Медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропатологы Қайырғали Көнеев Қазақстанда бүкіл халыққа жаппай вакцина салдырудың қажеті жоқ дейді. Өйткені дәрігердің айтуынша, жаз айларында індет өршіген уақытта көпшілік вируспен ауырғандықтан, қазақстандықтардың ковидке қарсы иммунитеті мен қанында антиденелер болуы мүмкін. Қайырғали Көнеев алдымен антиденелердің бар-жоғын тексеріп алып, антиденелер жоқ болса ғана вакцина салдырған дұрыс дейді.

– Қайырғали Ысмағұлұлы, елімізде ковидке жаппай вакцинациялау басталғаны белгілі.  Вакцина ең алдымен науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне салынып жатыр. Бірақ әзірге Ресейдің “Спутник V” вакцинасынан басқа таңдау жоқ. Қазақстан неліктен “Спутник V” вакцинасын таңдады?

Фото: Azattyq.org, Ринат Фазылбаев

– Ең алдымен Ресеймен Еуразия экономика одағына мүшеміз. Ресей осы одақ аумағына өз өнімін тарату үшін барын салатыны түсінікті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ресей вакцинасы енді сынақтан өте бастап, тіпті өз аумағында тіркемеген уақытта Мәскеуге ұшып барып, вакцинаны Қазақстанға тасымалдау туралы келісімшартқа қол қойды. Франция, тағы басқа елдер осы уақытта вакцинасын клиникалық сынақтан өткізіп жатты, қайсыбірі жаппай қолданысқа шықпай қалды. Ал біздікілер тап бір “Спутник V”  сынақтан сәтті өтетінін білетіндей ұшып барып, келісімге қол қойды. Ол уақытта тіпті Ресейдің аймақтары вакцинаны алдырамыз деген келісімге қол қоймаған еді. Қазақстанда Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен Ресей вакцинасын шығара бастады. Осылайша таңдау құқығымыз шектелді. Әрине, бұл дұрыс емес,  өйткені вакциналардың ішінен таңдау болуы керек. Ресей мен Қазақстан вакцинасы ғана емес, басқа елдердің де вакциналарын таңдай алатындай мүмкіндік болуы керек.

– Ресей вакцинасына сенім артуға бола ма? Pfizer, Moderna туралы шетелдің ғылыми журналдарында зерттеулер баршылық, вакцинаны шығарған компаниялар да ашық. Ал Ресей вакцинасы туралы олай деуге келмейді. (Халықаралық Lancet журналында “Спутник V” вакцинасының үшінші кезеңінен кейін тиімділігі 92 пайыз екенін жазды, сұхбат ол зерттеу шыққанға дейін алынды. Алайда Батыс елдеріндегі вакцинаның тиімділігі туралы ғылыми зерттеулер өзге беделді басылымдарда жарық көрген, вакцина шығарушы Батыс компаниялары да бұл мәліметті ашық ұсынады)

– Расында да, АҚШ вакцинасы туралы зерттеулер көп, жағымсыз әсері туралы ашық айтылаады. Ал Ресей вакцинасы туралы ондай зерттеулер жоқ (Халықаралық Lancet журналында “Спутник V” вакцинасының үшінші кезеңінен кейін тиімділігі 92 пайыз екенін жазды, сұхбат ол зерттеу шыққанға дейін алынды). Сынақ ашық жүргізілмеді. Сондықтан Ресей вакцинасына сенім аз. Оның үстіне Ресей вакцинасы әу бастан саясиландырылды.

– Ал Қазақстанның QazCovid вакцинасы ше? Оған сенуге бола ма?

– Қазақстанның адамдарға арналған вакцина шығаруда тәжірибесі жоқ. Сондықтан бүкіл технологиялық процесс дұрыс өтеді деп топшылау қиын. Бастапқы кезеңде қателер болуы мүмкін, тіпті сөзсіз болады да. Ресми органдар вакцина сынақтан өтті, өтіп жатыр, зерттеулер жасалды десе де, бұл мәліметке сену қиын.

– Pfizer, AstraZeneca, Moderna туралы зерттеулер ғылыми журналдарда жарияланды, Қазақстанның вакцинасы туралы ондай зерттеу көрмедім.

– Иә. Ресей вакцинасы туралы да солай деуге болады.Сынаққа әскери қызметкерлер қатысты дейді. Бірақ шын мәнінде, ол жабық ақпарат. Сынақты вакцинаны салу процесі кезінде жүргізеді.

– Сынақты бізге жүргізе ме сонда?

– Иә.

– Сіз ковидке қарсы вакцина салуды жақтайсыз ба?

– Ресей мен Еуропа елдерінің халқына жаппай вакцина салуы ақылға қонымды. Өйткені оларда коронавируспен ауыру көрсеткіші дәл Қазақстандағыдай жоғары болған жоқ. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда ковидпен ауырғандар көп емес, ПЦР нәтижесі теріс, коронавирусты пневмонияны қосқанда 237 мыңнан асады. Бірақ, шын мәнінде, ауырғандар одан әлдеқайда көп. Жазда індет өршіп, денсаулық сақтау жүйесіне қатты салмақ түсіп, дәрі-дәрмек, ауруханада орын жетпей қалды. “Сандж” қоры әлеуметтік зерттеу жүргізіп, қыркүйекте 3,5 миллион адам коронавируспен ауырып шыққанын анықтаған. Меніңше, бүгінгі күні халықтың 60 пайызынан астамы ковидпен ауырып шықты. Дәл осындай зерттеуді Бекшиндер де жүргізді. Олар Алматы зертханаларындағы 4 мың адамның анализін зерттеп, 55 пайызы вируспен ауырып шыққанын анықтады. Меніңше, ауырып шыққандар шын мәнінде одан көп.

Жаппай вакцинация не үшін керек? Ұжымдық иммунитет қалыптастырып, вирустың таралуын тежеу үшін. Бірақ біз вакцинасыз-ақ ұжымдық иммунитет қалыптасқанын көріп отырмыз. Өкініштісі, ұжымдық иммунитетті вакцинасыз қалыптастыру үшін төлеген құнымыз өте жоғары болды. Жазда ондаған мың адамнан айырылдық. Еуропа мен Ресейден айырмамыз, бізде көп адам ауырып шықты.

Сондықтан бізге жаппай вакцинация қажет емес.Тәуекел топтарындағы адамдарға вакцина салдыруға болады. Бірақ вакцина салдырмас бұрын антиденелер бар-жоғын тексеру керек. Егер адам бұған дейін вируспен ауырмаса, антиденелер жоқ болып шықса ғана вакцина салуға болар. Оның өзінде әсіресе жасы үлкен кісілерге вакцина салған дұрыс, өйткені олар тәуекел тобында. Бірақ Ресейдің “Спутник V” вакцинасын жасы 65-тен асқандарға салуға шектеу бар. Ал дәл осы жасы 65-тен асқандарда ковид ауыр өтеді. Неге жасы 65-тен асқандарға салуға кеңес бермейді дегенге келсек, ол топтағы адамдарға жағымсыз әсері көп шығар. Онда бұл вакцинацияның пайдасы не, ол жағы мүлде түсініксіз. Ең алдымен қарт адамдар, қант диабеті, гипертония, созылмалы өкпе ауруларына шалдыққан науқастар, медицина қызметкерлері, құқық қорау органдарының қызметкерлері мен қоғамдық көлік жүргізушілерін қорғап, вакцинациялау керек.

– Адам бұған дейін коронавируспен ауырып шықса, вакцина салдырмауы керек пе?

– Ондай адамға вакцина салдыру керек емес.

– Бірақ кімнің ауырып, кімнің ауырмағанын қазір тексеріп жатқан ешкім жоқ қой.

– Міндетті түрде антиденелердің бар-жоғын анықтайтын тест тапсырып тексеріп көру керек. Өйткені ауырып шықсаң вирус жұқтырмайсың, қайта ауырып қалған күннің өзінде ол жеңіл өтеді.

– Сіз вакцинаны жаппай салдыру қажет емес, өйткені ұжымдық иммунитет бар дедіңіз. Бірақ ауырып шыққан адамдардың қанындағы антиденелер бірте-бірте жоғалады ғой.

– Жоғалған күннің өзінде, ол гуморальді иммунитет. Вакцина сол гумманаральді иммунитетті қалыптастыруды көздейді. Бірақ ол тез, 3-4 айдың ішінде жоғалады. Егер вакцина ағзаға дәл вирус сияқты әсер ететін болса, онда антиденелер 3-4 айдың ішінде жоғалып кетуі мүмкін. Вакцина ағзаны кемі бір жыл қорғауы тиіс. Егер одан аз болса, ондай вакцинадан пайда жоқ. Ал антиденелер жоғалған кезде, ағзаны жасушылар иммунитеті қорғайды.  Сондықтан адам ковидті екінші рет жұқтырса, ауру жеңіл өтеді.

– Вакцина ұзақ уақыт қорғамаса, онда вирустан қалай сақтанған дұрыс?

– Жалғыз жолы – қайтадан вакцина салу.

– Вакцинация індеттен құтқармаса, оны жеңу үшін не істеу керек?

– Тұмау маусымы алдында тұмауға қарсы вакцина салады. Бірақ ол да тұмаудан 100 пайыз қорғамайды, адам ауырып қалуы мүмкін. Меніңше, ковидке қарсы вакцина да 100 пайыз қорғай алмайды. Ол вакцинаны тасымалдау, сақтау, оны салудан бастап вакцина салдыратын адамның денсаулығына дейінгі  көптеген факторға байланысты.

Сондықтан вакцина толық қорғай алмайтындықтан, санитарлық талаптарды сақтап, қолды жиі жуып,  әлеуметтік арақашықтықты сақтап,  маска тағып жүру керек.

Үкіметтің өзі  ковид науқастарына арналған ауруханалардағы төсек орындардың 28 пайызы, ал реанимациядағы орындар тек 20 пайызға толы дейді. Сондықтан, ауру көрсеткіші қатты өсіп жатпағандықтан, жаппай вакцинациялаудың қажеті жоқ. Егер індет өршісе, онда жаппай вакцинация керек. Оның өзінде індеттің тап жаздағыдай өршуі екіталай. Әзірге ауру көрсеткіші бір деңгейде. Халықтың бәрі ауырып біткенше ауру көрсеткішінің өсімі қалыпты деңгейде қала бермек.

– Вакцина толық құтқармайды, шектеу шараларын сақтай беру керек дедіңіз. Сонда бұл індетті қашан жеңеміз?

– Вирустың Қазақстанға келгеніне он ай болды. Тағы бір жыл, мүмкін, екі жыл өтер. Бүкіл халық ауырып шыққан соң ол маусымдық тұмау сияқты болып қалады. Вирус адамнан адамға жұққан сайын әлсірейді. Вирус көбейген сайын жұққыштығы да азаяды.

– Бірақ әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығып жатыр емес пе?

– Штамдар – бұл коронавирустың бір түрі ғана. Осы вирус тобына жатады. Барлық штамда  РНК бір. Мысалы, Бразилияда сол вирустың антиген құрамында бір ғана өзгешілік бар екенін анықтап, бразилиялық штамды бөліп шығарды. Егер Қазақстанда да вирусты осылай тексеріп, бөле алса, ковидтің қазақ штамы болар еді.

– Өзіңіз вакцина салдырасыз ба?

– Вакцина салдырмас бұрын антиденелердің бар-жоғына тексерілер едім. Өйткені вируспен симптомсыз ауырған болуым мүмкін. Егер антиденелер бар болса, салдырмаймын. Антиденелер бар болса, вирусқа қарсы иммунитетім де бар деген сөз. Вакцина не үшін керек? Иммунитетті жасанды жолмен қалыптаастару үшін. Бірақ антиденелер бар болса, вакцинаны қайтемін?! Онда вакцина қажет емес. Антиденелер жоқ болса, вакцина салдыратын шығармын. Бірақ Ресей немесе Қазақстанның вакцинасын салдырмаймын. Басқа вакцинаның келгенін күтер едім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Елнұр Бақытқызы

Malim.kz