Жуырда М.Мәметова атындағы Қызылорда педаго­гикалық жоғары колледжі сүйінші хабарымен бөлісті.  «Дене тәрбиесі және спорт» бөлімінің ІV курс студенті Нұрсұлтан Алтынбек бокстан жастар арасында өткен Азия чемпионатынан алтын медальмен оралды. Жат жерде тәуелсіз елдің туын биіктету үшін барын салған Нұрсұлтанмен әңгімелесіп, жарыстан кейінгі көңіл-күйін білген едік.  

Тәуелсіздіктің бейбіт таңы үшін жан берген тарихтағы тұлғалардың ең мықты қаруы  намыс еді. Жауырыны жерге тимеген кешегі қазақтың бүгінгі ұрпағы да осал емес. Қалың топтың ортасында ел намысы үшін қарсыласына есе бермеген Нұрсұлтан осы сөзімізге дәлел. Білімді де, білікті ұл мұндай байрақты жеңіс Тәуелсіздіктің жемісі екенін айтады:

‒ Тәуелсіздік жайлы жиі айтылады, жиі жазылып та жүр. Бірақ жастар Тәуелсіздік тойын тойлаудан бұрын, елдің болашағын ойлағаны дұрыс тәрізді. Егемен елдің иесі болу бақыты бізге оңайлықпен келген жоқ. Сол үшін бәріміз Тәңірдің қазаққа берген тәтті сыйының қадірін білсек деймін. Кешегі өткен дүбірлі додада да мен елдің абыройын ойладым. Ер жігітті намысы қайрайды ғой, шаршы алаңда қарсыласқа шаң қаптырып кеткенім де содан, ‒ дейді Нұрсұлтан.

Айта кетейік,  колледж қабырғасында Дубай қаласында өткен байрақты бәсекеде бағы мен бабы қатар шапқан боксшыны айтулы жеңісімен құттықтау шарасы ұйымдастырылды. Директор Жақсыгүл Қоханқызы жас чемпионды құттықтап, кәсіподақ атынан 50 000 теңге ақшалай сыйақы табыстап, ел мақтанышқа айналған спортшыға алғыс білдірді.

‒ 2019 жылы Азия чемпионатында екінші болып есе жібердім. Сол кездегі жеңіліс бүгінде бірінші болуымның алғашқы баспалдағы болды. 2020 жылы әлемдік пандемияға орай осы жарыс болмай қалды. Биыл бар күшімді салып, шеберлігім мен әдістерімді ұтымды қолдануға тырыстым. Дәл осы мақсатым оң нәтиже берді. Жеңіс тұғырында тұрып, көк байрақтың көкке көтерілген сәттегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Лайым, елдің туы әрдайым биікті желбіресін! ‒  дейді Нұрсұлтан.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ