондодан өз үйірмесін ашты. Ал ең бастысы 1992 жылы Қазақстан Республикалық таеквондо федерациясы (WTF) құрылды. Оның құрылтайшылары Алматы қалалық, Жамбыл облыстық, Оңтүстік Қазақстан облыстық, Қызылорда облыстық, Солтүстік Қазақстан облыстық және Атырау облыстық федерациялары еді. Федерацияның тұңғыш президенті болып Бексейіт Түлкиев сайланды.

1992 жылы тұңғыш рет Қазақстан чемпионаты ресми түрде ұйымдастырылды. Осы жылдың қыркүйегінде Түркияда халықаралық турнир өтіп, бұл жарысқа тұңғыш рет Қазақстанның таеквондошылары қатысты. Жарыстың қорытындысында Қайрат Қырғызбаев пен Сұлтанмахмұт Шоқпытов чемпион атанды. 1992 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның азаматтығын алды. Сол жылы көктемде Қазақстан таеквондо федерациясы Бүкіләлемдік Таеквондо федерациясына мүше болды.

1993 жылы Алматы қаласында қатарынан екі бірдей мектеп ашылды. Олар «Исатай» (Исатай Қабеков) мектебі мен «Мұстафа Өзтүрік мектебі» (Қайрат Қырғызбаев) болды. Сол жылы тамыз айында Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев бастап барған ұлттық құрама командасы Нью-Йоркте өтетін әлем чемпионатында тұңғыш рет бақ сынады. Осы кездегі ұлттық құрама командасының мүшелері Сұлтанмахмұт Шоқпытов, Мұрат Темиралиев, Анвар Үсенов, Имантай Абеев, Ғани Абдуғаппаров, Сакен Төлембетов, Малик Шаншарбеков, Нұрлан Чигитаев болған. Команданың бас жаттыктырушы Максұт Нарбаев пен жаттықтырушылары Жақсылык Жақсыбеков және Дихан Ахаев болды. Қорытындысында Нұрлан Чигитаев 5 орынға ие болды.

Ал 1994 жылдың ақпан айында Қазақстан құрама командасы АҚШ-тың Колорадо Спрингс қаласында өткен АҚШ-тың ашық чемпионатына қатысты. Сол кездегі Қазақстан құрама командасының мүшелері Сұлтанмахмұт Шоқпытов, Мұрат Темиралиев, Забиболла Амирбеков, Вячеслав Пак, Имантай Абеев, Ғани Абдугаппаров болды. Команда жетекшілері – Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев, Дихан Ахаев.

1995 жылы наурыз айының 15-де қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Өзтүрік дүниеден өтті. Бұл – халықтың қабырғасын қайыстырған қаза еді.

Қуаныш ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ
әдіскер

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!