Бүгінде қоғамда құқық қорғау органдарына айтылып жүрген сын аз емес. Әсте, қызметте күн мен түнді бөліп жармай, кірпік қақпай еңбек етіп жүрген азаматтар бұл ретте сынға түсіністікпен қарап, «Сын түзелмей, мін түзелмейтінін» айтады. Біз осы ретте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсұдхан Аблазимовпен сұқбаттасқан едік.

Махсұдхан Нұғманұлы, құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде, тағы басқа қоғамдық пікір алаңдарында сынға ұшырап жатады. Жалпы, саладағы жұмыс деңгейі қаншалықты қазір? Қазақ полициясы қылмыскерлерден қаншалықты қорғайды?
– Мен бұл сұраққа бір-ақ сөзбен жауап бере аламын. Сын айтылған жерде нәтиже бар. Қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту, олардың алдын алу – бүгінгі қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл мақсатта өңірдің тәртіп сақшылары атқарған жұмыстар нәтижелі. Қалың көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің жұмысына сын көп айтылғанымен, олардың кірпік қақпай күні-түні атқаратын қызметтерінің нәтижелі көрсеткіштерін де атап өткен дұрыс болар. Біз үшін негізгі міндет – қылмыстың алдын алу, оның себептері мен жағдайларын анықтау және осыған сай шараларды жүзеге асыру. Бұл мақсаттағы жұмыстар қазір нақты нәтиже бере бастады. Оған дәлел өңірде қылмыс айтарлықтай азайды. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы – қауіпсіз өңірлердің бірі. Қылмыстық ахуал тұрақты. Нәтижелі және қарқынды жұмыстың нәтижесінде қылмыстар 4 процентке азайды. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 19%-ке, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар 16%-ке, жалпы ұрлық 16%-ке төмендесе, «малым – арымның, арым – жанымның садағасы» деген шаруалардың несібесін тонап, малын ұрлайтындардың әрекеті 49 процентке азайды. Қоғамдық орындарда, көшеде, мас күйінде жасалған қылмыс та азайды. Ауыр және аса ауыр, пәтер, мал ұрлығының ашылу көрсеткіші жақсарды. Иә, әрине, сын орынды айтылса, қабылдаймыз. Бірақ мына сандық деректер – біздің қызметкерлердің мүлтіксіз қызметінің бұлтартпас дәлелі. Фактіден асып кете алмайсың.
Елді елең қылып отырған есірткі қылмысы бұрын тіпті жоқтың қасы еді. Қай жылдары тіпті қарапайым ауылда да қылаң берді бұл қылмыс. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Дұрыс айтасыз, ескірткімен күрес – біздің маңызды бағыттарымыздың бірі. Қазақстан Республикасы ІІМ Кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі есірткі тасымалының жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл бағытта департамент қызметкерлері пәрменді жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері аймақта 241 есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан 2 тонна 304 келі есірткі заты тәркіленді. Қызметкерлеріміз 2 «фитозертхана» анықтады. Әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 70 сайт енгізіліп, 42 сайты бұғатталса, 28-і тексерілуде. 1 маусым-31 қазан аралығында республикалық «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 163 құқық бұзушылық анықталды, оның 10-ы – сату, 16-сы – аса ірі мөлшерде сақтау, 1-і – жарнамалау, 62-сі – өсіру дерегі. Есірткі өсірумен айналысқан 61 тұлға құрықталса, 24-і қамаққа алынды. 17 мың 828 түп қара сора өсімдігі жойылды. Есірткіні аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 3 дерегі анықталып, 63 келі «марихуана» тәркіленді. Әрине, бұл ретте азаматтарға есірткі қолдану, осы бағыттағы қылмысқа бару – өз болашағыңның тамырына балта шабу екенін ескертеміз. Өзінің адасқанымен қоймай, жұртты адастырады, елдің санасын улайды. Әрбір азаматқа қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының аманат етіп айтқан бес асыл ісін бойына сіңіріп, бес дұшпаннан қашық болуға кеңес беремін.

Жасыратыны жоқ, көлік көбейді. Қалада қозғалыс көп. Осы ретте жолда жүру ережесіне қатысты деректер не дейді? Өсті ме, азайды ма?
– Жол қауіпсіздігін бақылау мен көше-жол желісіне тексеру жүргізу, жол-пайдалану қызметін жақсарту мен инфрақұрылымына жауапты мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жандандыру, бейнебақылау жүйесін кеңейту, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйесін белсенді қолдану мәселелері қатаң қадағалануда. Есептік мерзімде жүргізушілердің ережені сақтамауы нәтижесінде жол-көлік оқиғасы, одан жарақат алғандар саны өскен. Жолда жүру ережесін бұзудың 171 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 95 мыңнан астамы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар деп танылды. Дәлірек айтсақ, масаң күйде көлік басқару – 717, қарсы бағытқа шығу – 201, жылдамдық асыру – 78 841, ұялы телефон қолдану – 2208, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 2 411 дерегі анықталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті талдаумен осал жерлер нарядпен тығыздалды. Тұрақты түрде «Қауіпсіз жол», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілуде. Мобильді кешендер елді-мекендерге патрульдеуге жұмылдырылуда.
Көбіне мына жол белгілеріне байланысты коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне сұрау салып жатамыз. Кейбірі талдан көрінбей қалады, кейбірі қисайып, құлап жатады. Кейбір жолдардың апандай ойығы көліктің қарсы бетке шығып кетуіне себеп. Мұндай бағытта тиісті бөлімдерге хабарлассақ, оның барлығын құзырлы орындардың берген бағытымен жөнделетінін айтады. Бұған не дейсіз?
– Иә, бұл бағытта қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Біздің елде адам капиталы басты байлық болса, сол байлығымыздың аман-есен болуына еңбек етеміз. Сіз айтқандай нашар жолдар да бар, жол белгілерінің кем-кетігі де жоқ емес. Осы ретте аппараттық кешендер мен зияткерлік қиылыстар «МегаКамҚорғау» мобильді бағдарламасына қосылып, штаттық режимде жұмыс жасауда. Автожолдарды тексеру жұмыстары жүргізіліп, 1 572 ұйғарым шығарылды. Ал биылға арнап жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 35,8 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 585 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар алда да жалғасын табады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық деп жатамыз ғой. Бұрын осы бір ұғым «бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қала беретін. Қазірде отбасылық мәселелер мінберге шығып кетті.
– Оныңыз рас. Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдады. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын атап өтіп, алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер енді. Алдын алу бағытында қорғау нұсқама шығару, ерекше талап белгілеу жұмыстары жақсарғанмен, отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстар 50 процентке артқан. Аталған қылмыстардың қатысушылары (күдіктілер мен жәбірленушілер) бұрын полицияға жүгінбеген және ІІО-да есепте тұрмаған тұлғалар. Қылмысты болдырмау бағытында ӘҚБтК-нің 73-бабымен жауапкершілікке тартылған барлық тұлғалармен және отбасы-тұрмыстық қатынаспен шағымданғандармен профилактикалық шаралар жүргізілуде. Бала – ел болашағы. Ендеше сол балалардың жақсы тәлім-тәрбие алып, ел тәуелсіздігінің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек ететін азамат болып жетілуі үшін бәріміз де бір кісідей атсалысу қажет. Кешегі бірлік пен ауызбіршілікті ту етіп, бір отбасынан асып, бүкіл елге ақыл айтып, араздасқандарды бітістіріп, айырылысайын деп жатқан отбасылардың басын қосып жүретін ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды әкелеріміздің сара жолы қайда қалды? Баланың көзінше бір-біріне дауыс көтермеуші еді тәрбие теріс болады деп. Қазір ұрысу былай тұрсын, ұруды қойдыра алмай келеміз. Бір тентекті ел ішінде тезге салатын бұрын. Қазір оны заңға тапсырамыз. Ешкім жазасыз қалмайды.
Сөзіңіздің жаны бар. Қазір бала тәрбиесін қоғамға ысырып тастайтын ата-аналар көбейгені рас. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» дейтін қазақ қайда? Елдің келешегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Бірақ соны кейде түсінбей жатамыз…
– Сөзіңізбен толықтай келісемін. Бүгінде балаларының немен айналысып жатқанына мән бермей, жұмысбасты болып жүрген ата-аналар да бар. Осы олқылықты жоюға атсалысу керек. Кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне көңіл бөлмеу – олардың тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жасөспірімдер тәрбиесіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес тиімділігін арттырудың түрлі шараларын жүзеге асырып келеді. Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу мақсатында «Жасөспірім – көше», «Заң – бала – қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі қала», «Жасөспірім» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Мәселен, 6619 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 5255 кәмелетке толмаған тұлғаның заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 117 кәсіпкер, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқаны үшін 10 сатушы анықталды. Полиция есебіне 108 жасөспірім, 111 қолайсыз отбасы алынды.
– Шетел азаматтарына байланысты тек құрылыс жұмыстары кезеңінде ғана емес, барлық уақытта тексеру жүргізілетін шығар… Әйтпесе, босаңситын сәтті аңдып, табысын арттыруға кірісетіндер жетіп артылады.
– Тәртіп – қай кезде де, қай жерде де тәртіп. Облыс аумағында 19 035 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. Тарқатып айтсақ, оның 18 660-ы – ТМД елдерінен, ал 375-і – алыс шетелден келгендер. 1 599 көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталып, 82 шетелдік елден шығарылды. Көші-қон саласындағы заңнамасын қайталап бұзуды болдырмау мақсатында күн сайын ҰҚК, прокуратурамен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
«Жұмыстың жеңілі жоқ» дейміз ғой. Бірақ қазір бұрынғыдай арқаны кеңге салып, қоқысты кез келген жерге лақтырып, білгенін істейтін уақыт емес. Өйткені, қаланың түкпір-түкпірін кішкентай экран арқылы көріп отырмыз, заң бұзушылықты хабарлағанда дереу барып, тәртіп бұзушының «желкесінен бүріп» алып жүрміз. Жұмыстың автоматтандырылуы туралы осылай айта аламыз ба?
– Әрине, бүгінгі таңда ішкі істер органдары ауқымды және сапалы өзгерістер енгізді. Жұмыс процестерін цифрландыру және оңтайландыру шаралары қабылданып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, полиция қызметінің халыққа ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында полиция бөліністерінде жаппай бейнебақылау 100 % іске қо­сылды. «Элек­трондық қылмыстық іс жүйесі» аясында жеке құрам 100 процент қамтылып, қазір қыл­мыс­тық істер электрондық форматта тергеліп жатыр. Бұл жүйе азамат­тарға тергеп-тексеру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйелеріне «Дабыл батырмалары» орнатылды. Олардан түскен сигнал дереу жедел басқару орталығына немесе полицияның жақын маңдағы кезекші бөліміне түседі. Мемлекет пен қоғам арасында ашық қарым-қатынас моделі құрылды. Мұның барлығы жұмысты жақсартпаса, әлсіретпейді.
Жоғарыда кері байланыс, мамандардың сапасы туралы айтып өттіңіз. Осыны толықтырып өте аласыз ба?
– Полиция қызметкері өзіне артылған сенімді ақтауда алдымен патриоттық сезімді, әділеттілікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етуі қажет. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі қызметкердің басты ұстанымы мен адастырмас темірқазығы – ар-ожданының алдында таза болу, қиындықтарға төзу. Міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. «Заң бәріне бірдей. Азаматтар заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. «Әділетті Қазақстан – Заң мен тәртіп үстемдік құратын ел», – деп Мемлекет басшысы атап көрсетті. Міне, осы тұрақтылық пен келісімді, бейбітшілікті, тұрғындарды қорғайтын, елдің тыныштығын сақтайтын – біз, құқық қорғаушылар. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау саласына аса маңызды міндеттер жүктейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын ойдағыдай жүзеге асыру бағытында халыққа сапалы қызмет етіп, жұртшылықтың мәселелерін терең зерделеп, оны түбегейлі шешу үшін жұмыс істеуіміз қажет. Біздің қазіргі мақсат-мүддеміз осы.
Әрине, әр саланың өз кем-кетіктері болатыны айқын. Әр ісімізге сыншы – халық. Халықтың бізге артқан сыны мен ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қандай да бір кемшіліктерді жоюға тырысып келеміз. Яғни, айтылар сынға да, ұсынылар ұсынысқа да ашықпыз. Қолжетімдіміз. Ынтымақтасып жұмыс жүргізуге де дайынбыз.
– Сұқбатыңызға рақмет. Еңбегіңізге жеміс тілейміз.

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!