Өңір үшін өткен апта жағымды жаңалыққа толы болды. Әсіресе, спорт саласындағы салмақты салымдар ел-жұртқа дем беріп, тұрғындардың қуанышын еселегені анық. Солардың ішінде Албанияда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында жерлесіміз Ерасыл Сәулебеков жасөспірімдер арасында екі дүркін чемпион атануы – ең мерейлі мезет.

Албанияда өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 73 келі салмақта жерлесіміз Ерасыл Сәулебеков жеңіс тұғырына көтерілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желіде Сыр ұланын құттықтап, ақжарма тілегін білдірген болатын.
Қызылордалық спортшы жұлқа көтеруде 137 келіні, серпе көтеруде 168 келіні бағындырды. Осылайша қоссайыстың қорытындысымен 305 келіні еншілеген ол алтын медальға ие болды. Оған қоса әлем чемпионы деген атақты да қоса еншіледі. Бұл – Ерасылдың екінші жарқын жеңісі. Алғаш әлем чемпионы атағын Мексиканың Леон қаласында алған еді.
Ерасыл Сәулебеков 2006 жылы Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. Ауыр атлетикамен 6 жасынан айналысатын ұлан бұған дейін де біршама жарыста үздік шыққаны бар. Мысалы, 2021 жылы 17 жасқа дейінгі, 2022 жылы жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы. Енді, міне, мерей еселенуде.
Жалпы Ерасылдың ерлігі ұстаз тәлімінің нәтижесі екені даусыз. Бүгінде ол №15 Қармақшы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жаттығады. Бапкері – Айдар Ералиев. Талапшыл бапкердің қадағалауының нәтижесінде Ерасыл Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын да ерте алған еді. Ұстазының еңбегін ұмытпайтын Ерасыл бұған дейін де БАҚ-қа берген сұхбатында аталған ойды қайталаған болатын:
«Бапкерім Айдар Ералиев 9 жыл бойы жаттықтырып келеді. Көптеген сынақта қасымнан табылды. Мұнымен қоса Жәнібек, Дима, Айбек ағай­ларымның көп көмегі тиді. Негізі ауыр атлетикаға алғаш 6 жасымда Ақылбек деген ағам алып келген. Сол сәттен бастап осы спортты таңдадым. Үміті ақталған сәтте ағама да алғысымды білдірсем деймін» – деген спортшы.
Бапкері де баланың бабын келтіріп, бағын ашуға күш салуда. Үнемі жарыс жолындағы маңызды әдістерді қаперге салып, жеңіске жетуге жетелеп келеді. Бұл жолғы додада да білгенін айтып, қолдау көрсетуден танбады.
– Шәкіртім жарыс барысында өзін жақсы қырынан көрсетті. Серпе көтерудің екінші әрекетінде 168 келіні еншісіне бағындырды. Үшіншісінде 174 келі зілтемірді көтеруге ниет жасады. Бұл салмақты өз ыңғайына бағындыра алған жағдайда ол әлемдік рекордқа түзету енгізетін еді. Ерасыл алдағы уақытта бұдан да жоғары табыстарға қол жеткізеді деген сенімдемін, – дейді жеке бапкері Айдар Ералиев.
Бұған дейін Ерасыл жерлесі, зілтемірші Илья Ильинді үлгі тұтатынын жасырмай, басты мақсаты Олимпиада чемпионы болу екенін жеткізген болатын. Албаниядағы абыройдан кейін аталған ойдың ауылы алыс емесі байқалғандай. Ел байрағын аспандатып жүрген Сыр ұланына сәттілік тілейміз!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!