Жан-жағың жарық әрі жарқын болса, жағымдысы сол. Әйтпесе аяқ басқан ашық алаң болса да, эстетика сезілмесе есте қалуы неғайбыл. Қазір бәрі әсем орынға әуес. Тынығу үшін де тынысты тарылтпайтын, өзіндік дизайнымен ерекше жерді таңдайды. Сайып келгенде, төрт қабырғаның өзі түрленбесе жұрттың елең етуі де екіталай. Нейла Дүйсебекова  безендірудің басы-қасында жүреді. Он саусағынан өнер тамған шебер. Сәндеудің сан түрін меңгерген кейіпкерімізбен әңгіме құрған едік.

– Безендіру ісі тынымсыз еңбекті талап етеді. Айтыңызшы, бұл саланың көзге көрінбейтін қиындығы қандай?

– Ой еңбегінің салмағы бәрінен басым екені ақиқат. Өйткені үйлестірудің үлгісін ойша жасап, іс жүзінде тыңғылықты орындау оңай емес. Басқа безендіруге ұқсамас үшін қайталанбаған нұсқасын даярлауға көп ізденіс керек. Сондықтан композициялық шешімді табу көзге көрінбес қиындық дер едім. Біреудің жұмысын қайталау кім-кімді де таңқалдырмайды. Бұл – реакция жоқ деген сөз. Демек эстетикалық талапты ескеріп, жаңашылдыққа ұмтылған жөн.

Дизайн дедлайнды қажет ете ме? Безендіруге қанша уақыт жұмсайсыз?

– Жоқ. Егер тапсырыс беруші уақыт тапшы демесе, асықпай істеген жұмыс өнімді болады. Идея иірімімен әдемі дүниені жасауға бекінгенде артық уақыт кетуі мүмкін. Әйтсе де мұны шығын деуге болмас. Есесіне көздің жауын алатын сұлулық жарқ етеді.

Негізі безендірудің сәнді әрі сәтті шыққаны маңызды. Іле-шала істеп, жапсыра салу жұрт назарын аудармайды. Қиялға ерік бергенде ғана әдемі дүние шығады. Тапсырыс берушінің ұсыныс-тілегі мен өз ойыңды да ұштастыру ұтымды тәсіл. Орналасқан жеріне сай келетін дизайнмен әрлеп, түсті де талғаммен таңдау басты ереже. Қысқасы, креатив – көлеңкеде қалуға мұрсат бермейді.

– Аэродизайнның артықшылығы неде? Кеңістікті шармен безендіру сәннен қалуы мүмкін бе?

– Керісінше жаңа бағытта дами бермесе, трендтен түспейтіні анық. Өйткені шар сән мен нарықтан өз орнын жоғалтпайтыны белгілі. Қазір шардың да түр-түрі бар. Жеке жазулары мен жарық диоды бар шар немесе танымал мультфильм кейіпкерлері бейнеленген шар және гендерлік шар да өте көп.

Ал, аэродизайн – шармен безендіруді қамтитын ойын-сауық индустриясының бір саласы. Әсіресе балаларға арналған мерекелік шарада жиі қолданылады. Бұл шағын бөлме, үлкен зал немесе ашық алаңға да сай келеді. Гирляндыя мен ринстон, гүл мен шамдар да шардың сәнін келтіреді. Демек, басқа да бұйымдарды біріктіру таңғажайып декорация жасаудың бірден-бір жолы.

Кеңістікті безендіруде қателік жібермеу керек. Шардың саны бөлменің аумағына сәйкес келуі шарт. Кішкентай кеңістікті кішкентай фигуралармен толтыру тиімсіз. Ашық түстер тар бөлмені көрнекі түрде үлкейтсе, қара түс үлкен зал мен ашық кеңістікте әсерлі көрінеді. Балалар кешін ашық түспен, ересектер үшін 2-3 түспен безендіру жеткілікті. Сондай-ақ ретсіз жылтыр мен шектен тыс безендіру көзге оғаш көрінетінін ескерген жөн.

– Безендірусіз бәрі де жұтаң көрінеді. Сондықтан сұлулықты үйлестіретін әдіс-тәсілмен бөліссеңіз. Қандай техниканы қолданасыз?

– Икемі мен ебі бар адам қай істің де көзін табады. Қолдан құрастыру келсе болғаны ұршықша иіріп әкету оңай. Тіпті қарапайым қағаздың қиындысымен де таңғажайып туынды жасауға болады. Мұның бәрі дизайн үшін тиісті тәжірибені қажет ететін күрделі композициялар. Мата, моншақ, әдемі тастар, лента мен жіп сынды қажетті материалды пайдаланып, бұйым жасаймын. Бастысы ізденісті тоқтатпау.

– Табыс пен тапсырыс көңіл көншіте ме?

– Мамандығым – көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Сондықтан безендіру жұмысы таңсық емес. Сүйікті ісімді кәсіпке айналдырғаныма 2 жылдан аса уақыт болды. Мектептегі жұмыстан қолым қалт еткенде безендірумен айналысамын. Мерекелік іс-шараға қарағанда той-думанға тапсырыс көп түседі. Бір айда кем дегенде 4-5 тапсырыс қабылдаймын. Әркезде әртүрлі болады. Тапқан табысым еңбегімді ақтайды.

Кәсіпті бастауыма түрткі болған – «Aray city mall» ойын-сауық орталығының басшысы. Сенім артқаннан кейін қорықпай қолға алып, безендіруді бастап кеттік. Қазір шығармашылық ұжыммен жұмыс істеймін. Идеяны өзім айтамын, қалғанын жұмыла бірге атқарамыз. Алдағы уақытта көлемді жобалар алып, кәсіпті кеңейтсем деген жоспарым бар.

Сұхбаттасқан

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!