Музыка сабағы – жай ғана ән айтып, нота үйренумен шектелмейтін ерекше әлем. Бұл – баланың жан дүниесін тәрбиелейтін, талғамын қалыптастыратын, өнер арқылы өмірді тануға жетелейтін кеңістік. Әсіресе қазіргі технология дәуірінде оқушының назарын өнерге бұрып, ұлттық құндылыққа қызықтыру – үлкен ізденіс пен табандылықты талап етеді.

Осындай жауапкершілікті арқалап жүрген ұстаздардың бірі – №257 мектептің музыка пәні мұғалімі Аида Молдабек. Өнер мен ұстаздықты қатар алып жүрген кейіпкерімізбен сұхбаттасып, шығармашылыққа баулудың маңызы, жас таланттарды тану және бүгінгі оқушының музыкалық талғамы туралы азды-көп әңгімелестік.

− Аида, өнер − тәрбиенің тілі. Ал сіздің өнерге деген қызығушылығыңыз қай кезде басталды? Жалпы, ұстаздық пен өнер жолына қалай келдіңіз?

− Өнерге деген қызығушылығым бала кезден бар еді. Музыка мен ән айтуға деген сүйіспеншілігім мені осы мамандықты таңдауға жетеледі. Кейін арнайы білім алып, өз тәжірибемді жас ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат еттім. Ұстаздық жолды үлкен жауапкершілік пен шабыт сыйлайтын қасиетті мамандық деп білемін.

− Баланың назарын өнерге аудару оңай емес. Оқушының музыкаға деген қызығушылығын арттыру үшін сабақта қандай әдіс-тәсілді көбірек қолданасыз?

− Сабақ барысын барынша бір сарынды өткізбеуге тырысамын. Сол үшін түрлі заманауи әдістерді қолданамын. Мысалы бірде музыкалық ойын ойнатып, шығармашылық тапсырмалар берсем, кейде әннің тарихын таныстырамын, бейнежазбалар көрсетіп, топтық жұмыс та жасаймыз. Сонымен қатар әр баланың қызығушылығына сай бағыт беруге көңіл бөлемін.

− Көбіне «әншілік туа бітетін қасиет» деген пікір айтылады. Қалай ойлайсыз, әр балада музыкалық қабілет бола ма, әлде оны арнайы дамыту қажет пе?

− Әр баланың бойында белгілі бір деңгейде музыкалық қабілет болады деп ойлаймын. Тек оны дер кезінде байқап, дұрыс бағытта дамыту қажет. Тұрақты жаттығу, дауыс қою, есту қабілетін дамыту және сахналық тәжірибе арқылы баланың өнерге деген қабілетін шыңдауға болады.

− Дарындыны дөп тану да әркімнің қолынан келе бермейді. Шәкірттің бойындағы ұшқынды қалай байқайсыз?

− Ең алдымен баланың музыкаға деген қызығушылығына, ырғақты сезінуіне, дауыс ерекшелігіне, есте сақтау қабілетіне және сахнада өзін еркін ұстауына назар аударамын. Сонымен қатар еңбекқорлық пен ізденімпаздық та талантты шыңдайтын маңызды қасиеттердің бірі.

− Музыка мен шығармашылық баланың мінезіне, дүниетанымына, тұлға ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді?

− Иә, шығармашылық баланың жан-жақты дамуына үлкен ықпал етеді. Өнер арқылы бала өз ойын еркін жеткізуге, сезімін түсінуге, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және өзіндік көзқарасын дамытуға үйренеді. Яғни өнер арқылы бала өзін таниды.

− Талғам жайында сөз қозғасақ, бүгінгі оқушыға музыканың қай бағыты қызық?

− Қазіргі оқушылар заманауи эстрадалық әндерге, ұлттық нақыштағы заманауи шығармаларға, сондай-ақ әлемдік музыка бағыттарына қызығушылық танытады. Соның ішінде домбырамен орындалатын жаңа форматтағы әндер мен патриоттық бағыттағы шығармаларға да қызығатын оқушылардың саны артып келеді.

− Оқушыны көпшілік алдында еркін өнер көрсетуге қалай дайындайсыз? Қайткенмен де бала түгілі, өзіміз де үлкен сахнадан жүрексінеміз ғой.

− Ең алдымен оқушының өзіне деген сенімін қалыптастыруға мән беремін. Сахнада өзін ұстау әдебі, көрерменмен байланыс орнату, дауыс ырғағы, мимика және қимыл-қозғалыс мәдениеті бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргіземін. Жиі дайындық пен шағын ортада өнер көрсету тәжірибесі де үлкен көмек береді.

Әрі әр қатысқан байқауы мен концерт те оқушының тәжірибесін арттырып, жауапкершілігін, төзімділігін және өзіне деген сенімін күшейтеді. Сонымен қатар өзге талантты балалармен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бұл – шығармашылық өсуге үлкен серпін.

Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Олардың биіктен көрінуі, жетістікке жетуі мен үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Осындай сәттер ұстаздық жолдың мәнін терең сезіндіреді және алдағы жұмысқа шабыт береді.

− Сұхбат соңында алға қойған жоспарыңыз жайлы айтсаңыз.

− Алдағы уақытта жас таланттарды қолдауға бағытталған шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмын. Оқушылардың өнерге қызығушылығын арттыратын үйірмелер, концерттік бағдарламалар, байқаулар ұйымдастырып, ұлттық өнерді насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарғым келеді.

− Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!