Сырбойылық жастардың даму қарқыны қуантады. Дана бабалардың жолын жалғайтын, бәсекеге қабілетті және түрлі саланың алға басуына зор үлес қосуға дайын қызылордалық жастар көбейген. Жастар саясаты мен ақпарат саласында тәжірибесі бар, бүгінде республикалық телеарнада қызметте жүрген жастың бірі – Шернияз Жалғасбекұлы. Түрікменстаннан жақында оралған тілшімен әңгімелескен болатынбыз.

– Ашхабадта халықаралық форум өтті. Жиын туралы толық тарқатсаңыз…

– Иә, түркі халықтарының медиа менеджерлері Түрікменстан астанасында бас қосты. Өзге де шетелдік мамандар қатысты. Онда түбірі бір түркі елдерінің тереңнен тін тартқан тарихы мен мәдениетін, бағзыдан жалғасқан ата кәсібін, сенім мен нанымын, салт-дәстүрін жаһан жұртының жадында жаңғыртудың һәм насихаттаудың нақты тетіктері талқыланды. Айта кету керек, алда бауырлас мемлекеттер бірігіп ақпараттық агенттік ашуды қолға алуы мүмкін. Жиында осындай ұсыныс айтылды. Яғни, түбірлес тараптар телеарна, газет, интернет-сайттар ашуға ниетті.

Сондай-ақ ақпарат құралдарына ортақ тіл бекіту де айтылды. Бірақ, БАҚ қай ұлттың тілінде ақпарат тарататыны белгісіз. Мүмкін, түрік, мүмкін, қазақ, мүмкін, қырғыз. Болашақта бұл мәселелер осы секілді келелі кеңестерде қаралады. Әзірге бір белгілі дүние – көне түркі тілін жаңғыртып, қолданыс аясын кеңейту жұмыстары қарқын алады.

– Тікелей ақпарат тарату оңай жұмыс емес. Отандық және шетелдік медиадан қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Қиын деуге аса себеп жоқ, қызық болды дер едім. Мен үшін жаңа тәжірибе деуге болады. Ең басты ерекшелік – тіл мәселесі. Түркі халықтары дегенмен тілдеріміз әртүрлі. Тіпті кейбір бауырлас ұлттардың сөзін түсіну қиын. Сол себепті аударма жасау жағы кішкене уақытты талап етті, ал ақпарат таратудан қиындық болмады. Енді екі елдің медиа кеңістігін салыстыратын болсақ, ондағы БАҚ көбірек мемлекеттік идеологияны жүргізуге басымдық беретін секілді. Шектеу жоқ деп те айта алмаймыз. Ал бізде еркіндік бар.

– Түрікменстанның ақпараттық қорғанысы қандай? Сапар барысында қиындықтар болды ма?

– Түрікменстандық әріптестердің арқасында қиындық болмады. Керек спикер, керек ақпаратымызды алуға көмек көрсетті. Сұрағыңыздың төркінін түсіндім, алайда бір дүниеге ерекше тоқталғым келеді. Интернет-сайттарға жазылғандардың бәріне сене беруге болмайды. Біздің түрікмен халқы туралы оқып жүрген ақпарат бөлек, көрген Түрікменстан бөлек дер едім. Барынша ашықтық танытты.

– Елордаға жұмыс бабы бойынша ауысқаныңыздан хабардармыз. Жұмыс бойынша ұсыныс қай тараптан түсті?

– Жұмыс жұмысшыны іздемейді ғой. Ұсыныс та, ниет те өзімнен болды. Алғаш Астанаға арман қуып, тамызда барып келген болатынмын. Сәті тек желтоқсан айында түсті. Сол уақыттан бері бас қаладамыз.

– Сіз үшін баспа ісі мен тележурналистиканың айырмашылығы қандай? Баспасөздегі тәжірибеңіз тележурналистикаға бейімделуге әсерін тигізді ме?

– Журналистиканың әліппесін баспасөзде, әдебиетін тележурналистикада таныдым дегім келеді. Әлі де үйренетін тұстарымыз бар. Сондықтан көсіле сөйлеп, шешіле айта қоятындай ештеңе жоқ. Ұстаздарымыздан алған теорияны тәжірибе барысында қолданып жүрміз. Екі бағыттың өзіне тән ерекшелігі бар. Телеарна жеделдікті, қысқа сөйлегенді тәуір көреді. Ал баспасөзде кеңінен ақпарат таратуға мүмкіндік бар. Бас-аяғы осы. Ал, бейімделуге келсек, газетте жазған, сызғандарымыз әліге дейін азық болып келеді. Бір кеңес журналистикаға ниетті жан еңбек жолын басылымнан бастаса екен деймін.

– Республикалық телеарна тіршілігінде жүргеніңізге 4 ай болды. Қызықты немесе есте қалған оқиғамен бөліссеңіз.

– Сұхбат алуға барамыз ғой. Спикерің кәдуілгі Мақсат, Арман, Берік, Оспан деген кісілер. Атына қарап, «қазақ екен» деп барасың. Алайда алдыңнан шыққан адам, «Мен кишкене казакша билмейди дурыс» деп тұрады. Күлесің, қынжыласың…

– Тілшілік өмірге енді қадам басқан жас мамандарға қандай кеңес бересіз?

– Кейінгі буынға бірдеңе дей қоятындай тәжірибе жинай қойған жоқпыз. Сондықтан замандас, үзеңгілестерге деген жөн болар. Ең бастысы еңбек. Қаламының сиясы маңдай терімен бірге тамбаған журналистен жақсы маман шығады деу қиын. Екінші, ақпаратты саралай алу керек. Шындықтың бәрі осы екен деп, бұрқыратып жаза беруге, хайп қууға тағы болмайды. Сенің аузыңнан шыққан әр сөз тұтас қоғамның пікірін өзгертуі мүмкін. Сондықтан беретін ақпаратыңның дәл қазіргі уақыт үшін маңыздылығын ескеру керек. Бұқпантайлап қал демеймін, бірақ ұлттық құндылығыңа, мемлекеттік бағытыңа, халықтың бірлігіне кері әсер ететін ақпараттар шындық болса да журналистің ішінде өлгені дұрыс дер едім. Ақиқат пен шындықтың ара-жігін ажырата білу керек. Мәселен, тауар қымбат деп айқайлай бергенге қарағанда, оның не үшін қымбаттағанын түсіндіру абзалырақ. Арзандатудың шешімін қоса айта алсаң, тіпті жақсы.

– Сырбойылық медианың бүгінгі жағдайы туралы не айтасыз?

– Өңірдегі медианың бүгінін бағамдау үшін кешегісін көру керек. Біз бергі буын өкіліміз. Сондықтан ештеңе дей алмаймын. Салыстырмалы түрде айтуға болады. Қазіргі республика деңгейінде ақпарат алаңында нәтижелі жұмыс істеп жүрген мамандардың дені – қызылордалықтар. Оның ішінде жастардың қарқыны қатты. Сол себепті сырбойылық медианың өзіндік мектебі қалыптасқан деген болар едім. Басқа өңірден шыққан әріптестермен көп тілдесеміз. Олар өз облыстарында маман тапшылығы бар екенін айтады. Нарықта өзге аймақтың адамдары еңбек етіп жүр. Ал бізде ондай мәселе жоқ. Кадрдың барлығы өзімізден шығады. Ол – өңірдегі медиа саласының жолға қойылғандығы.

– Жұмыс бабындағы Шернияз бен кәдімгі Шернияздың айырмасы қандай?

– Айырмасы жоқ. Кең ауқымды сауалыңызға осылай қысқа жауап бергім келді.

– Бүгінде медиа әлемде подкаст бағыты қарқынды дамуда. Осы жанрда жоба жасау ойда бар ма?

– Әзірше тілшілік тіршілікте шыңдалғым келеді. Кейін ұсыныс, уақыт болып жатса неге көрмеске. Кішкене болсын халыққа айтар ойымыз бар болса, тек қонақ ретінде баруға болады.

– Оқырманға ұсынатын топ 3 кітап.

– Жалпы оқырманға Мұхтар Мағауиннің «Шаһан Шері», Төлен Әбдіковтің «Оң қол», Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» туындысын оқуға кеңес беремін. Оқу керек кітаптар көп. «Ұсын» дегеніңізде ойыма түскендер осы болды. Ал журналистер үшін Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов секілді өткен буын өкілдерінің журналистік жазбаларын оқыңыз дер едім. Қазіргі біздегі жетіспейтін дүние елжандылық. Ол тек азаматтық көзқарасымызда ғана емес, журналистік қолтаңбамызда да көріну керек.

– Болашақ туралы сөз қозғасақ, биылғы жоспарыңыз қандай? Ал 5 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

– Сыртта жүргеннен кейін бе, әлде шынында уақыты келді ма, әйтеуір отбасылы болу туралы көп ойланып жүрмін. Сондықтан бес жылдан кейін бірнеше балалы әке болғым келеді. Бұл адам ретінде арманым. Маман ретіндегі мақсаттарымды уақыт көрсетер, бірдеңе дей қою қиын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!