‒ Қырмызы, сізбен тілдесудің сәті түскеніне өте қуаныштымын. Әңгімемізді бастамас бұрын сізбен оқырмандардың да жақын таныс болғаны дұрыс секілді. Сіз өскен орта, білім беру орны бізге шынымен қызық. Қазақ қызының IT саласына қадам басуы қалай басталды?

‒ 2009 жылы Алматыдағы физика-математика бағытындағы №173 мектепті бітірген кезде ІТ саласы жайлы мүлде білмейтін едім. Университетке жай ғана оқу гранты үшін құжат тапсырғанмын. Осылайша ІТ саласына ойламаған жерден келдім десем болады. Ал қазір Андроид әзірлеушімін, яғни әлемдік банктерге қосымша бағдарламалар жасаймын. Бір ғана емес, бірнеше елдегі банктерге қызмет көрсетеміз.

‒ Қазір жұмыс істеп жүрген Zuhlke компаниясының өзге жұмыс орындарынан артықшылығы қандай? Жұмыс барысы қиын емес пе? Әріптестеріңіздің арасында қандастарымызды көріп тұрасыз ба? Жалпы осындай жаңа ортада тәжірибе алмасу үшін жастар нені білу керек?

‒ Zuhlke компаниясының бірінші артықшылығы ‒ 50 жылға созылған тарихында. Екінші артықшылығы, компания бір ғана өнім шығармайды, сондықтан бізге көптеген тұтынушы мәселемен келеді. Мұның өзі қызықты жобалармен айналысуға мүмкіндік береді. Мысалы, біз қазір банк жүйесінің жұмыстарын бітірсек, келесі жолы Сингапурдың тағы бір жобасы бар. Осылайша 2-3 жылда бір жобаны аяқтаймыз да, мүлдем жаңа жобаны қолға аламыз. Компанияда жұмыс істеу қиын емес. Бұл жерде адамдардың ішкі мәдениеті маңызды. Бізге әртүрлі елдің азаматтары келеді. Олардың тілі, діні бір-біріне ұқсамауы мүмкін. Қазақстанда адамдардың менталитеті бір-біріне сәйкес келеді ғой. Ал мұнда басқаша. Сингапурда Zuhlkeге орналасқан алғашқы қазақстандық мен болдым. Ал қазір мұнда қазақстандық үш адам жұмыс істейміз. Туған жерден шетте жүрген соң бір-бірімізбен жақын араласамыз, бірақ қазір карантин уақыты болған соң жиі көрісе бермейміз.

Жастар жаңа ортада жұмыс істеу үшін ең алдымен тіл білу керек. Әрине ана тіліңді құрметтеу қажет, бірақ тіл ең алдымен білім алу үшін маңызды екенін түсінген дұрыс. Қазіргі заманда ғылым тілі ағылшын екенін білесіздер. Сондықтан жаңа технология туралы ақпарат ғаламторға ағылшынша шығады. Кейін барып орыс тіліне, содан соң қазақ тіліне аударылады. Бірақ аударманы күтіп жүргенде адамның қанша уақыты зая кетуі мүмкін. Бұл программист үшін ұзақ уақыт. Өйткені әр жарты жыл сайын технологияға жаңарту жасалады. Жаңалықтарға ілесу үшін қадамды ағылшын тілінен бастаған дұрыс.

 ‒ GDE, Kotlin терминдері жайлы ғаламтордан да көп ақпарат табуға болады. Бірақ кәсіби маман ретінде өзіңіз бұл тақырыпты жүйелеп түсіндіріп беріңізші. GDE болу үшін не істеу керек? Kotlin-нің жаңа мүмкіндіктері қандай?

‒ Google ‒ үлкен компания, осында шығарылған трендтер бойынша адамдар жұмыс істейді. Google өзінің технологияларын адамдар көбірек пайдаланса деген мақсатты көздейді. Сол үшін әр түрлі елде өзінің әлеуметтік ұйымдарын орналастырған. Мысалы, біздің елде мұндай орталықтар Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Ол жердегі адамдар компанияда жұмыс істемейді және мұнда үнемі белсенді бағдарламашылар жиналады. Компания оларды қаржыландырады және жылына екі-үш рет орталықта конференция өткізеді. Конференцияда компания технологияларын қолданған адамдар өз тәжірибесімен бөліседі. Сондай тәжірибелі адамдарға Google Developer Expert атағы беріледі. Оны алу оңай емес, ол үшін қандай мәтін, бейнежазба дайындағаныңызды дәлелдеу қажет. Бұл атақты алудың бір артықшылығы, сіз GDE болсаңыз, компания сізге көп қолдау көрсетеді. Осы жылы мамыр айында мен Kotlin арқылы GDE болдым. Мен Қазақстаннан GDE болып көп адамның шыққанын қалаймын. Ол үшін тек мәтін жазсаңыз, тіпті мәтінді қазақ тілінде дайындауға да болады. Өзім GDE болғысы келетін қазақ жастарына ментор болуға дайынмын. Маған әлеуметтік желіде хабар берсе, толығырақ түсіндіріп беремін. Ал Kotlin ‒ жаңа бағдарламалау тілі. Қазір Java жүйесі Kotlin-ге ауыстырылуда. Өйткені Java-да көп нәрсе ескірген. Бірақ екі бағдарламаны «мынау жақсы, мынау жаман» деп салыстыруға болмайды. Әр бағдарламалау тілінің өз схемасы бар.

‒ Қазір Сингапурда тұрасыз, бұл қала сізге қандай мүмкіндіктер ұсынуда? Неге осы қаланы таңдадыңыз дегенім ғой. Алғаш өзге мемлекетке барған сәтіңізді еске түсірейікші, жаңа ортаға қалай үйреністіңіз? Ол жақта достарыңыз көп пе? Қызықты оқиғалармен бөлісе отырсаңыз…

‒ Себебі Сингапур Азиядағы ІТ орталығы  деп айтсақ болады. Барлық үлкен компаниялардың (Apple, Google, Fаcеbook) кеңсесі осында орналасқан. Сосын компанияның тәртібі қатты ұнады. Өйткені Сингапур әлемдегі қауіпсіз елдің бірі. Оны қалаға келгенде түсінесіз, мұнда ешкім қоқыс тастамайды, адамдар кезекте тұрғанда бір-біріне еш кедергі келтірмейді. Жұмыс ритмі де ұнады, мұнда ІТ стартаптар тез ашылады.

Шет елден алғаш рет Малайзияға бардым. Осында оқуға түскен соң көшіп баруым қажет болды. Әрине бастапқыда үйренісу қиын болды, бір-екі ай үйге қайтқым келіп, көңілсізденіп жүрдім. Бірақ сабыр сақтап, «ел көруім керек, оқуымды аяқтауым керек» деп жұмыс іздей бастадым. Осылайша тіл үйрендім. Малайзия мен Сингапур – көрші мемлекет. Ол жердегі достарымның көбі Еуропаға көшті. Менде «неге жалақысы жоғары елге көшпеске?» деп Сингапурға қоныс аудардым.

Қызық оқиға деуге келмейтін шығар, бірақ біз қазы асып, манты түйетін кезде жақын достармен таңертеңнен кешке дейін бір жерге жиналамыз. Бәрімізде қазы болса, алдын ала жоспар құрып, «мына қазыны Жаңа жылда жейміз», «мына қазыны Наурызда жейміз» деп бөлеміз. Өйткені қазы асу үлкен жиын ғой…

‒ Алғаш сіздің есіміңізді естігенде ерекше әсерде болғаным рас. Қазір жиі кездесе бермейтіндіктен болар, нағыз қазақтың қызын елестеттім. Есіміңіздің тарихына да тоқталып өтіңізші. Жалпы сіздің шетелде қызмет етуіңізге отбасыңыздың көзқарасы қандай? Әдетте қазақ отбасы қыз баланың сыртта жүргеніне қарсылық танытып жатады ғой…

 ‒ Менің әжем қырық жыл бойы қазақ тілінің мұғалімі болып қызмет етті. Сол кісінің Қырмызы деген құрбысы болған. Әжемнің айтуынша,  жақсы адам болған деседі. Сол кісіге ұқсасын деген ниетпен атымды Қырмызы атапты. Өзімнің есімім өзіме де қатты ұнайды. Бірақ ағылшын тілінде адамдар айтуға қиналады. Алайда мен дұрыстап айтыңыз деп ескертемін, солай шетелдіктер де қатесіз айтуға үйренді.

Бұл жақта жолдасыммен бірге тұрамын, екеуміз бірге жұмыс істейміз. Үйдегілер «жассыңдар, жұмыс істей беріңдер» деп қолдайды. Бізді әрине қатты сағынады. Бірақ XVII  ғасырда музыканттар Австрияға барды. Өйткені Австрия музыканттардың қаласы еді. Оған дейін өнер адамдары Флоренцияға баратын. Қазір ІТ мамандар Сан-Францискоға, ал оған бара алмайтындар Азияға барады. Ол дегеніңіз Сингапур ғой… (күліп)

‒ Елді сағынасыз ба, Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба? Алдағы уақытта елге қайта оралу ойыңызда бар ма? Елге келген жағдайда қандай жаңа бастамаларды қолға алар едіңіз?

‒ Иә, мен Қазақстанға жылына бір-екі рет келіп тұратынмын, бірақ коронавирус басталғалы бармағаныма екі жыл болды. Елді қатты сағынамын. Дәл қазір елге қайтамын деген ойым жоқ, өйткені мұнда үйренетін тақырып өте көп. Елге оралған жағдайда ең бірінші ағылшын тілін үйрететін орта болса, бағдарламалауды қалай бастау керегін ойланып жүрмін. Одан бөлек Котлин жайлы курс жазғым келіп жүр. Оның үлкен жұмыс екенін енді түсіндім. Шынымды айтсам, ІТ саласы бойынша ел арасында ешкіммен байланысым жоқ. Көбіне фейсбук парақшадан, сайттардан ел жаңалықтарын оқып отырамын.

  ‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен:

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!