«Қалыңмалды мәһір орнына беруге болады»

Соңғы уақытта жастар арасында мәһір мәселесі танымал. Әсіресе, әлеуметік желіден қымбат көлік, жылжымайтын мүлік сұраған қалыңдықтарды көріп жүрміз. Сондықтан мәһірдің мәні мен шегін білу өзекті. Осы орайда Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов сұхбаттасып, аталған тақырыпқа қатысты ой-пікірін білген едік.

– Берік, Мәдиұлы, мәһірдің мағынасы не? Мәһір сұрау парызға жата ма? Әлде әркімнің өз еркі ме?

– Ислам шариғаты бойынша нее қиғда белгілі шарттар болады. Соның бірі – мәһір. Шарт болғандықтан, ер адам қалыңдықтың заттай сұраған дүниесін беруі тиіс. Ханафи мәзһабы бойынша мәһірдің ең төменгі шегі – 10 дирхам. Бұл жайдан-жай алынған мөлшер емес. Пайғамбар заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммға жеткен. Мәһірдің құны осы мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін. Ескеретін жай, мәһірдің жоғары мөлшері белгіленбеген. Қалыңдық не сұраса да еркінде. Дегенмен, тақуалық, ынсап, болашақ жарының мүмкіндігі шеңберінде сұраға абзал. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде: «Жұбайларыңа мәһірді шын көңілдеріңмен беріңдер», – деген сөз бар. Сондықтан мәһір ер адамның отбасы алдындағы жауапкершілігінің алғышарты десек, артық емес.

– Мәһірді қалың мал орнына қолдануға бола ма?

– Орынды сауал. Қазір осы тақырыпта көптеген сұрақ келеді. Жауап беру кезек күттірмейтін қадам.

Жалпы мәһір мен қалыңмал екі бөлек дүние. Бір-біріне қатысы жоқ. Қалыңмал некенің шарты емес, мәһір өз алдына берілу қажет. Дегенмен, қалыңдық қалыңмалды мәһір есебінде қабылдаса, соны қанағат тұтатынын растаса, ер адам мәһір берген болып саналады.

– Қанда зат мәһір есебінде қабылданбайды?

– Шариғат арам етілген заттар мәһір есебінде қабылданбайды. Сосын адамның көңіл әрекеті де мәһірге жатпайды. Яғни, қалыңдықдың күйеуім өмір бойы жанымда болса, бақытты қылса деген қалау мәһір емес. Арнайы заттай, ақшалай қалау ғана болуы шарт. Ал ер адамның мәһірге мүлдем қаражаты болмаса, қалыңдыққа құран үйрету, шариғи үкімдерге баулуы мәһір болып саналады.

– Некеге куәгер есебінде қандай адамды таңдаған дұрыс? Арнайы ереже-талап бар ма?

– Неке куәгерлеріне қойылатын шарт белгіленген. Неке куәгері екі ер адам болуы міндетті. Егер екі ер адам болмаса, бір ер адам және екі әйел адам куәгер болу қажет. Ал куәгерлер жұптың туысы немесе жақыны болуы керек деген ешқандай шектеу жоқ.

– Радикалданған кей теріс ағам мүшелері имам қиған некемен шектеліп, ресми, яғни АХАЖ бөлімі арқылы тіркелуді мойындамайтын болды. Бұл — әрине, заңсыздық, құқықбұзушылық. Бұған діндегі үкім мен талап қандай?

– Әрине ақ неке мұсылмандық шартпен қиылу керегі түсінікті. Бұл болашақ отбасының шариғат шеңберінде өмірлік амалдарды жасауына мүмкіндік береді. Дегенмен, зайырлы, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз шарт. Оның үстіне заманауи қағидаларды да ескеру артық етпейді. Сондықтан, мемлекет заңына бақынып, некені мемлекеттік мекемеге тіркету міндетті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!