Қазір шарт пен шамаға шектелген жас жоқ. Ынта мен ырқыңа сай ірі іс, жетістік жолында төбе көрсетіп жүр. Бойдағы еркіндік те кеңістікте құлаш сермеуге негіз. Жастарға қатысты жайттың бәрі қоғам назарында һәм талқысында. Осы орайда журналист, медиалектор Абай Тағыберген өзіндік ой-пікірімен бөліскен еді.

– «Жастар – жалқау» деген ой көп айтылатын. Ал қазіргі қарқын-қозғалысқа қарап, бұлай деу қате секілді. Қалай ойлайсыз, қасаң қағидадан қаншалықты арылдық?

– Жастар жалқау деген пікір ғана. Қазіргі буын барынша тиктоникалық өзгерістерге дайын, соған сай қарым-қабілетке ие болуы керек.  Екпіні ерек, қарқыны қатты, өзгермелі трансформация кезеңі қай салада болсын бәсекені күшейтті. Айналаға қарасаң жер шұқып, бос қарап жүрген жас жоқ. Әрине, енжарлық танытып, сүлесоқ болып, өз бағытын таппай, адасып жүрген жастар да бар шығар. Бірақ өз күшімен, ерік-жігерімен әлемдік компанияларға жұмыс істеуге шақырту алып, мемлекеттік қызметтің жоғары сатысынан көрініп, бизнес жүргізуде көшбасшы болып, ауылдың тамырына қан жүгіртіп, ата кәсіпті лайықты жалғастырып отырған, өнер мен спортта қолтаңба қалдырып, ІТ салада жаңалық ашып жүрген жастар жетерлік. Ең бастысы, өзін жалқаулықтан жеңе білген әрбір азамат табысқа жете алады. Сондықтан «жастар – жалқау» деген көзқарастан арылатын уақыт келді. 

– Еркіндік – еркіңнен тыс әрекет пен ессіздікке бару емес. Бұл термин жастар арасында танымал. Сіз үшін еркін болу деген не?

– Еркіндік – адамның ішкі тәуелсіздігі. Жан қалауы және соған қарай әрекет етуі. Бірақ шектен тыс еркіндік адамды бағытынан адастырады. Менің ұғымымда еркіндік деген – жүрегің қалаған іспен айналысу, ұнататын ортаңды қалыптастыру, өзің қажет ететін қабілетті дамыта алу. Әрине, шығармашылық адамдарға еркіндік тән. Себебі кеңістікке үйренген азамат тар шеңберінде шығармашылықпен айналыса алмайды. Бастысы, ой еркіндігі, сөз бостандығы болуы қажет.

– Шетелге кету үдерісі үдеп барады. Білімді де, жұмысты да сырттан іздегендер көп. Бұл әлеуметтік лифтінің әлсіздігі ме? Әлде мұны қалыпты деп қабылдау керек пе?

– Шетелде білім алуға ұмтылу – практикада бар, аса қорқатын жағдай емес. Ақылдылар ағыны әр кезеңде болған. Білімі мен тәжірибесі мойындалған елдерге барып, ілім жинап, жаңаны меңгеруге ұмтылу өте жақсы. Себебі тіл білу – өмірлік көзқарасты өзгертіп, танымды ке­ңейтіп, деңгейді арттырады.

Үдере көшуге түрлі факторлар әсер етеді. Жоғары жалақы, жайлы өмір соңын қуалап кеткендер де табылады. Ал білім алып, сол мемлекетте өмір сүруді жалғастыратын азаматтарға сатқын ретінде қарамауымыз керек. Туған жерін шексіз қадірлей білетін әрбір жас жырақта жүрсе де еліне пайдалы болуға тырысады. Шамасы келгенше, адал ұрпақ тәрбиелеп, отбасын да сақтап, ұлттық құндылықтарды өзге елде дәріптей алады. Өзі секілді жастардың басын құрап, комьюниті құрып, мұхит асып келген іні-қарындастарына көмек береді.

Ал, шетелге арнайы жұмыс істеуге бару – бөлек әңгіме. Көбінесе орта жастан асқан азаматтар өндіріс орындарында арзан жұмысшы күші ретінде тартылады. Өкінішке қарай, құқықтық сауаты болмай, құжат рәсімдеуден қиналып, алаяқтардың арбауына түсіп, елге қайта алмай қалған жігіттерді де жиі естиміз. Меніңше, шетелге саяхат немесе білім алу, бизнес пен ІТ-дің мүмкіндігін көру үшін баруға болады. Десе де, туған жердің құшағы ыстық. Себебі ата-анаң, бауырларың мен қимас жандардың қасында жүру бәрібір бөлек. 

– ІТ бағытындағы жоба-бай­қауда төреші болып жүрсіз. Жас буынның инновациялық идеясына қандай баға бересіз? Білім мен ғылымда революция жасауға қаншалықты қауқарлы?

– Мойындауымыз керек, АҚШ пен кәрі құрлық елдеріндегі ІТ мүм­кін­діктерге жету үшін көп еңбектену керек.

Goldman Sachs дейтін алпауыт банк бар. Олар таяу арада жүздеген мамандық қысқарады, салдарынан 3 миллионға жуық жұмыс орны жойылуы мүмкін деп болжам жазған еді. Демек, келе-келе адам еңбегін жасанды интеллект алмастыра бастайды. Қарқынға ілесу үшін қазірден бастап қимыл керек. Мұны Президент те бірнеше рет айтып еді. Қай уақытта да мүмкіндік аз жерде идея көп болады. Жоқтан бар жасай алу үшін  ынта керек.  Марк Цукерберг, Билл  Гейтс, Стив Джобстың өзі небәрі 20 жасында әлемге әйгілі компаниялар құрды. Сондықтан ІТ жобаны ойлап табу жас талғамайды. 

Байқағаным, біздің өңірде жастар ІТ жобаларға батыл түрде қатысып келеді. Мәселен, Hackathon, InnoFest сынды ауқымды инновациялық жобалар аясында 7500-нан аса жас  өз жобаларын жасап көрген. Үздіктері грант алды, таңдаулылары бизнесмендермен жеке жұмыс жасауға көшті, қалғандары идеясын қайта дамытты. Өткен жылы InnoFest фестиваліне 2500 бала қатысты.

 Біле білгенге, бұл – үлкен масштаб. Бір қуантарлығы, өтімді сценарий жаза алатын қабілеті бар, креативті контент жасауға талпынып жүрген, smart  city және жасанды интеллектпен байланысты жобалар жасай алатын жаңа буын өсіп келеді. Innofest Qyzylorda креативті индустрияға жол ашуда. Сондықтан сұхбат басында қойған сауалыңызға жауап бұл. Қазақ  – жалқау емес!

– Мәдениет пен өнер – тәрбие құралы. Көрсетілімдегі кинолар жайында не айтасыз? Бұл жас­өспірімнің  пси­хологиясына қалай әсер етеді?

– Қазақстандағы кине­мо­то­гра­фия­ның қазіргі деңгейі жақсы. Керемет туындылар экранға жол тартуда. Әлеуметтік астары бар месседждерге толы киноөнімдер қатары көбейді. Қайраткерлер туралы мемуар жанрындағы туынды, әзіл-шыны аралас комедиялардың деңгейі біршама өскен. Жас режиссерлер азын-аулақ қаржы тауып, тіпті кейбірі несие алып үлкен қадамға баруда. Сондықтан көрерменге ой тастай алатын, өздігінен касса жинайтын киноөнімдер нарықты мойындатты.

Әрине, киносарапшы емеспін. Бірақ барды бар деу керек. Жасөспірімнің психологиясына кинодан гөрі әлеуметтік желілер көптеп әсер етеді деп ойлаймын.  Альфа ұрпақтың ең әлсіз тұсы – телефонға тәуелділігі. Рухани білім алуға уақыт арнамауы, шынайы қарым-қатынастарға толы оффлайн кездесулердің аздығы, онлайн шеңберде қалған жасөспірімнің психикасын барынша қатігез әрі өзімшілдікке алып келуде. Мәселе осында.

– Сіздіңше, жастарға қатысты қандай  түйткіл бар? Осы уақытқа дейін жүргізілген стратегиялық бағдарламалар сірескен сеңді бұза алды ма?

– Меніңше, білім алуда аса бір қиындық жоқ. Ізденіске ден қойған, білім алуға енжар емес әрбір жас тегін білім ала алады. Жастар арасында өзекті мәселе ол баспана бабы. Шын мәнінде, Қазақстанда үй алу әлі де қиын. Орта деңгейдегі жалақасы бар жас отбасылар үшін үйге инвестиция салу біраз жылдарды қажет етеді. Сондықтан пайыздық жүктемесі аз бағдарламаларға талабы сай келмей қалатын отбасы көп. Бастапқы жарнаны жинауға қиналатыны да бар. Амал жоқтықтан, пәтер жағалайды.

Бұл тұрғыда өңірде «Сыр жастары» бағдарла­масының бастау алғаны қуантты. Расында, ауылдан көшіп келген, жағдайы орта деңгейдегі жас отбасылардың тапқан табысы арендалық төлемдерге емес, өз үйіне қарай бағытталса кәдімгідей мотивация. Ал, баспана шешілсе, қалғаны тек сылтау ғана. Жұмыс табу, лайықты өмір сүруге бейімделу адамның өз қолында.

– Журналиссіз. Әкімнің бас­пасөз хатшысы да болдыңыз. Қазіргі медианың даму қарқыны қандай?

– Қазір гибридті медиа заманы. Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа арасында симбиоз бар. Әлеуметтік желі тұтас бір платформаға айналды. Бұрын 3 минуттық контент өтімді болса, қазір аудитория 15 секунд­тық тик ток өнімін қарай бастады. Ақпарат тым көп әрі тегін. Бірақ тек­серілмейді. Сүзгі жоқ. Әсі­ресе, әлеу­меттік же­ліде жалған ақпа­раттар өте көп. Боп­салау, қор­лау және ашық­тан ашық репутацияға зиян келтіру үдеп барады. Зардап ше­гуші тараптың үн­сіздігі, сотқа дейін бармауы желі бел­сенділерін «төрге шы­ғар­ды».

Пайдалы кон­тенттердің де қа­тары артып келеді. Мұны да ескеру маңызды. Ақпарат қазір тауарға айналды. Өтімді болса, моне­тиза­циямен табыс табуға бо­лады.  Ютуб соған дәлел. Ал, кәсіби жур­налистер үшін анали­тиканың орны биік. Сондықтан медиа үлкен өзгерістер кезеңінде. Ұдайы дамып отырған адамға бұл аса қиын емес.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Замира Дастанқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!