Қазақта «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген ұғым бар. Ол бүгінгі қазақ спортының тынысын дөп басып тұрғандай. Бағы мен бабы қатар шапқан дүбірлі додаларда еліміздің намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтеріп жүрген спортшыларымыз қуанышты сәттерді жиі сыйлауда. Табандылық пен төзімділікті, биік рух пен шеберлікті талап ететін таеквондо спорт түрінен де қуанышты хабарлар көбейді. Солардың бірі – таеквондодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, ел мерейін үстем еткен Ислам Медетбай.

Даянг төрінде шыңдалған шеберлігін көрсетіп, әлемнің ең мықты спортшыларымен иық тірестіру – үлкен ерлік. Исламның бұл жеңісі жеке спортшының емес, оның артында тұрған бапкерлері, мектебі, жанкүйерлер сенімі мен бүкіл елдің ортақ қуанышы. Оның әрбір дәл соққысы мен епті қозғалысы жас буынға жігер беріп, спортқа деген сүйіспеншілікті арттыра түсері анық.
Біз үшін бұл – ел мерейі, ал Ислам үшін адам рухының ішкі арпалысы мен төзімділігі сыналатын үлкен майдан. Таэквондо шебері Исламның спортқа қадам басуы да өз алдына бір қызықты хикая. Оның жүрегінде спортқа деген алғашқы ұшқынды лаулатқан – Сухан Нұрлыбек ағайдың бағындырған биік белестері еді. Сол бір балаң шақтағы қызығушылық уақыт өте келе үлкен мақсатқа ұласып, Исламды алғашқы қалалық доданың төріне алып келді.

Екі жекпе-жекте де үстем түсіп, бірінші орын иеленген Ислам алғашқы жеңістің дәмін татты. Алғашында біраз сын пікір түсті. Бірақ бұл біздің спортшының рухын шыңдамаса, сындыра алмады.
Спорт мектеп-интернаты Ислам үшін нағыз шыңдалу мектебіне айналды. Ол үшін жаттығу залына асығудың басты мәні – уақытты тиімді пайдаланып, үлкен ареналардан көргісі келген мақсатында жатыр. Әрине, бұл жолда бағыт-бағдар беріп, жігерлендірген бапкерлердің орны ерекше.
– Басты мотиваторым – Мырза Нұрланұлы ағай. Үлкен жарыстарда сенім артып, бойымдағы қобалжуды басып, жігерлендірген Азамат Аралбаев және Мырза Нұрланұлы ағайларыма шексіз алғыс айтамын. Спорт мектепинтернатында жүріп үлкен тәлімтәрбие алдым, – деді жас спортшы.
Исламның жолында біраз кедергілер де болды. Кезең-кезеңімен мотивация таусылатын сәттерді де шеттен шығарып тастай алмаймыз. Мұндайда спортшыны алға сүйрейтін – тәртіп пен мақсат. Нағыз чемпион – мотивациясы жоқ кезде де жаттығуын тоқтатпайтын адам. Ал сабыр мен төзім – жеңілістен кейін қайта тұра білу. Бұл жағдай біздің чемпионның да басынан өтті.

– Түркиядағы жарыста жеңіліске ұшырауым маған үлкен сабақ болды. Сүрінсем де тоқтап қалмай, дайындықты күшейттім. Бұл жеңіліс менің қайта ширап, жаңа жетістіктерге жетуіме себепкер болды. Спортшының бойында қайтпас қайсар мінез болуы керек, мен де осы қайсарлығымның арқасында жеңіске жеттім, – деді ол.
Әлемнің тартысты додасы
Исламмен тілдесе отырып, Әлем чемпионаты туралы сұрамау мүмкін емес. Бұл жайт – оның спортшы ретінде жарық жұлдыздай жануына әсер еткен оқиға. Экран алдындағы көрермен ретінде біз тек тартысты доданы көрдік, ал оның артындағы жүрек жұтқан сезімді тек Исламның өзі ғана сезіне алды.
Оның айтуынша, Әлем чемпионатының әсері де, сезімі де мүлдем бөлек. Үлкен аренаға әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар жиналады. Олардың өзіндік техникасы мен тактикасы бар. Басында, әрине, қобалжу болды. Бірақ ол бойын билеген үрейді жеңіп, «Мен бұл жерге жеңілу үшін не жасқану үшін келген жоқпын», – деп өзін қайраған.
Дода барысында Ислам 5 жекпе-жекке шыққан. Оның әрқайсысынің өзіндік ұмытылмас тұсы бар.
– Алғашқы жекпе-жегімде Тайланд елінің спортшысымен кездестім. Оны жеңу қиындыққа түспеді. Бірақ сол сәтте мен алдыма қойған мақсатыма бір қадам жасағанымды сездім. Екінші жекпежегімде Италиядан келген спортшымен бақ сынастым. Онымен дода тартысты өтті. Қарсылас ретінде өте мықты болды. Тартыс үш кезеңге созылды. Алайда бұл қиындықты да еңсере алдым. Соңғы секундтарда жеңісті жұлып алып кеттім, – деді Ислам.
Үшінші жекпе-жекте жас таэквондист Швециялық спортшыны жеңді. Ал кейін Мексика елінің спортшысымен де кездесті. Оның айтуынша, бұл дода қиын болды. Бір жағынан алдыңғы кезеңдер де спортшының біраз күшін еңсерді. Таэквондистте «Осы раундта жеңіліске ұшырасам, бар еңбегім зая кетеді» деген ой болған. Бірақ қайсар мінез жеңілісті қаламады. Міне, осылай ол төртінші жекпе-жекті де бағындырды. Келесі кездесу Иран елінің спортшысымен еді. Ислам жеңіліске ұшырады. Бірақ бұл тартыс оны тоқтамай, бұданда биік белестерді бағындыруға, алға қойған мақсаттарына жетуіне ынта берді.

Оның шеберлігіне өз үлесін қосқан бапкері – Азамат Аралбай да жас спортшының болашағы туралы жақсы болжам айтуда.
– Спортшы мен бапкердің басты арманы – Олимп шыңын бағындыру. Ал біздің ортақ мақсатымыз – Исламның сол биік тұғырдан көрінуі. Бұған жету арман емес, алдағы уақытқа қойылған мұрат. Ислам – алдына айқын мақсат қоя білетін, төзімді де қайсар, нағыз еңбекқор спортшы. Ол жыл өткен сайын шеберлігін шыңдап, үлкен биіктерден көрiнiп келеді. Бұған дәлел – жақында Ташкент қаласында таеквондодан жастар арасында өткен Әлем чемпионаты. Ислам 55 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола медальды еншіледі және ел үмітін ақтап, Қазақстанның байрағын желбіретті, – деді бапкері.
Оның айтуынша, бұл – үлкен жеңістің басы ғана. Олар Исламның әлеуетіне, қайсар мінезіне және жарқын болашағына кәміл сенемді. Әңгіме барысында «Алда оны бұдан да биік асулар мен Олимпиада шыңы күтіп тұр» деген пікір айтылды .
Адам баласы тағдырдың сан түрлі сынағынан өтіп барып қана шынайы биікке көтеріледі. Ал спорт – сол сынақтардың ең айқын да аламан майданы. Ташкенттегі әлемдік додада байрағымызды биікке көтерген Ислам Медетбайдың бұл жеңісі – тек қола медальдың салмағымен өлшенбейтін үлкен рухани салмаққа ие. Ол төгілген әрбір тамшы тердің, бапкерлердің төзімі мен елдің артқан сенімінің нәтижесі.
Газеттің арғы бетінде Исламдай болашақ чемпион отырғанына кәміл сенімдіміз. Сол себепті сіздей оқырман үшін жас спортшының кішкентай өзіне айтар ақылын сұрадық. Оның жауабы – «Ешқандай қиындыққа мойымай, болашақта алға қойған мақсаттарыңа толық қол жеткізе біл».
Додадағы әрбір дәл соққы арқылы Ислам артынан ерген қаншама қаракөз өреннің бойында арман отын жақты. Өйткені жеңіске деген қайсар мінез бен толастамайтын еңбек бәрін де бағындыратынын ол өз үлгісімен дәлелдеді.
Алда Исламды бұдан да заңғар асулар күтіп тұр. Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар атанған, көпшілік аса алмас асуларды бағындырып, көк туымызды әлемдік ареналарда көкке көтере береріңе кәміл сенеміз, чемпион!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!