Хуан Антонио Марин, төрешілер алқасының  жетекшісі:

Ел футболында төрешілерге тағылар айып көп. Тіпті төрешілер тарапынан кететін қателіктер де аз дей алмаймыз. Жақында Қазақстан футбол федерация­сының төрешілер алқасына  жетекші болған Хуан Антонио Марин ҚФФ баспасөз қызметіне  қазақстандық төрешілердің деңгейіне тоқталып, баға берді.

– Қазақстанда жұмыс істегеніңізге біршама уақыт болды. Ел біріншілігінде қызмет етіп жүрген төрешілерге қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстанға мамыр айының соңында келдім. Бірден қазақстандық төрешілерді мүмкіндігінше терең зерттеп, талдай бастадым. Алғашқы күннен бастап ақ “Астана Аренада” өткен OLIMPBET-Қазақстан Чемпионатының матчына қатысып, кейіннен көптеген ойындарды желіден және қайталаудан көрдім. Сонымен қатар әртүрлі қалалардағы матчтарға бардым: Шымкент, Түркістан, Алматы, Қостанай, Талдықорған, Қарағанды және тағы бірнеше рет “Астана Аренада” болдым. Барлық төрешілерді мүмкіндігінше тезірек бақылау керек. Әрине, өзге елдердегідей, бізде төрешілер мен ассистенттердің рейтингі бар, онда жас, тәжірибе және қабілеттері ескеріледі. Біздің мақсат – төрешілер жұмысының сапасын барынша арттыру және болашаққа дайын болу. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, УЕФА-мен келіссөздер жүргізуде Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділбек Жақсыбековтің рөлін атап өткім келеді.

– Қазақстандағы төрешіліктің үш негізгі мәселесі қандай?

– Біз өзіміздің мықты жақтарымызды сонымен қатар жетілдіруді қажет ететін тұстарды анықтап алуымыз керек. “Мәселе” деген сөзді қолдану толығымен дұрыс емес, “тапсырма” деп айтқан дұрыс болар. Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-мен бірге мені шақыру туралы шешім қабылдаған кездегі маңызды міндеттердің бірі төрешілік етуде бірыңғай халықаралық стандарттарды қолдану және түсіндіру болды. Мұнда бұрынғы тұжырымдамаларды қолдану үшін келген жоқпын, дегенмен ФИФА мен УЕФА белгілеген халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес төрешіліктің жалпы сапасын жақсарту үшін барымды саламын. Біздің алдымызда қазіргі заманғы футболдағы міндеттер мен оларды шешудің көптеген нұсқалары бар, ол үшін біз Қазақстан футболына ең жақсы қасиеттерімізді ұсынуымыз керек. Төрелік ету – бұл көпфакторлы қызмет, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бір-біріне ұқсас мәселелер бар. Біз қателіктерді түсінуге және олармен жұмыс істеуге дайынбыз.

– Төрелік ету және инспекция департаментінің “Тобыл” – “Тараз” матчындағы өрескел қателік жіберген талдықорғандық төреші Денис Измайловты “Астана” мен “Қайрат” арасындағы кездесуге тағайындау туралы шешімі көпшілікті таң қалдырды. Неліктен таңдау оған түсті?

– Төрешілер – бұл біздің команда. Олардың әрқайсысы бізге қажет. Біздің мақсат, барлық командалық жаттықтырушылар мен функционерлер сияқты, оларды тағайындау, олардың жұмысын бақылау, бағалау, қателермен жұмыс жасау және нәтижені көру. Қазақстан футболы бұл фактіні қабылдауы керек.

Төрешілер мен көмекшілерді тағайындау кезінде өткен ойындары үшін сынға алу дұрыс емес деп ойлаймын, өйткені бұл футболдың бір бөлігі. Оған күнді сәтсіз өткізгені үшін айқайлауға негіз жоқ. Төрешілер  спортшылар, немесе жаттықтырушылар секілді  қателік жіберуі мүмкін. Біз өз жұмысымызды білеміз.

– Төрешілердің қателіктері бірден көзге оғаш көрінеді. Ел біріншілігінде төрешілер жекелеген матчтарда алдын-ала болжанатын қателіктер жібереді. Мысалы, дәл сол Измайловтың соңғы турда “Тұран” қақпасына пенальти белгілейтініне ешкім күмәнданбады…

– Егер төреші “болжанатын” қателік жіберсе, біз онымен бірден қоштасамыз. Әдейі қателік жібергісі келетін бірде-бір төреші жоқ деп санаймын және  қандай қателік жібергенін анықтауға тәжірибем толықтай жетеді. Біз бас қазының жұмысын талаптарға сәйкес бағалаймыз.

– Қазақстан УЕФА-да VAR жүйесі енгізілмеген санаулы елдердің қатарында. Қазір заманауи технологиясыз жұмыс істеу мүмкін бе? Бұл мәселені қаншалықты тез арада шешуге болады?

– VAR жүйесі өте маңызды құрал. Біз іске асыру процесін бастадық. Процесс өте күрделі және жан-жақты мәселелерді шешуді талап етеді. Мысалы, семинарлар, жаттығулар, тәжірибе алмасу секілді процестерді жүзеге асыруға тиіспіз. Мұндай шаралар үлкен шығындарды талап етеді. Сонымен қатар төрешілердің ғана емес, техникалық қызметкерлердің де дайындығын, жабдықтардың, бейнекамералардың және басқа да бөлшектердің техникалық талаптарына сәйкестігін атап өткен жөн. Төрешілер мен техникалық қызметкерлердің толық аккредитациясы мен сертификаттауы тиісті ұйыммен (IFAB және FIFA) жүзеге асырылуы және тексерілуі керек. Қазақстан футбол федерациясы пандемия кезіндегі факторды ескере отырып, VAR-ды мүмкіндігінше тезірек іске қосуы үшін барлығын жасап жатқанын айтқым келеді. Бұл федерацияның мойнындағы қосымша мәселе болды, бірақ біз дұрыс жолда екенімізге сенімдіміз.

– Жас төреші Арман Исмұратовтың алғашқы турдағы іс-әрекетінен хабардар шығарсыз?

– Арманның іс-әрекетін Қазақстанға келмей жатып білемін. Өкінішке орай, ҚФФ төрешілер комитеті шешім қабылдады. Қазір ол шешімге қарсы шыға алмаймыз. Қалай болғанда да бұл эпизод барлығына сабақ болуға тиіс.

– Төрешілердің төлем ақысы туралы не айтасыз? Әртүрлі қателіктерді болдырмау үшін олардың қаржылық жағдайын жақсарту керек деп ойламайсыз ба?

– Кәсіби маман болу тек ақшаға байланысты емес. Көптеген аспектілерді ескеру керек. Белгіленген келісім-шартқа қол қойған адам жауапкершілік пен құқықтарды, сондай-ақ өзіне жүктелетін міндеттерді түсініп, білуі керек.  Ақшаны басқа жолмен табады деген оймен келіспеймін, өйткені бұл жерде адалдық басты рөл атқарады, ол өз кезегінде төрешінің абыройына әсер етеді. Мәселе тек ақшада ғана емес.

– Бұрын барлық облыстық федерацияда жас төрешілер мектебі жұмыс істеп, жас төрешілерді үлкен футболға дайындады. Өкінішке орай бірнеше жылдан бері бұл мектептер жұмысын тоқтатты. Төрешілердің деңгейін көтеру үшін білім беру бағдарламасын жандандыру қажет емес пе?

– Иә, біз жас төрешілерді даярлайтын аймақтық мектептердің жұмысын қайта жандандыру мәселесімен айналысып жатырмыз. Бұл ретте бізге тиісті инфрақұрылым мен нұсқаушылар қажет. Мұндай мәселелер қаржыны да талап етеді..

– Еурокубок матчтарында қызмет көрсететін төрешілерге тоқталсаңыз…

– Халықаралық дәрежеде төрт төрешіміз бар. Олардың бірі, өкінішке орай, жарақат алды, ал екеуі төрелік етуден шеттетілді. Артем Кучин  іріктеу матчында жұмыс істеді. Жалпы халықаралық деңгейде мүмкіндігінше көп ойын алуға тырысамыз. Сонымен қатар жарақат алған төреші Данияр Сахи көп ұзамай жазылып, қызметіне қайта оралады деп сенеміз.

– OLIMPBET Қазақстан Чемпионатының тарихында бірінші рет әйел төреші қазылық етті. Бұл тәжірибе жалғаса бере ме?

– Біріншіден, бұл эксперимент болған жоқ. Біз Эльвираның деңгейін білеміз. Ол туралы тек Қазақстан ғана емес, Еуропа да біледі. Оның қызметін екі рет өз көзіммен көрдім. Біреуі “Астана Аренада”, екіншісі – Талдықорғандағы дебюті кезінде. Ел біріншілігіндегі тарихи жағдай. Болашақта мықты төрешілердің қатарынан көретініме сенімдімін.

– Бұрын әр турдан кейін төрешілер мен сарапшылар комиссиясының отырыстары өткізіліп, даулы мәселелер шешілетін. Бұл тәжірибені әлі де көреміз бе?

– Біз бұл жағдайды өте мұқият зерттеп жатырмыз. Қателіктер туралы айтып қана қоймай, төрешілердің нақты шешімдерін түсіндіргіміз келеді. Әр турдан кейін төрешілермен бірге матчтарды талдаймыз, әрине, бұл команда ішінде болады, жұмыс сапасын жақсарту үшін төрешілерге ресми нұсқаулар беруге тырысамыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!