Астанада 17 қыркүйекте бастау алған ат марафон-бәйгесі 25 қыркүйек күні Сыр еліне келді. Қаладан 189 шақырым қашықтықта, Жезқазған трассасының бойындағы жазық жазира кең далада Сыр жұртшылығы шабандоздарды қошеметпен қарсы алды.

«Ұлы дала жорығы» – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, еліміздің тарихын зерделеп, жаңа туристік маршруттар қалыптастыратын тың жоба. Бұл бәйге қазақ халқының «брендіне» айналары сөзсіз.

Тарихта ең ұзақ қашықтыққа созылған 1200 шақырымдық республикалық марафон-бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда 100 шабандоз 200 сәйгүлік қатысты. Аламанға қатысушылар күніне 100 шақырыммен Қарағанды, Ұлытау облыстарын артта қалдырып, алаштың анасы Сыр елінің даласына келді.

800 шақырым қашықтықты еңсеріп, ең алғаш Тараз облысының сәйгүліктері келді. Барша жанкүйер төзімділік пен қайсарлықтың символына айналған тұлпарлар мен шабандоздарды үлкен қошеметпен қарсы алды. Екінші болып Маңғыстау облысының, артынша Түркістан облысының жылқылары келді. Көптен күткен Сыр елінің сәйгүліктері төртінші болып келді. Бұл тек осы күнгі нәтиже, шешуші кезең марафоншыларымыздың мәре сызығын аттаған сәті болмақ.

Марафон-бәйгенің салтанатты бөлігін облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл ашып, қатысушыларға төзім мен жігер, сәттілік тіледі.

Бүгін, яғни 26 қыркүйек күні марафоншыларымыз түркінің төрі Түркістанға бет алды.

Айта кетейік, марафон-бәйгенің барлық кезеңін еңсерген команда Түркістан қаласына рекордтық қысқа мерзім ішінде жетіп, «Ұлы Дала Сарбазы» атағын иеленеді де 30 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені, ал екінші, үшінші орындарды иеленген командалар 20 млн теңге және 15 млн теңге көлеміндегі сыйақыны алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!