Биыл «Қайсар» футбол клубы үшін жемісті жыл болды. Маусым қоры­тын­дысы бойынша біріншіліктің күміс жүлдесін еншілеген команда келер жылы премьер-лигада ойнауға мүмкіндік алды. Бұл – футболшылардың жасыл алаңда жарқын ойын көрсеткенінің белгісі. Бірін­шілік барысында сәтті ойын көрсетіп, «жыл жаңалығы» болған футболшылар да болды. Соның бірі – Әділбек Жұмаханов. Ол жыл қорытындысы бойынша біріншіліктің «ең үздік қорғаушысы» атанып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Әлем чемпионаты қарсаңында үздік қорғаушы болған Әділбекті әңгімеге тарттық.

– Әділбек, үздік қорғаушы болуыңызбен құттықтаймын. Бұл мансабыңдағы мерейлі сәттің бірі болар…
– Рақмет. Жаңалықты естігінде қуанғаным жасырын емес. Бас бапкерлер мен команда капитандары арасындағы сауалнамаға сәйкес үздік атандым. Бұл жетістік одан әрі ширауға мүмкіндік сыйлады. Мансабымдағы қуанышты жағдайдың бір көрінісі десем болады. Мұндай қуаныш ең бірінші Қазақстан жастар құрамасына одан кейін Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алғанымда болды. Жетістіктерді одан әрі жақсарту үшін тынымсыз еңбек етемін.
Инсайдтарға жүгінсек, жыл басында «Қайсарға» келуіңіз қызықты оқиғаға үйлесіпті. Қызылордаға қоныс аудару бірнеше мәселенің шешімін табуға мүмкіндік сыйлаған көрінеді…
– Иә, ойламаған жерден «Қайсарға» тап болдым (күлді). Негізі биыл туған жерімнің бас командасы- «Атыраудың» намысын қорғауым керек болған. Оқу жаттығу жиынын да сол командамен өткізіп, премьер-лигаға қызу дайындық жүргіздік. Бас бапкер Константин Горовенкомен тығыз байланыс орнатып, жолдастық кездесулерде негізгі құрамда ойнап жүрдім. Елге келгеннен кейін жағдай өзгерді. Көбіне қосалқы құрамда қалып, ойынның тек екінші жартысында қосылуға мүмкіндік алып жүрдім. Бұл тәжірибемді одан әрі шыңдауға жеткіліксіз болды. Сондықтан жаңа ұсыныстарға ашық болдым. Ол кезде бірінші лиганың маусымы басталуға жақын қалған. Орайлы сәтте «Қайсардан» ұсыныс түсті. Команда капитаны Мақсат Байжановпен тағы бір маусым доп тепкім келді. Ел футболының аңызына баланатын Мақсат ағамызбен бір командада ойнау кез келген аяқдопшының арманы десек болады. Мұндай мүкіндік алғаш рет 2020 жылы «Атырауда» болды. Биыл екінші мәрте осы мүмкіндікке ие болдым. Тәжірибесі тоғысқан ойыншыдан үйренеріміз көп. Сондықтан ұсынысты қабыл алып, Қызылордадан бір-ақ шықтым. Негізгі құрамда ойын көрсетіп, жақсы маусым өткіздім.
– Келер жылы жанкүйерлер Жұмахановты «Қайсардан» көре ала ма?
– «Атырау» футбол клубымен келісім шартым бар. Биыл «Қайсарда» жалда ойнадым. Ол жақта бапкерлік құрам өзгерді. Жаңа жаттықтырушы Виталий Жуковский мені «Атыраудан» көргісі келеді екен. Әзірге нақты шешім жоқ. Әрине, көп мүмкіндік берген «Қайсарда» мансабымды одан әрі жалғастырғым келеді. Бірақ құжат шешеді. Сол себепті алдағы жоспарым белгісіз.
– Маусымды өзіңмен түйіндесек. Чемпионатта жеңімпаз болуға не жетіспеді?
– «Қайсар» – биыл Қазақстанда ең көп ойын өткізген ұжым. Сәуір айынан бастап қарашаға дейін 36 кездесу өткізді. Чемпионаттан бөлек, Қазақстан кубогында ширек финалға дейін өтіп, үлкен жаңалық жасады. Топтық кезеңде премьер-лига өкілдерін жеңіп, сенсацияға тап болдық. Тығыз график «Қайсардың» біріншіліктегі кейбір ойындарына әсер етті. 10 күнде 3 матч өткізген кез болды. Футболшылар қалыпқа келу процесін атқара алмады. Сондай сәтте ұпай жоғалтып, негізгі бәсекелесіміз «Оқжетпестен» қалып қойдық. Бірақ жеңімпаз болған «Оқжетпестен» ұтылған жоқпыз. 3 рет кездесіп, екеуінде жеңіп, біреуінде тең нәтиже көрсеттік. Бұл көкшелік командадан мықты екенімізді дәлелдейді.
Әлем чемпионатына ойыссақ. Қай құрамаға жанкүйерсіз?
– Португалияға қолдау көрсетіп жатырмын. Криштиану бастаған футболшылардан үмітім көп. Биыл титулды жеңіп алатындай мүмкіндігі бар. Құрамы да керемет. Бруно Фернандештың ойынын сүйсініп қараймын. Топтық кезеңде Уругваймен өткен ойында дубль жасап, Португалияға керемет жеңіс сыйлады. Бруноның соққан голынан кейін плей-офқа жолдама алды. Енді финалға дейін жету оңай болмасы анық. Бірақ ширек және жартылай финалда Франция, Испания, Англия секілді құрамалармен кездесіп жатса, Португалияның жеңісіне сенімім мол.
Қазір әлемде футбол саясаттың бір құралы есебінде көрініп жүр. Мұны әлем чемпионатынан да аңғардық. Кәсіби футболшы ретінде алып қосарыңыз бар ма?
– Осы кезге дейін футбол достыққа, татулыққа шақыратын спорт түрі болып саналды. Әлі сол қалпында деп есептеймін. Иә, Катарда жағымсыз жайттарды көрдік. Германияның сурет арқылы не айтқысы клегенін білдік. Катар ислам мемлекеті болғандықтан теріс пиғылдарға шектеу қойды. Меніңше, құптарлық іс. Еуропа оның ішінде Германия қазір жағымсыз жаңалықтармен әлемді таңқалдыруда. Сол жаңалықты, яғни бір жыныстыларды одан әрі нәсихаттауды әлем чемпионатында жалғастырғысы келді. Гюндоган секілді мұсылмандары бар құраманың мұндай әрекеті ұят. Сондықтан футбол саясатқа айналмауы керек.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!