Мұсылман қауымы үшін ерекше қасиетке ие он екі айдың сұлтаны – рамазан айы басталды. Жаратқанның шапағаты төгіліп, мейірі артатын, қылған қайырым мен жасаған игі қадам еселенер кезең ораза ұстау амалына ұласары белгілі. Қаншама мұсылман пітір-садақа таратып, жаман қасиет, жат мінезді тыюға тырысады. Сондықтан ораза жан мен тәннің тазаруы, жақсылық жаршысы деп қабылданатыны шындық. Алайда рамазан айы басталар тұста ораза ұстаудағы ерекшеліктер туралы сұрақ көбейетіні айтпаса да түсінікті. Қай амалдың үкімі қандай екенін білмей, ойдың сан-саққа кететіні де анық. Осы орайда Қызылорда қаласындағы Ыбрайым молда мешітінің бас имамы Талғат Нұрманмен әңгімелесіп, көптің көкейіндегі сауалдарды қоюдың сәті түсті.

Талғат Нұрманұлы, алдымен рамазан айының мазмұнына тоқталасақ. Бүгінде «Ораза ұстаудың негізгі концепциясы – тек ашығу» деп түсінетіндер аз емес. Оразаның көрінісі қандай? Нәпсіні тежеу, рухани тазару қасиетті айдың ұстынына жата ма?

– Ораза ұстау – жаратқанның бұйрығы. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінде: «Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді. Кімде-кім Рамазан айна аман-есен жетсе, ауыз бекітсін», – деп әмір етті. Сондықтан қасиетті айда ораза ұстау парыз болып есептеледі. Бұл айда ізгілікке, жомарттыққа, мейірімділікке ұмтылған жөн. Оразаның нәпсіні тәрбиелеу, көркем мінезді, кешірім қасиетін оятуға көмегі болмаса, тек ашығудан пайда аз. Осы орайда оразаны қаза қылмау, шынайы беріле иман етудің көмегі зор. Сонда ғана бар мән-мазмұнды толық түйсіне аламыз. Естен шығармау қажет, ораза – Жаратушымен арадағы қарым-қатынас.

– Оразаны белігіленген күннен кешігіп ұстауға бола ма? Денсаулық жағдайы мен өзге де себептің қай түрі мұндай қадамға рұқсат береді?

Әрине. Егер адам сапарда жүрсе, денсаулығында кінәрат болса, үзірлі кісі санатына кірсе, оразаны кешіктіріп ұстауына рұқсат етілген. Алайда сапардан оралған соң, ем-дом алып болғаннан кейін ораза ұстауды бастайды. Ал қаза болған күндерді Рамазан айы біткесін ұстауына мүмкіндік бар.

– Өткен жылғы оразадан қарызы бар азаматтар оразаға дейін қарыз ораза күнін өтеп үлгермесе не істеу қажет?

– Қандай қарыз бомасын өтелуі қажет. Оның ішінде оразадағы қарыз күндер маңыз беретін мәселеге жатады. Егер адам өткен жылы ұстаған оразадан қалған күндерді өтеп үлгермесе, әлі де жол ашық. Ол үшін биылғы жылдың оразасы біткен соң: «өткен жылдың оразасын өтеуге ниет еттім», – деп қарыз күндерді өтесе болады. Тағы бір жолы – кәффарат. Оразадан қалған күндер үшін кәффарат төлеуі керек. Яғни, қаза болған әр күн үшін бір міскінді тамақтандыру қажет. Он күн қаза болса, он күн міскінді тамақтандырады. Міскін – қарны аш, мұқтаж жан.

– Қай амал оразаны «бұзады», «бұзбайды» деген сауал көптеген ораза ұстауға ниетті жанды мазалары белгілі. Бұрын сан мәрте айтылып жүргенмен, мысал үшін бірнеше жағдайды қарастыра кетсек. Ораза кезінде көзге дәрі тамызу, тіс емдету, ем-дом жасау оразаны бұза ма?

– Алдымен оразаны бұзатын амалдарға тоқталайық. Әдейілеп ішіп-жеу,  қатты айқау-уш шығару, сабырсыздықпен балағат сөз айту оразаны бұзады. Сондықтан оразаға мән беріп, оның толық сақталуын, бұзылмауын қадағалаған абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Біреу сізге ұрысатын болса, онда сіз оған «ауызым берік оразамын» деп айтыңыз», – деген. Осыдан ақ оразаның бейнесі сабырлықтан тұратынын аңғару қиын емес.

Сонымен қатар жамбасқа, тіске укол салдыру туралы сауал көп келеді. Орайы келгенде айта жауап бере кетейін. Тісті жұлу, укол салдыру оразаны бұзбайды. Тек есінен танып қалмау керек. Алайда, ораза жеңіл өтуі үшін күш беретін, энергетикалық витаминдерді пайдалану ораданы бұзатынын ұмытпайық.

Сапардағы ораза ұстаған адам ораза ұстауды уақытша тоқтатса бола ма?

– Сапардағы адамға ауыз ашуға рұқсат етіледі. Алайда көп дүниені қаперде ұстаған жақсы. Алдымен ораза айында сапарға шығар алдында əдеттегідей ауыз бекіткен жөн. Себебі жоспарланған сапар кейінге қалып немесе жүзеге аспай қалса, ораза қаза болмайды. Оған қоса ескі кезеңдегідей күн ыстықта ат, түйемен ұзақ сапарға шығу келмеске кетті. Бүгінде технология дамыған заман. Жолаушыға үйдегідей жағдай жасалған тасымал түрлері жетерлік. Пойыз бен көлікте желдеткіш пен салқын орын табылады. Жатып демалатын арнайы орында да бар. Сондықтан мүмкіндігінше сапарда ауызды ашпауға тырысыңыз. Ал қиналып жатсаңыз оразаны бұзуға діннімізде рұқсат берілген. Оразаның әр күні сансыз сауапқа толы екенін ескерсек, олардан айырылып қалмау басты мақсатқа айналғаны дұрыс.

Белгілі себеппен ораза ұстай алмаған адам қасиетті айдың сауабынан құр қалмау үшін не істегені абзал?

Орынды сауал. Белгілі себеппен ораза ұстай алмаған адам підия (фидия) садақасын төлегені абзал болады. Пітия садақасы үзірлі жағдаймен, ауруының жазылмайтындығы және өте қартайған себепті ораза ұстай алмаған адам беретін садақа. Аталған садақаны төлеу үшін 30 күнде 30 міскінді тамақтандыру қажет. Пітия садақасының құны әр аймақ экономикалық жағдайына байланысты есептеледі.

– Биылғы пітір садақа көлемі қанша? Жалпы пітір садақа мөлшері қалай белгіленеді?

Биыл пітір садақаның мөлшері 500 теңге. Жан басына берілетін Пітір садақаның мөлшері 2 кг жуық бидайдың құнымен есептеледі. Рамазан айына аман-есен жеткенімізге шүкір етіп, Алла разылығы үшін берілетін садақа әрбір мұсылманға парыз. Ал аталған садақаны мүлде беруге шамасы келмейтін адамдар үшін өзге адамдар олардың атынан берсе болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ