Арман МҰРАТ, «Самғау» жастар сыйлығының иегері:

Жастардың тындырымды ісін бағалайтын «Самғау» сый­лығының биылғы форматы жыл­дағыдан өзгеше өтті. Ұйымдастырушылар таса­да қалған мамандық иелеріне басымдық беріп, үздіктерді анықтады. Соның бірі – аспазшы Арман Мұрат. Ол «Жас аспазшы» байқауында топ жарып, қала әкімінің «Самғау» сыйлығының же­ңімпазы атанды.

– Жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл сыйлық Арманға оңай жетпеген болар…
– Рақмет. Солай десек те болады. Өйткені мұндай маңызды сайысқа алғаш рет қатысуым. Шарт бойынша «Қыз жібек» мейрамханасында 10 үміткер 1 сағат ішінде қазылар алқасына дәмді тағам әзірлеу керек болды. Тағамға қажетті азық-түлікке шектеу жасалды. Сондықтан фантазияны барынша іске қостым. Уақыт тапшылығына байланысты салат әзірледім. Негізгі құрамына салат жапырағы мен тауық етін қосып, ұсындым. Қазылар жоғары бағалап, жеңімпаз атаныды.
Ерекше дүниеңізге қандай атау қойдыңыз?
– Байқауға байланысты ойдан шығарған соң атын қойып үлгермедім. Мүмкін жарыстың құрметіне орай «Самғау» деп қойған дұрыс шығар (күліп).
– Аспаз болуды армандайтын жігіттер некен саяқ. Аспазшы болу Арманның бала арманы ма?
– Негізі фотограф болуды армандағанмын. Ол ойым орындалды. «Социум Қызылорда» қорында бірнеше жыл фотограф қызметін атқардым. Дизайнға көңілім қатты ауатын. Әдемілікті, әсемдеуді жақсы көрдім. Негізі бұл қасиет атам Мұраттан дарыған. Ол кісінің негізгі мамандығы теміржолшы болса да бос уақытының көбін сурет салуға арнаған. Міне атамның кәсібін одан әрі жалғастырғым келді. Бірақ уақыт өте келе аспаздыққа бет бұрдым.
Фотографтан әп сәтте аспазға айналдыңыз. Ол сіздің қалауыңыз ба, әлде қаржы тапшылығынан пайда болған жұмыс па?
– Аспаз­дыққа келу кездейсоқ болды. Кәмелет жастан асқаннан кейін ата-анамызға салмақ салмай, өз керегімді өзім түгендеуді мақсат тұттым. Содан «Лофт» мейрамханасына даяшы қызметіне қабылданып, уақыт өте келе ас үйден бір ақ шықтым. Көңілім қалаған нәрсені орындамайынша жаным жай таппайды. Аспаздық – соның бір айғағы.
– Алғаш пісірген тағамыңыз қандай болды?
– Мектеп жасынан бері анам Гүлфайруз ас әзірлеуге бейімдеді. Үй жағдайында кез келген асты дайындауға машықтандым. Бірақ кәсіби маман ретінде фитучини пастасын әзірлегім келетін.
Жұмыста неден ләззат алып, қуаттанасыз?
– Әрине, барлық адам сияқты, жалақы алғаннан. Шынымды айтсам, өзімнің авторлық тамағымды біреулер мақтап, шын жүрекпен тілек айтса, соған қатты қуанамын. Сонымен қатар ата-анам менің әрбір жетістігіме марқайып отырады, мен үшін сол маңызды.
Ер адамның аспаз болғанына өзгелер қалай қарайды?
– Әйел адам – ас үйдің жүрегі. Ер адамдар үнемі тамақ пісіре бермейді, сол себепті бір рет пісірген кезде бар өнерін салады. Сондықтан ол дәмді шығады. Оның үстіне жігіттер тағамды махаббатпен істейді. Ал әйел адам үшін бұл күнделікті іс. Жалпы шетелде мейрамханадағы бас аспаздың көпшілігі – ер адам. Өйткені ас үйдің жұмысы ауыр, 10 сағаттан астам уақыт ыстық жерде жүресің. 20-30 адам әртүрлі тамаққа тапсырыс берген кезде, оларға 15 минутта дайындап беруің керек. Мұндай қиындықты тек ер адамдар ғана жақсы көтереді.

Ерасыл ШӘРІБЕК